Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
05.06.2017 БІРЛІГІ МЫҚТЫ ЖАСТАР, БОЛАШАҚҚА ЖОЛ БАСТАР

    

Жастар саясаты

 Маусым айының 3-4 жұлдызы күндері Маңғыстау облысының әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының компаниялар тобына кіретін өндірістік және сервистік мекемелер жанынан құрылған жас мамандар Кеңестері белсенділерімен кездесті. Жас мамандар Кеңестерінің 400-ге жуық мүшесінің басын қосқан форум жұмысына жергілікті атқару ұйымдарының басшылары, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының адам ресурстарын басқару жөніндегі вице-президенті Серік Сақбалдыұлы Әбденов және өндірістік мекеме жетекшілері қатысты.

Форумды облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов ашып, облыс экономикасының күре тамыры саналатын – мұнай өнеркәсібі саласындағы жастармен кездесудің мән-маңызы зор екендігіне ерекше тоқталды.

- Жастар – қозғаушы күш. Жастар – елдің ертеңі. Олардың жасампаздыққа ұмтылысы, білім шыңына өрмелеп, елге қосар үлесі – жарқын болашақ кепілі. Бүгінде мен білімді де білікті, еңбекқор да отансүйгіш, көк туымызды желбіретіп, ел мерейін асқақтатар жастармен кездесіп отырмын. Киелі өлкенің жас перзенттері осал болмайтынына сенемін. Осындай еркін форматтағы кездесу – екі тарапқа да жақсы мүмкіндік, тәжірибе алмасу алаңы болмақ, -деді.

Форумда жас мамандар «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында қабылданған жастар саясатының бес бағыты бойынша өз мекемелері тарапынан жүргізіліп жатырған жұмыстар жөнінде айтып өтті.

Алғашқы болып сөз алған «Өзенмұнайгаз» АҚ жас мамандар Кеңесінің төрағасы Бауыржан Байимбетов өз мекемесі қабырғасында инновациялық даму бағыты бойынша жасалып жатырған жұмыстарға тоқталып, жастардың мұнай өндіру процестерін оңтайландыру үшін жасақтаған үш жобасы туралы баяндады. Олардың екеуі өндіріске қабылданса, ал «Интеллектуалды тербелмелі қондырғы» жобасы кәсіпшілікке сынақ жұмыстарына тапсырылған. Мақсаты – тербелмелі қондырғының жұмысын бақылап, авариялық жағдайлардың алдын алу арқылы оны күтіп-ұстауға жұмсалатын шығынды азайтып, жұмыс тиімділігін арттыру. Сынақ жұмыстары көрсеткендей, жобаланған құрылғы шығындарды жылына 3 миллион теңгеден 350 мың теңгеге дейін яғни 85 пайызға төмендетуге, сондай-ақ тербелмелі қондырғының тоқтап тұру уақытын қысқартуға, өндірілетін мұнай көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді екен.  Бауыржан өз сөзін «Жастардың көкейі өндірістің қоршаған ортаға залалын азайтатын, шығынды төмендететін, үнемдейтін, тиімді озық ойлар, тың идеяларға тұнып тұруы керек. Өздеріне өндіріс қызметіне қандай үлес қоссам, қандай көмек көрсетсем болады деген сұрақтар қойған жөн» деп түйіндеп, инновациялық жобаларды енгізу, жүзеге асыру үшін компания тарапынан семинар, оқыту, арнайы жүлде сияқты ынталандыру болу керектігін назарға ұсынды.

Өндіріс үшін де керегі осы емес пе?! Өзендік әріптестеріміздің осы бір жетістіктері біздің жас мамандардың да ізденісін оятып, иннновацияға деген құлшынысын жани түседі деп сенеміз.

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы жастар Кеңесі «Мәдени даму» бағыты бойынша жасалып жатырған жұмыстарды таныстырды.  Компания Кеңесі атынан сөз алған жас маман Ғани Әбдісадық Кеңестің 2014 жылдан бері «Мәдени даму» бағытында атқарған қызметі туралы кеңінен баяндады. «Ұлттық өнер кеші – домбыра кеші» мен «Өз өлкеңді таны» атты жобаларды таныстырып, қоғамның айнасына айналған компанияішілік мәдени-қоғамдық, тәрбиелік мәні зор шаралармен таныстырды.  Серіктес-еншілес кәсіпорындар мен өңір басшылығына осы бағыттағы жұмыстарды үдете түсу мақсатында бірнеше ұсыныстар мен тілектер білдірді. Жас мамандар мен өскелең ұрпақты патриотизм мен отансүйгіштік рухында тәрбиелеу үшін компания жастары бастамашылығымен өмірге келген соғыстан ұлдары мен сүйген жарлары оралмаған барлық аналар рухына арналған  жыр кешін  жылда көктемде, Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Онды ауылында орналасқан «Ай-Ана» ескерткіші жанында тұрақты өткізуге, өңірдің шығармашылық адамдарының басын қосатын ірі шараға айналдыруға ұсыныс берді. Өндірістің бел ортасында жүрген жұмысшы жастардың өлке тарихын жете тану-білуі үшін осы бағытта облыстық мәдениет, ішкі саясат басқармаларына арнаулы бағдарлама жасақтаса деген тілегін форумға қатысушылар бірауыздан қолдады.

Жастар саясатының «әлеуметтік қолдау», «кәсіби жетілу» және «салауатты өмір салтын насихаттау» атты үш бағыты да әріптес мекеме жастары тарапынан таныстырылып, атқарылған жұмыстар облыс басшысының назарына берілді.

Кездесудің екінші бөлімі дискуссия алаңына ұласты. Жастарға көкейінде жүрген сұрақтарын тікелей облыс басшысына қойып, жауап алу мүмкіндігі туды. Бұл жерде де жиынға сайдың тасындай сайланып келген жастар нағыз отансүйгіштік пен елгезектіктің үлгісін көрсетіп, жан-жақты біліктіліктерін таныта білді. Бірі өңірдің экономикалық дамуы мен экологиялық қауіпсіздігіне алаңдаса, екіншісі қалалар көркіне зер салуды сұрап, электр энергиясы мен коммуналдық қызмет жүйесін оңтайландыру туралы ұсыныстар жасады. Жастар саясаты, тіл мәселесі, дін ахуалы мен әлеуметтік қамқорлыққа мұқтаж жандардың да жағдайы назардан тыс қалмады.

Жиында жапан даланың төсінде ел байлығын игеріп жатқан мұнайшы жастардың қозғаған көкейкесті мәселелеріне Ералы Лұқпанұлының жауаптары да тұшымды, ойға қонымды болды. Бірқатар сұрақтар әкімнің күнделігінен орын тауып, олар туралы қосымша ақпарат берілетіні мәлімделді. Солардың бірі - «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамының қызметкері Д.Ораловтың Ақтау қаласынан «Мұнайшылар аллеясын» ашу туралы ұсынысы әкім тарапынан қолдауға ие болып, сол жерде-ақ жауапты басқармаларға жұмыс үшін жолданып кетті. Бұйыртса, жуық арада, қаламыз тағы да бір әсем архитектуралық нысанмен толығары әбден мүмкін!

Мұнайшы жастар саясатының бағыт-бағдарын, қойған өзекті мәселелерін ыждағатпен тыңдаған облыс әкімі Е.Тоғжанов жастарға оң бағасын берді.

Түс ауа жиынға қатысқан жас мұнайшылардың жартысы квест ойынының шартына сәйкес 6 автобусқа тиеліп, қаланың алты тарабында жасырылған Каспий теңізінің «қазынасын» іздеуге аттанса, тап сондай топ «Өз өлкеңді таны» акциясы бойынша облыстық өлке тану мұражайына бағыт алды.

Екіндіде ойыннан оралған көңілді топ пен мұражайдан қайтқан ойлы делегаттар Абай мәдениет үйінде форум аясында өтіп жатырған «Ел-жұртым бар қолдайтын!...» атты бейнеулік бүлдіршін Балғынбек Бақтиярдың еміне көмектесуге арналған қайырымдылық концертке бет түзеді. Бір жарым сағаттық өңкей мұнайшы өнерпаздардың концерттік бағдарламасынан құралған «ретро» нақыштағы, сонау 60-80 жылдардың жауһарына айналған әндер, күмбірлеген күйлер мен қазақ поэзиясының классик-теріне айналған ақындардың поэзиясы көрерменді тәнті етіп бір демде өте шықты. Тағы да көргеннің көкірегін тербеп, естігенді еріксіз елітетін кешке айналды. Концерт соңында қайырымдылыққа жиналған қаражатты Балғынбек пен оның әкесіне табыстау үшін сахна төріне көтерілген «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының адам ресурстарын басқару жөніндегі вице-президенті С.Әбденов:

- Жылағанды жұбат, жығылғанды жебе, айырылысқанды табыстыр, сазды қосып жер ек, азды қосып, ел ет! Осы ұстаныммен ел болып, береке-бірлікте ғұмыр кешіп жатырмыз. Жас мамандар кеңесінің негізгі бағыты да осы. Өңірдегі мұнай мекемелерінің ұжымы біріге отырып жинаған бас-аяғы 850 мың теңге көлеміндегі қорды Балғынбек Бақтиярдың әкесіне табыстаймыз! – деп оң бағасын беріп, қайырым-дылық концертінің шымылдығын жапты.

Одан әрі көпшілік шаралар теңіз жағалауында ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай орнатылған сахнаға ығысып, қала жұрт-шылығына арналған мерекелік гала-концертке ұласты. Иық тірестіре сахнаға шыққан өңкей мұнайшы жастар бұл күні емін-еркін шығармашылық көңіл-күйде кәсіби деңгейдегі әншілерден кем түспеді. Көрерменнің таңданысын өз алдына, көпті көрген сахнаның мамандары да әсерлерін жасыра алмай жатты. «Ел іші – өнер кеніші» деген қанатты сөз бұл күні көп қайталанды...

Осындай сәттердің бірінен соң «Мұнайшы қыз» деп әуелетіп ән салған әнші-сазгер Әнес Қарабасов:

- Сахнаның майталмандары өнеріме тәнті болып, әндеріме «құда түсіп» жатыр, - деп ағынан жарылды. Өнердің үстемдігі деген де осы болар...

Екі күнге шақталған өңірлік форумның алғашқы күні осындай елеулі оқиғалармен қорытындыланды. Екінші күні 2000 адамның басын қосқан жалпы қалалық таңғы жаттығумен басталып, кешкісін Мемлекеттік рәміздер күніне арналған шерумен аяқталды.

Бұл шаралардың қай-қайсысы да жастарды бей-жай қалдырмағанына куә болдық. Рухани қанаттанған жастар шаралардан соң біразға дейін тарқамай шүйіркелесіп жүріп алуды әдетке айналдырыпты. Маңғыстаудың қазыналы төсінде тарыдай шашылып түскен, арасында шақырымдар жатқан ірілі-ұсақты кенорындарынан келіп Ақтауда екі күнге бас қосқан жас мұнайшылар қанаттанып, жасқа тән жалынмен, іскерлікпен ой бөлісіп жатты. Жаңа достар тапқанына қуанышты көңіл бар әрқайсысында. Облыс әкімімен кездесудегі елдік мәселелердің бел ортасында болған әсерлері өз алдына. Әрқайсысының аузында бұл форум жаңа жобалар мен тың ұсыныстардың басы екені сөзсіздігі туралы ой-пікір...

Жанамын деген жүрекке от берген осы жиыннан мұнайшы жастардың туған өлкесінің дамуына, өсіп-өркендеуіне жаңа серпіліспен үлес қосатынына сенім мол.


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту