Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
02.10.2017 БІЗДІҢ АБДОЛ – ҮЗДІКТЕРДІҢ ҮЗДІГІ!

     

Үздік маман – 2017

 Қыркүйек айының 25-29 аралығында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен «Үздік маман-2017» кәсіби шеберлік байқауының ақтық кезеңі өтті. Ұлттық компания деңгейінде екінші рет өткізілген байқауда еншілес мекеме мұнайшылары негізгі және жанама кәсіптің 17 түрінен сынға түсті.

Жыл сайынғы дәстүрге сай, аталған шара екі кезеңді біріктірді. Бірінші кезеңде мұнай-газ кешенінің 30 мамандығы бойынша еншілес кәсіпорындардың 3000-ға жуық жұмысшысы бақ сынасты.

Байқаудың қорытынды бөлігінде мұнай және газ өндіру жөніндегі оператор, ұңғымаларды зерттеу жөніндегі оператор, қабат қысымын ұстау жөніндегі оператор, мұнай кәсібі жабдығын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі слесарь, токарь, химиялық талдау зертханашысы, электр газбен дәнекерлеуші, электр жабдықты жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электромонтер, ұңғымаларды жерасты жөндеу бригадасы, ұңғымаларды күрделі жөндеу бригадасы бойынша 126 қатысушы, цементтеу агрегатының машинист-моторисі, автомобиль жөндеу слесарі, автомобиль жүргізушісі, технологиялық қондырғылар операторы, компрессор қондырғыларының машинисі, технологиялық сорғылар машинисі, мұнай өңдеу мекемелерінің химиялық талдау зертханашысы мамандықтары бойынша 320 қатысушы өз шеберліктерін сынға салды.

Өз кәсібінің шеберлері қатысқан сайыстың биылғы ерекшелігі - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ арнайы веб-сайтынан байқаудың өту барысы туралы жаңалықтарды бақылап отыруға мүмкіндік жасалды. Әр аймақтағы корпоративтік порталдың қолданушылары оны онлайн режимінде көрді. Шара жеңімпаздарын «ҚазМұнайГаз»-ға қарасты кәсіпорын сарапшыларынан тұратын қазылар алқасы олардың кәсіби машығы, тапсырмаларды орындау жылдамдығы мен қауіпсіздік техникасын сақтауын назарға ала отырып анықтады.

Бес күнге созылған республикалық байқау 29 қыркүйекте қорытындыланып, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығының қатысуымен жеңімпаздар марапатталды.

Салтанатты шараға құттықтау жолдаған «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев қазіргі әлемдік дағдарысқа байланысты мұнай бағасының тұрақсыздығына қарамастан жұмыскерлерге әлеуметтік қолдаудың деңгейі сақталғандығына тоқталды.

- Бұл ҚМГ компаниялар тобының бизнес-бағыттардың көпшілігі бойынша оң нәтижелерге қол жеткізудің арқасында мүмкін болып отыр. Аталған заңды нәтиже - әкімшіліктің, жұмыскерлер мен кәсіподақтардың жұмыла жұмыс істегенінің айқын көрсеткіші. Сіздерге, «ҚазМұнайГаз» компаниясының табысқа жетуі жолындағы толағай үлестеріңіз, адал еңбектеріңіз үшін алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер, - делінген Басқарма төрағасының жолдаған құттықтауында.

-   Кәсіби шеберлік конкурсы – бұл сала қызметкерлері үшін қуатты ынталандыру. Білікті де шебер маман қандай да марапатқа лайықты. Мұнайшылар арасында көптеген еңбек әулеттері, еңбек сіңірген жұмыскерлер және еңбек ардагерлері жеткілікті. Олар үшін мамандыққа адалдық, табандылық ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлі үрдіс. Мұнай кәсіпшіліктеріндегі мамандардың өз шеберлігін үнемі арттыру бағытындағы ізденімпаздық, жаңашылдыққа бейімділігі қуантады. Бүгінгі байқау ежелгі еңбек дәстүріне адал ұрпақтың өсіп келе жатқанын дәлелдеді. Жарыстың барлық қатысушылары жоғары теориялық және тәжірибелік дайындық деңгейін көрсетті, өздері таңдаған мамандықтарына мақтанышпен және үлкен жауапкершілікпен қарайтындарын жария етті ұжымдық рух бар екенін дәлелдеді, – деді өз сөзінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ адам ресурстарын басқару жөніндегі вице-президенті Серік Әбденов мырза.

Дүбірлі күрес нәтижесінде барлық қатысушылар барын салып, жарыстың көрігін қайнатты. Себебі, тігілген байрақ та осал емес еді. Бірінші орын – 100, екінші орын – 70, үшінші орын - 50 айлық есептік көрсеткіш жалақыға қосымша төленетін үстеме ақы! Қызды-қызды жарыстан «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы мамандары да абыроймен шықты. Мұнай кәсібі жабдығын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі үздік слесарь және үздік токарь аталымдары бойынша бірінші және үшінші орындар біздің жігіттердің қанжығасында кетті.

– Алға қойған үлкен мақсатым орындалып, ұжымым артқан үміт ақталды! Алғаш болып әкеме, бастығыма хабарласып сүйінші сұрадым. Бұған дейін де грамоталармен марапатталғанмын, бірақ мен үшін бұл жеңістің жөні ерекше. Үздік маман атану, әрине, зор мәртебе. Бұл атаққа қол жеткізуіме ықпал еткен Амангелді Тасбаев, Нұрболат Арызғұлов ағаларыма құрметім де алғысым да шексіз. 14 жылдан бері осы кісілерден тәлім алып келемін. Еңбектерін ақтадым деп ойлаймын, - деді мұнай кәсібі жабдығын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі слесарь аталымы бойынша үздік маман атанған «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының №1 цехының жөндеушісі Абдол Бижанов әріптесіміз толқып тұрып.

Үздіктермен үзеңгі қағыстырып, жеңімпаздың қатарынан табылған өндірістік департаменті жөндеу-механикалық учаскесінің токары Рахат Иманов та компаниямыздың мәртебесін асырғанын ерекше атап өткен жөн.

«Үздік маман» сайысы – персоналды басқару саласындағы компания қызметінің басым бағыттарының бірі. Ол әрбір жұмыскердің мүмкіндігін, кәсіби білігін ашуға барынша көмектеседі, ұжымда ашықтық, өзара құрмет, бәсекелестік және жолдастық жарысу ахуалын қалыптастыратындығын дәлелдеді.

 


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту