Алау – 30
Жадырап жаз келдi. Табиғаттың осы бiр мезгiлiн ең алдымен балалар асыға күтедi. Өйткенi бұл санасын сабақтан арылтып, алаңсыз балалық шақтың аралында сайрандайтын уақыт. Кекiлiн күнге сүйдiрiп, табанын құмға күйдiретiн ойын баласы үшін бұдан асқан қызықты шақ болмас.
Каспий теңізінің жағалауында, Ақтау қаласының оңтүстік бетінде 48 шақырым қашықтықта орналасқан "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің" қарамағындағы «Алау» балаларды сауықтыру орталығы биыл да балалаларға құшағын айқара ашты. Ашқанда да қызылды-жасылды салтанатпен ашылды. Себебі, биылғы маусым – тарихи маусым. Лагерьге 30 жыл толды.
«Алау» балаларды сауықтыру орталығы 1987 жылы 5-маусымда өзінің алғашқы тынығушыларын қабылдаған екен. Сол кездерде ауысымына жүздеген балғынды қабылдайтын лагердің ашылуы үлкен мерекеге ұласатынын көз көргендер аңыз қылып айтады. Алау балаларды сауықтыру орталығының құрылуына атсалыса отырып, іргетасын қалаған Бөлекбай Нахуов ағай сол кезеңді былайша еске алады:
«Мен 28 жыл бойы осы «Алауда» ыстық-суығына күйіп, еңбек демалысына шықтым. Лагердің құрылысына «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қарасты ПМК-3 мекемесі мен бос уақыттарын пайдалана отырып Қоғам қызметкерлері де атсалысты. Алғашқы жылдары өте қиын болды, асфальт болған жоқ, балалардың ыдыс-аяқ, төсек-орындары да жеткіліксіз болды, уақыттың талабына сай демалыс орнына айналдыру үшін талай өткелектерден өттік десе болады. Лагерьдің тәртіппен үздіксіз қызмет етуі үшін ол уақытта тәрбиешілерді Атыраудағы педколледжден әкеліп жұмыс жасаттық. Сондай тынымсыз еңбектің арқасында мұнайшылар балаларының жазғы демалысын өткізетін лайықты орынға айналды. «Алаудың» жаңаша тыныс алған шағы компанияға Алик Серікұлы Айдарбаев келген кез деп айта аламын. Лагерді қоршап, бассейн орнатып, балаларға барынша жағдай жасап берді. Өмірімнің біраз бөлігін осы салаға арнадым, сондықтан «Алау» маған өте ыстық!».
1987 жылдан бастап «Алау» балаларды сауықтыру лагеріндегі жаз мезгілі бірнеше мыңнан астам бүлдіршіндер үшін бақытты балалық шақ аралына айналды. Құрылған сәтінен бастап лагерь мұнайшылардың тұрақты қамқорлығында. Ол қамқорлық күні бүгінге дейін компания қызметкерлерінің, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына және балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тегін жолдама беру түрінде көрініс тауып келеді. Компанияның күш салуының арқасында жаңадан білім беру-тәрбиелеу бағдарламасы жасалып, қолданысқа енгізілді.
Жыл өткен сайын лагердің материалдық-техникалық базасын біртіндеп жақсарту және білім беру-тәрбиелеу бағдарламасын жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар қызу жүргізілуде. 2015 жылы жаңа инвесторлардың келуімен орталыққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, ғимараттар қайта жаңғыртылды, балалар мен ата-аналардың сұранысы бойынша бассейн салынды. Лагерь аумағы толықтай коршалып, ауыз суды сақтауға арналған резервуар ауыстырылды.
Маусымның 3-жұлдызында алаулықтар мерейтойлық 30-шы маусымын ашты. Лек-легімен қызылды-жасылды киінген балалар, театрландырылған қойылым, концерттік бағдарлама салтанаттың сәнін келтірді.
Маусымның ашылу жиынында сөз алған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары Жетібай Төлеғожаев балдырғандардың демалыс мезгілдерін еш алаңсыз өткізулеріне жағдай жасалғандығына тоқталды. Балаларға ыстық лебіздерін білдіріп, сәтті демалыс тіледі.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Айдынов:
- Биыл «Алау» балаларды сауықтыру орталығында маусым –тамыз айлары аралығында 15 күннен 260 бала 5 кезеңмен демалады деп күтілуде. Ата-аналарға, ұстаздарға, балаларға естен кетпес жазғы демалыс тілеймін. Балалардың демалысы жақсы өту үшін барымызды салып жатырмыз. Жазда денсаулықтарын көтеріп, келесі оқу жылына дұрыстап дайындалып барғанын тілеймін» - деді.
Балалардың жазғы демалысының қызықты өтетіні көрер көзге айқын. Балалар шығармашылығы орталығы үшін тігіліп тасталған қос киіз үй, бассейн, футбол алаңы балдырғандарға жаңа әсер сыйлары сөзсіз. Жаз бойы лагерде танымдық, ойын-сауық, спорттық шаралармен қатар Ақтау қаласына саяхат, қаладағы кинотеатрлар, әртүрлі аттракциондарға, бекіре фермасына, түйеқұс шаруашылығына, теңіз портына апару көзделген. Сондай-ақ, жаңадан ашылған фотостудия да балғындарға фотоөнердің қыр-сырын үйретпек. Тәжірибе көрсеткендей, жазғы лагерь – тек демалыс орны ғана емес, үлкен тәрбие мен үгіт-насихат құралы болып отыр. Туған жерінің тау-тасын, теңіз-көлін, жазық даласын көріп-білу және оның күллі сұлулығын сезіну әрбір баланың бойында туған табиғатын аялай сүю, қорғау сезімдерін оятып, ұлттық сананың қалыптасуына алғышарт болатыны сөзсіз.
Ұл-қыздарының қиялына ерік беріп, олардың жаңа қырынан танылуына септігін тигізетін осындай демалыс орнының барына ата-аналары да дән риза:
- Мен бүгін «Алау» лагеріне ұлдарым мен қыздарымды әкеліп отырмын. Ашылу салтанаты өте жоғары деңгейде өтті, балаларға ұнады. Балаларымыздың демалысының қызықты өтуіне осындай мүмкіндік беріп отырған компанияға алғыс айтамын»,- деді зор әсер құшағында тұрған Әлия Сабырбайқызы.
«Менің лагерге екінші рет келуім. Демалысым жақсы, көңілді өтеді деп сенемін. Бұл жер өте әдемі, маған ұнайды» - деп ағынан жарылған ақтаулық балдырған Жансая Орынбасарға жолдаманы мұнай саласында еңбек етіп жүрген әжесі сабағын үздік тәмәмдағаны үшін тарту еткен екен.
Айналып келгенде, балаға бүгінгі жасалатын қамқорлық елдің ертеңін ойлау мақсатынан туындайтыны түсінікті жайт. «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының өз қызметкерлері балаларының жазғы демалыстарын мазмұнды да тартымды өткізуі үшін аянып қалмайтыны әмбеге аян. Өйткені ол компанияның өзінің жұмысшылары алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі.
... Қаланы бетке алып жолға шықтық. Шағаласы шулаған, толқындары жағаға іркес-тіркес соққан кәрі Каспий жағалауын шаттыққа толтырған балдырғандардың асыр салған ерке қылығы мен күміс күлкісіне риза болған кейіпте толқып жатқандай әсерден көңілге шаттық жүгірді... |