Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
01.07.2017 ҚАЛАМГЕРГЕ ҚҰРМЕТ

    

 28 маусым – Байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлері күні

 Ұлт Көшбасшысының жарлығына сәйкес, 28 маусым – "Байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлері күні" болып бекітілді. Осы атаулы датаға орай, жыл сайын "Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамы Байланыс және ақпарат саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, адал қызметтері үшін алғыс айтуды дәстүрге айналдырған болатын.  30-маусым, акт залға жиналған компания қызметкерлері өңіріміздегі БАҚ басшылары мен қызметкерлерін тік тұрып қарсы алды. Құрмет көрсетті. Жылдағыдан да жылы қарсы алған кеш, ауқымды шара болды.

 «Журналистің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» дейді жазушы Шерхан Мұртаза. Халықтың тіршілігінен, әлеуметтік әл-ауқатынан, руханияты мен қоғам тынысынан хабар тарататын қалам иелерін кәсіби мерекесімен "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ Бас директоры Бақыт Алтайұлы, Бас директордың коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары Чэнь Цзунсян және "Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамы қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің" төрағасы Талғат Айдинов құттықтады.

– Құрметті байланыс және ақпарат саласының қызметкерлері! Сіздерді бүгінгі төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!  Қай кезеңде де елді қоғам тынысынан хабардар етіп, шынайы, нақты ақпараттарды жедел жеткізіп, кез-келген оқиғаға салиқалы да, салмақты талдау жасайтын журналистердің орны ерекше. Олардың мұнай-газ саласының дамуына өз үлестерін қосып, жағымды жаңалықты жария қылудағы еңбектері өлшеусіз.

Сондықтанда, Компания ұжымы мен Бұқаралық ақпарат құралдары арасында ұзақ жылдардан бері қалыптасқан тығыз қарым-қатынастың біз үшін маңызы зор. Сіздердің салмақты сөздеріңіз бен салиқалы пікірлеріңіздің арқасында компанияның бүгінге дейін жеткен жетістігі паш етіліп, ел дамуына үлес қосқан ардагер мұнайшылар өмірі мен өнегесі дәріптелді, бүгінде барлық облыс, республика тұрғындары мұнайшылар өміріндегі маңызды ақпараттармен хабардар болып отыр.

Атап айтар болсақ, жергілікті «Маңғыстау», «Огни Мангистау» газеттері мен «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы, республикалық «Хабар», «31», «Казахстанская правда», «Экономика», «Егемен Қазақстан»-да   2016 жылы 129 материал жарық көрсе,  2017 жылдың бірінші жартыжылдығында 70-ке жуық сюжеттер мен материалдар көзі қарақты көрерменге жол тартты. Сонымен қатар, өлкемізге танымал Ғалым Әріп, Сағындық Рзахметов, Маңдайлы Қосымбай, Рахат Қосбармақ, Наталья Бутырина, Аманбек Ахметов сынды мамандармен қатар, өте талантты журналистер өсіп келеді. Осы орайда Фарида Мұңалқызы, Нысаналы Ығыл, Айсара Айтманды ерекше атап өткім келеді.

Қазіргі таңда "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ демеушілігімен 1500 мұнайшы, 2000 бала Астанада өтіп жатқан халықаралық ЭКСПО көрмесін көруге мүмкіндік алды. Тарихи сәттің куәсі болған мұнайшылардың әсерін тартымды сюжеттеріңіз арқылы таң қалдырып келесіздер. Бұдан өзге, Маңғыстау мұнайының 55 жылдығы, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының 50 жылдығын мерекелеуде Сіздердің қосқан үлестеріңіз зор.  Сіздердің тынымсыз кәсіптеріңізге деген адалдықтың арқасында, Қоғам Басқармасының беделі мен абыройы айқындалып, Компанияның ақпараттық саясаты қалыптасты. Жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы болған ұшқыр қалам иелеріне компания ұжымы атынан алғыс айтамын, – деді салтанатты шарада сөз алған Б.Иманбаев. Бұған қоса, Басқарма басшылары жемісті еңбегі, жоғары кәсіби шеберлігі үшін отызға жуық журналистке Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

– Мереке қарсаңында еңбегімізді елеп, арнайы кездесу ұйымдастырған "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ басшыларына алғыс айтамын. Осы салада талай тар жол, тайғақ кешулерден өттік. Талай адамдармен дәмдес болдық, талай жандармен сапарлас болдық. Әсіресе, Қаламқас, Жетібай кенорындарына талай рет табан тиді. Ел қазынасына қара алтын құйған мұнайшылар өміріндегі барлық жаңалықтарды үнемі қадағалап отырамыз, – деді ардагер журналист Маңдайлы Қосымбай.

Шара барысында сан мыңдаған Маңғыстау ұрпақтарының тағдырын байланыстырған "Огни Мангистау" газетінің 50-жылдық тарихи датасымен құттықтаған Б.Иманбаев, "өлкеміздің тарихын танып, қаз басқан қадамынан хабардар болуға сеп болған, соның ішінде Маңғыстау мұнайының жылнамасын жазып, мұнайлы мекеннің әрбір кірпішін қаласып келген  басылымның Ақтаудай ару қалада өз қолтаңбасы бар. Өз үні бар. 50 жылда күллі түбектің көзі, құлағы, һәм тіліне айналдыңдар. Шығармашылық ұжым алда әлі талай белесті бағындыратынына сенемін, – деп ағынан жарылды. Басшылардың қолынан Арнайы марапат алған "Огни Мангистау" газетінің Бас редакторы Наталья Бутырина ұзақ жылдардан бері қалыптасқан әріптестік қатынасы үшін "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-на алғысын айтты. Ыстық ықылас, ақжарма тілек толастағаннан кейін, жас мамандар Кеңесінің өнерпаз жастары әсем әннен шашу шашып, бүгінгі мерекенің мәртебесін асырды.

ЖАННАТ КЕМАЛ


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту