Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
07.09.2017 МҰНАЙШЫЛАР ҚҰРМЕТ ҚҰШАҒЫНДА

    

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы мұнай-газ кешені қызметкерлерінің мерекесін кең көлемде тойлады. Төл мейрамда компанияның бас кеңсесінде басшылық сала ардагерлері мен аппарат ұжымын мерекемен құттықтап, ақ тілектерін білдірді.

– Қадірлі ардагерлер мен әріптестер! Сіздерді төл мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысында 124 млрд.теңге мемлекеттің қазынасына құйылды, 4 млрд. теңге облыстық және республиқалық деңгейдегі түрлі шараларды өткізуге жұмсалды. Бұл – мұнайшылардың еңбегінің жемісі. «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының ұжымы өткен айда 150 млн. тонна мұнайын өндіруге қол жеткізіп, жақсы көрсеткіш көрсетті. Соңғы 3-4 жылда «Жетібаймұнайгаз» мұнай өндіру көлемі жылдан жылға артып келеді. Мәселен 2016 жылы 2 млн.186 мың тонна болса, осы жылы 2 млн.190 мың тонна өндіріледі. Ұжымның бірлесе еңбек етуінің арқасында осындай еңбек тартуына қол жеткіздік. Бізге сервистік қызмет көрсететін компанияларға алғысымызды білдіреміз. Қазіргі таңда Жетібай кенорнында геологиялық-сейсмикалық жұмыстар жүргізілуде. Келесі жылы Қаламқас кенорнында осындай істерді бастау жоспарланып отыр. Бұл жұмыстардың нәтижесінде мұнай өндіру көлемі арта түседі. Дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс, жанұяларыңызға бақ-береке тілеймін, – деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев.

Жиында аталған акционерлік қоғамның бас директорының бірінші орынбасары міндетін атқарушы Тянь Кэцзянь жер қойнауының байлығын ел игілігіне жаратқан мұнайшыларды мерекемен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді. «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің» төрағасы Талғат Айдынов еліміздің өркениетін өзгертіп, халықтың тұрмысын түзеген шикізаттың шежіресіне тоқталып, жиналғандарға мерекелік тілегін жолдады.

Акционерлік қоғамның қабырғасында өткен мерекелік шарада өнерпаз мұнайшылар әннен шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Маңғыстау мұнайының бастау алған жері Жетібайда да ел ырыздығын еселеген еңбеккерлер атаулы күнді мерекелеп, сый-құрметке бөленді. Думанды мейрамда алаңға әсем безендірілген сахна құрылып, тігілген киіз үйлерде мол дастархан жайылды.

Мұнайшыларды облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов, Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Ержан Күмісқалиев, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев, бас директордың бірінші орынбасары міндетін атқарушы Тянь Кэцзянь, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің» төрағасы Талғат Айдынов, «Нұр Отан» партиясы Ақтау қалалық филиалының «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ» бастауыш партия ұйымының төрағасы Ғани Әбдісадық құттықтай барды.

– Армысыздар қадірлі қауым! Баршаңызды бүгінгі мерейлі мерекемен құттықтаймын! Мұнай-газ саласы – Қазақстан экономикасының күретамыры. Сіздер жер байлығын халықтың ырзық- несібесіне айналдыру жолында талмай еңбектеніп келесіздер. Бүгінгідей күнге жеткеніміз – тәуелсіздіктің, еліміздің амандығының, жұртымыздың тыныштығының, Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасы. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялап, ата-бабадан қалған аманатты, рухани қазынамызды сақтауға, қадірлеуге, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге үндеді. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестеріңізге зор алғыс айтып, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге береке, жанұяларыңызға бақыт тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов.

Салтанатты сәтте Мақсат Нұрлыбекұлы туған өлкені өркендету жолында тер төгіп, қажырлы еңбек еткен мұнайшыларды Маңғыстау облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапаттады. Жиналғандарды мерекемен құттықтаған Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Ержан Күмісқалиев «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайына зор үлес қосқанын жеткізіп, қара алтынды халық игілігіне жаратуда жарқын еңбектің үлгісін көрсеткен мұнайшыларды Алғыс хатпен марапаттады.

«Қадірлі ардагерлер, құрметті әріптестер! Сіздерді бүгінгі мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күнімен құттықтаймын! Жаздың ыстығына, қыстың ызғарлы суығына қарамастан жылдың төрт мезгілінде еңбек етіп, ел экономикасының дамуына үлес қосып келесіздер. Нарықта мұнай бағасының құлдырауы әрбір компанияның алдына талаптар мен тапсырмалар қойды. Осы қиындықтарды еңсеріп, өндіріске жаңа технологиялар енгізуге белсене кіріскен «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы тобындағы компаниялар ішінде үздік көрсеткіш көрсетіп, мұнай өндіру көлемін арттырды. Басшылықтың бастамасын қолдаған ұжымға алғысымды білдіріп, туған жерімізді өркендету жолындағы еселі еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, елімізге тыныштық тілеймін!» деген «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ адам ресурстарын басқару жөніндегі вице-президенті Серік Әбденов бірқатар мұнайшыға мұнай-газ саласының дамуына қосқан үлесі, еңбектегі кәсіби біліктілігі мен жетістігі үшін Энергетика министрлігінің, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады.

Мұнайшыларды акционерлік қоғамның бас директорының бірінші орынбасары міндетін атқарушы Тянь Кэцзянь, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің» төрағасы Талғат Айдынов құттықтап, әр отбасына амандық, елге ынтымақ пен бейбітшілік тілеп, ақжарма лебізін білдірді.

– Құрметті ардагерлер, сервистік компаниялардың ұжымы! Бүгінгі төл мерекеміз құтты болсын! Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеп жатқан барлық ұжымға алғысымды білдіремін. Компанияда мұнай өндіру көлемін арттыру бағытында қарқынды жұмыс жүргізілуде. Маңғыстау мұнайшыларының үлкен өндіріс мектебіне айналған құт мекенде қазір мұнай юра қабатынан өндіріліп жатыр. Мұнда 53 миллиондай қара алтын қоры бар. Бұл көлемді арттыру мақсатында Бектұрлы, Придорожный, Жетібай кен орындарында полеозой қабатынан мұнай өндіру үшін сейсмикалық жұмыстар жасалуда. Жоба жемісті жүзеге асса, Жетібай кенорнының тағы бір тынысы ашылады. Осы жылға жоспарланған 6 млн. 350 мың тонна қара алтын өндіру көлемін межеден асырып орындаймыз деген сенімдемін. Жауапты да абыройлы міндетті жүзеге асыру жолында баршаңызға қажымас қайрат, ұйымшылдық пен береке-бірлік тілеймін, – деді құттықтау сөзінде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев.

Салтанатты сәтте өндірістік көрсет-кіштің өсімін арттырып, еңбек тартуын әзірлеген бірқатар мұнайшыға «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды.

– Мен 1982 жылдан бері агрегат мотористі болып жұмыс жасаймын. Мұнайшы ағаларымның жолын қуып, мен де осы мамандықты таңдадым. Қазір балам менің қасымда машинст қызметін атқарады. Осы уақытқа дейін мемлекеттік және кәсіби мерекелерде бірнеше мәрте марапаттарды иелендім. Әрқайсысының өзіндік маңызы бар. Бүгін «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының Құрмет грамотасын иелендім. Барша әріптестерімізді мерекемен құттықтай отырып, амандық, мол табыс, отбасыларына бақ-береке тілеймін!, – деді «Ойл транспорт корпорейшэн» ЖШС жұмысшысы Бекбай Қанатов.

«Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының бастығы Жолдасбек Ешмановтың айтуынша, Жетібай кенорнында жыл басынан бері 1 млн. 523 мың тонна мұнай өндірілген. Өндіріс басындағы жаңалықтармен бөліскен ол Асар кенорнында бір ай бұрын басталған асхана құрылысы осы жылдың аяғында пайдалануға берілетінін, тербелмелі мұнай качалкаларының пайдалану мерзімін ұзарту мақсатында «40 УЭЦН» насосы қолданысқа енгізілгенін айтып өтті. Сондай-ақ, Қаламқас пен Жетібай кенорнының жұмысшылары бір- бірінің жұмыс орындарында тәжірибе алмасып, кәсіби біліктілігін жетілдіру үстінде екенін жеткізді.

Мерекелік шарада «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ өнерпаздарының концерттік бағдарламасын ұсынып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлап, думанды тойдың сәнін келтірді. Осыдан 30 жыл бұрын «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы жанынан құрылған «Сәлем» вокалды аспаптар ансамблі өнер көрсетіп, көпшіліктің көңілін көкке өрлетті.

– Біз сонау 1987 жылы осы ансамблді құрып, мерекелік кештерде, концерттерде, ауқымды шараларда жанды дауыста ән шырқадық. Кеңес кезінде марапаттарды иеленіп, мерейіміз өсті. Тобымыздың құрамындағы жігіттердің барлығы да мұнайшылар. Құрамымызда 15-ке жақын өнерпаз бар. Бұрын үгіт бригадасы болып, аудан, ауылдарға жиі концерт қоятынбыз. Қазір әрқайсымыз облыстың әр қала мен ауылдарында тұратындықтан, бірігуіміз, дайындық жасауымыз күрделілеу. Соңғы уақытта құрамымыз жастармен толықты. Жасымыз ұлғайғандықтан келешекте орнымызды жастарға береміз, – деді ансамбльдің жетекшісі Қарлыбек Бағдабайұлы.

Бұл күні ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылып, мерекенің шырайын келтірді. Мерейлі мейрамға қатысқан қонақтар Маңғыстау мұнайының 55, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының 50 жылдығына орай ашылған «Еңбек даңқы» мұражайын аралады.


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту