Елді тану – міндетің, Отанды сүю – парызың
Қазан айының 28 жұлдызы күні «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымы және жұртшылықпен байланыс департаментінің мұрындық болуымен Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына орай «Өз өлкеңді таны» атты экспедиция үйымдастырылды. Компания қызметкерлері «Қошқар ата», «Қалипан әулие», «Қарағашты әулие», «Үш там», «Кенті баба» тарихи-мәдени ескерткіштері арқылы «Сұлтан Үпі» жерасты мешітіне дейінгі маршрут бойынша 320 шақырымды артқа тастап, қасиетті орындарға зиярат жасап, туған өлке тарихына қанығып қайтты.
Көптің көңілінен шыққан ғибратты сапар таңертеңгісін Компания бас ғимаратының алдынан басталды. «Көрсем, білсем» деген адал ниетпен жиылған көпшілік, межелі уақыт келгенде, «бес қаруымызды» асынып, «біссімілләмізді» айтып жолға шықтық.
Қара жолға арналған «қара нар» көліктің орындықтарына жайғасып отырып алған соң, «экскурсовод» Галинаға қарап құлақ тостық. Әбден жаттыққан білікті маман Маңғыстаудың арғы-бергі тарихынан сыр шертіп, мәдениеті мен руханиятына бойлатып, кең мағлұмат бере бастады.
«Әне, міне» дегенше Ақтаудың шекарасынан асып, алғашқы жәдігерімізге де келіп жеттік. Ақтау қаласынан 17 шақырым қашықтықта орналасан «Қошқар ата» қорымы. Ескі зират 1000 жылдан астам уақыт бұрын пайда болған деседі. Үш жүзден астам тарихи құнды ескерткіш орналасқан аумақ түбектегі ең үлкен зираттардың бірі. Ескерткіштері негізінен ортағасырлық тас қоршау, қойтас тәрізді тас белгілер болып келеді, соның ішінде ерекше көзге түсетіні қошқар тастар. Аңыздарға сенсек, Қошқар ата Маңғыстауға сонау Қорасаннан келіпті-міс. Ғажайып қасиеттерге ие болған, жан-жануарлармен тілдескен кісі деседі. Халық аузында Қошқар ата ашыққан кезде жануарлар атаның алдына өздері келіп, азық болуға мойынсұнатын болған деген де сөз бар. Әрине, бүгінде аңызы қайсы, ақиқаты қайсы, айырып айту қиын. Десекте, бар саналы ғұмырын Яссауидің ілімін игеру мен таратуға арнаған тарихи тұлғаның құр адам болмағаны даусыз. Қорым туралы ақпаратқа қаныққан соң, біз де осындай ойға тоқталдық. «Сауабы тие жатар» деп садақамызды бердік. Әйелдер жағы белағашқа орамалдарын байлап жатты. Сәл аялдадық та, бет сипап, дұға жасап, «жол мұраты жету» деп келесі жәдігермен танысуға асығып жүріп кеттік.
Келісілген бағдар бойынша 5 қорымның үстімен өту керек болатынбыз. Оның бірі «Қошқар ата» болса, келесісі – Сайын елді мекенінен шығаберістегі «Қалипан әулие» қорымы. Ақтау қаласынан 30 шақырымдай жерде. Көліктен түсіп, зиярат әдебін сақтап, кешен ішіне аяқ бастық. Қазақ-түрікмен қойымшылығы екен. Түстігінде қазақтар жатыр, терістігіне түрікмендер қойылған. Қазақ пен түрікмен арасындағы ежелден үзілмеген алыс-беріс, барыс-келісті ескерсек, бұл таңданарлық та жай емес. Тарихи ескерткіш ерекше сәулетімен көз тартады. Жүздеген жылдар бұрын қойылған тастардағы ерекше үйлесім тапқан геометриялық және өсімдік тәрізді өрнектер күні кеше қашалғандай әсер қалдырады. Тас ойған ұстаның шеберлігінде мін жоқ! Кей бейіттерден қолына садақ ұстаған ат үстіндегі жауынгердің, қылыш пен жебенің суреттерін кездестіруге болады. Суреттеріне қарап топшыласақ, ол жерлерде қол бастаған батырлар мен сардарлар жерленген болуы керек. Ел аузында осы «Қалипан әулие» қорымында Қошқар атаның шәкірті болған, оның ісін жалғаушы Халиф есімді кісі жерленген деген де дерек бар.
Шағын кешенді тез аралап шықтық. Жаңа бейіттер де бар екен. Көбі Шоңай мен Жаңай руынан. «Өлі жібімей, тірі байымайды» деп, Фатиха мен Ықылас сүрелерін оқып, сауабын сол қорымнан тұрақ тапқан мұсылмандарға бағыштадық. Дұға жасап, Алладан «Сапарымызды оңғара гөр?!» деп тіледік те, «Қарағашты әулие», «Үш там», «Кенті баба» қорымдарына бағыт алдық.
Оларға жетеміз дегенше бір шай қайнам уақыт бар. Тағы да жайғасып отырдық та «Әңгіме жол қысқартады» деп кезекті Галинаға бердік.
– Оң жағыңызға қараңыз, - деп жалғады Галина әңгімесін. Бәріміз терезеге үңілдік. Төбенің басында биіктеу етіп салынған екі кесенесі бар зират тұр екен.
– Халық арасында бұл жерді «Ақшора-Белтұран» деп атайды. Зират ішінде қолмен шашқандай болып қойтастар жатыр. Ғалымдардың пайымдауынша ең ескілері Х-ғасырда – оғыз-қыпшақ кезеңінде қойылған. Жанында тас тақталардан қаланған мешіті де бар. Менің әңгімем Ақшора сұлу мен Белтұран есімді жігіт туралы, - деп өрбітті:
– Ертеректе осы маңайды мекен еткен Таласбай мен Дұрды Қылыш есімді кісілер болыпты. Күндердің күнінде Таласбай мен Дұрды Қылыштың ауылы осы маңда пайда болған кішкене көлді жағалай көрші қоныстаныпты. Малдың жайын тындырған екі ауыл қаннен қаперсіз тұрып жатады. Бір күні Дұрды Қылыштың бұрымы жерге төгілген, көрерге көз керек жалғыз қызы Ақшора түйелерін суаруға келіп жатып арғы жағада малын суарып, өзінен көз алмай қарап тұрған жас жігітті байқайды. Бұл Таласбайдың баласы Белтұран болатын. Осы сәттен бастап, бір бірін сырттай ұнатқан екі жас күн өткен сайын сезімдері күшейіп, бірін-бірі көрмесе тұра алмайтын күйге түседі. Түрлі сылтау тауып, көлге келіп, дидарласып тұруды әдетке айналдырады. Екі жастың осы қылығын байқаған жұрт оларды сөз қылып, түрлі қауесет тарап, ол Дұрды Қылыштың да құлағына келіп жетеді. Бай ауылмен құдаласуды жоспарлап жүрген қыз әкесі намыстанып, Таласбайды өзіне тең санамай, Белтұранды Ақшораға лайық көрмей, бір түнде отырған жерінен ел-жұртқа ескертпей тік көтеріліп көшіп кетеді.
Сүйгенінен ажырап, қайғыдан көкірегі қарс айрылған Белтұран Дұрды Қылыштың оғаш ісінің мән-жайын түсінген соң «Қайтсем де Ақшорамен қосыламын, берсе қолынан, бермесе жолынан» деп, Ақшораны іздеп жолға шығады. Арада күндер өтіп, жеттім-ау деп Дұрды Қылыштың жаңа қонысына келе бергенде ауылға құда түсіп келіп жатырған меймандарды көреді де, Ақшораны алып қашудан басқа амал қалмағанын ұғады.
Ебін тауып, сүйгеніне хабар беріп, келісімін алған соң, көп ұзамай түнделетіп қашып шығады. Дұрды Қылыш та, сол түні, іші бір жамандықты сезгендей дөңбекшіп ұйықтай алмай жатады. Кенеттен, алыстап бара жатқан ат тұяғының дүбірін есітіп, Ақшораның отауына қарай жүгіреді де, қыздың жоғын көрген соң «Қап, бәлем!» деп ауыл тентектерін жинап, екі жастың артына қоя береді.
«Шаш ал» десе, бас алатын сотқарлар дүркіретіп отырып, ғашықтардың артынан келіп қалады. Енді құтылма алмасын, бұдан былай қосыла да алмасын түсінген олар аттан түсіп, бірін-бірі соңғы рет құшып, «Ендігәрі ажыраспаймыз» деп қол ұстасып жартастан секіріп кетеді. Бірін-бірі қия алмаған қос ғашықтың жүрімі осы жерде таусылады. Анау жерде көрініп тұрған екі кесене сол Ақшора мен Бертұранның кесенесі. Көзінің тірісінде қосыла алмаған екі жас өлгеннен кейін де бірін-бірі шақырып, ынтығып тұрғандай көрінеді. Осы жерде жиі болатын жұрт қарсы орналасқан екі кесененің арасы көктемнің кезінде қызылды-жасылды гүлдерге толады дейді. Кім біледі, бәлкім бұл сол ғашықтардың махаббатының гүлі шығар, - деп тоқталды Галина.
Ешкімде үн жоқ, тек жанарлардан ғашықтарға деген аяныш байқалады. Бұл ел жадында қалған бір мысал ғана шығар, әйтпесе бір құдайдың құлын «бай» деп, «кедей» деп, тағы басқа деп сан тарапқа ажыратқан қатыгез қоғамда мұндай баянсыз ғашықтардың нешеуі өткені бір Алланың өзіне ғана аян...
Әңгіменің әсерінен шыға алмай отырғанда, «Қарағашты әулие» қорымына да келіп қалыппыз. Сонадайдан көрінді. Мидай жазық даланың қақ ортасында баққа ұқсап, жасыл желекке оранған бейіт тұр. Бір қызығы, қарағаштар тек бейіт қоршауының ішінде, сыртында тек изен мен жусан ғана. Бұл қорым да өте ескі екен. Бір қарағанда шағын болып көрінгенімен мемлекеттік қорық қызметкерлері қорым басынан 179 бейіт тапқан. Басым бөлігі ХІХ-ХХ ғасырларға тиесілі.
Бұл жерде бізді бір таң қалдырғаны – қорым басынан кірпішсіз, саз балшықтан қаланған бейіттерді кездестіруге болады. Олардың ең ескісі жартылай құлаған, маңдайшасында «Руы Кыдырша Нияз» деген жазуы бар сағанатам секілді. Кейін білгеніміздей, бұл кезінде осы маңайларды мекен еткен Қыдырша руының рулық қорымы екен. Халық арасындағы аңыз-әңгімеге сүйенсек, Қыдырша бабамыздың атасы Текей ақсақал Қыдыр көрген кісі екен. Ал енді біреулері Текейдің әйелі Ақтайлақ ана Қыдыр атаның қызы болған дейді. Бұл айтылғанның рас-өтірігіне тарих куәгер, нақ білетініміз Қыдырша әулеті іргелі, мал мен басқа бірдей жарыған әулет. Нияз бабамыздан әріректе немересі Есіркеп жерленген екен. Ол 1877 жылы Хиуа жорығына жәрдемдескені үшін «алтын» медальмен марапатталған, 1891 жылы Мәскеуде өткен Орта Азия көрмесінің қатысушысы болған деген дерек бар. Қысқа қайырғанда, бұл зират аймақтың сәулет өнері мен қолөнерін паш ететін сирек кездесетін кешендердің бірі екен.
Бұл жерден де бет сипап, таңданып, тамсанып жолымызға қайта түстік. Негізгі барар жеріміз «Сұлтан Үпі» сайы да жақындап қалған сияқты. Қозы өрім жерде «Үш там» қорымы, одан сәл арыда «Кенті баба» тұр. Ғылыми деректерге сүйенер болсақ, аталған екі зират та, бұған дейін көріп кеткен «Ақшора-Белтұран» мен «Қарағашты әулие» қорымдары да кезінде Хиуадан шығып Шығыс Еуропаға қатынаған керуен жолының бойы. Ғалымдар зираттардың маңынан ескі қаланың, керуен сарайларының орнын да тапқан. Демек, бүгінде құлазыған далаға айналған бұл жерлер кезінде өмір өзені сарқыраған, нағыз тіршіліктің ордасы болған болса керек.
«Үш там» мен «Кенті бабаның» бөлек тұрғаны болмаса, екеуі сәулеті жағынан да, жылдары жағынан да бірне-бірі қарайлас. Қорымдар аумағында сақталған ескеркіштердің негізгі бөлігін қойтастар құрайды. Олардың басым бөлігінде қылыш пен найза бейнеленген және бәрі бір шебердің, не замандас ұсталардың қолынан шыққандай бірінен-бірі айнымайды. Осыдан келе, бұлардың барлығы бір қырғыннан кейін, бір мезгілде жерленген жауынгерлер деп топшылауға болады. Екеуінің де басында михраб тасы қойылған мешіт бар. Бірнеше биік кесене бар. Олардың бұған дейін көрген тарихи жәдігерлерден бір ерекшелігі – кесенелердің оң жағындағы қабырғасының ішінен, ойылып, кесене үстіне шығатын баспалдақ жасалған. Деректер ол баспалдақ төбеге шығып құлшылық етуге арналған деп келтіреді. Бәлкім, мінбар ретінде пайдаланылған болар. «Кенті баба» зиратында біз бара жатырған Сұлтан Үпінің үлкен ағасы жерленген деген дерек бар. Шамасы, Сұлтан Үпі әкесі мен ағаларына ренжіп елден кетіп қалғанда артынан іздеп келгенде дүние салған болса керек.
Сұлтан Үпінің азан шақырып қойған аты Құбби-қожа екен. Ол Қожа Ахмет Яссауидің шәкірті болған Хакім Сүлеймен Бақырғанидың кенже ұлы. Бұл туралы 1873 жылы Тбилиси (Тифлис) қаласында басылып шыққан «Предания адаевцев о святых ханафие, живших и умерших на Мангышлаке//Сборник сведений о кавказских горцах» атты тарихи еңбекте кеңінен жазылған. Осы еңбекте Құбби-қожаның жастайынан еңбекқор, білімпаз адам ретінде танылғаны, ел арасында оның теңізде (Арал мен Каспий) апатқа ұшыраған кемедегі адамдарды құтқаруы, әкесіне міндетті намазын оқуға Меккеге ұшып барып жүрмеуі үшін Қағбаны әкеліп беруі, тері мен сүйектен жануарды қайта тірілтуі тәрізді керемет қасиеттері жайлы аңыздар кеңінен тарағаны жөнінде де жазылған. Енді бір деректерде Сүлеймен Бақырғани баласы Сұлтан Үпінің кереметтілігі өзінен асып түсетінін байқағаннан кейін «Балам, екі қошқардың басы бір қазанға сыймас» деп оны өзінен аулақта ұстауға тырысқаны жөнінде айтылады. Сұлтан Үпінің әкесінің осындай қылықтары оның туған жерін тастап, Маңғыстауға келуіне себеп болған деседі.
Сонымен, ондаған шақырымды артқа тастап, жол бойы түрлі аңыз әңгімелерге қанығып, арымай-талмай “Сұлтан Үпі” сайына да келіп жеттік. Көліктен түскен бойда бірінші болып көзге ілінгені сайдың үстінен теңіз жағалауына ашылатын керемет панорама болды. Өз көзімізге өзіміз сенбей, «Маңғыстауда мұндай жерлер бар екен ғой» деп ілгері жүре бергенде сайдың іші көріне бастады. Ол жердің табиғатының кереметтілігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес... Сай іші терең, әрі өте әдемі. Түбімен жылғалар ағып жатыр. Баурайы мен етегі бүлдірген, шатқал, мойыл, бабажапырақ, жібек құрты, баттауықтың қалың бұталары сияқты көкке көміліп жатыр. Жыралы жартастары мен жиектеріндегі шатқалдары - қайталанбас әсем көрініс. Жағалай көкжелек, сан түрлі жануарлар мен құстардың тұрақты мекеніне айналған. Кешқұрым сай ішінен қарсақ-түлкі мен ұзын инелі кірпіні, қара торғай мен суқарақұсын кезіктіруге болады екен.
Жардан не бары 6 метр жерде ойып салынған “Сұлтан Үпі” құдығы тұр. Суы өте таза әрі өте тұщы. Ата мешітіне зираттап келушілердің айтуы бойынша, бұл Маңғыстаудағы ең дәмді су көзі екен. Сан түрлі ауруларға да ем деседі. Сол себепті, келушілер өзімен бірге “Сұлтан Үпі” құдығынан су алмай кетпейді екен.
Құдықтан сәл ілгеріде қоршаған орта көрінісімен әдемі үйлесім тапқан “Сұлтан Үпі” жер асты мешіті тұр. Тағы да аңыздарды сөйлетсек, бұл мешіт шамамен ХІІІ-XV ғасырларда Хайролла есімді жас баланың қолымен атаның өзінің аян беруімен салынған дейді. Алайда мешіт төңірегінде жүргізілген археологиялық зерттеулер жер астындағы құрылыстар аңыздан да бұрынырақ – ХІ ғасыр шамасында пайда болған деген байламға әкелген. Ал сайдың маңында табылған ежелгі тұрақтар мен көне жәдігерлер бұл жерді адамдар тас дәуірінің аяғынан бастап мекен еткен деген болжам жасауға негіз береді. Мешіт өзі бірнеше камералық бөліктерден бір-біріне жалғасқан 11 бөлмеден тұрады. Мешіттің төбесінің мықтылығы үшін тас бағандармен бекітілген, бөлмелердің төбесінен жарық түсіру үшін ойықтар қалдырылған.
Жанында орналасқан шағын қойымшылықта сағанатамдар, сандықтастар, құлпытастар мен қойтастар, қоршаулар, әр түрлі пішіндегі қабір үсті құрылыстары сақталған. Сондай-ақ, қорым аумағында неолит дәуірінің кремний өнеркәсібінің көптеген сынықтары кездеседі.
Осы ғажап кешен Маңғыстаудағы теңіз жағалауындағы жалғыз каньон жанынан орын тепкен. Сұлтан Үпінің теңіз маңын мекен етуі де бекер емес секілді, өйткені жергілікті халық Атаны «судың пірі» деп танып, қатты күн күркіреп, найзағай ойнағанда немесе су тасқындары орын алғанда «Сұлтан Үпі, сақтай гөр пендеңді су апатынан» деп жалбарынатын болған деседі. Әйгілі этнограф Г.П.Снесарев та Султан-Хубби (Сұлтан Үпі) есімінің негізінде иранның «об»-«су» деген сөзі жатқанын айтып, халық нанымын қуаттағандай болады. Не де болса, «халық айтса, қалт айтпайды» демекші, сан ғасырлар бойы қалыптасқан халық аңыздарына таңданбасақ, күмән келтіре алмаймыз...
Осылай таңның атысынан күннің батысына дейін 300 шақырымнан астам жолды артқа тастап, паң даланың беймәлім сырларымен танысып, қазыналы түбекті жаңа қырынан танып, талайлар келіп таңдайын қағып, таңданып кеткен «ұйқыдағы аруға» бұрынғыдан да бетер ынтық болып іңірде Ақтауға қайттық. Ұлы Абыз Әбіш Аға Кекілбаев айтқандай, зират – әрі шекаралық белгі, белгілі бір тайпалар мен рулардың, көшпелілер коллективінің белгілі бір территориялық кеңістікке қожа екенін заңдандыратын нақты айғақ, қаласы, музейі жоқ көшпелі тұрмыстың бірден бір тарихы... көшпелілер өз тарихын хатқа сенбей, тасқа сеніп тапсырғандай...
«Зираттар еліміздің көп ғасырлық тіршілігінің көне документі» деген Абыздың пайымынан артық не айта аламыз» деген ойды қорытып отырғанда қыр артта қалып, қаланың жамыраған шамдары да алыстан «мен мұндалады». Бір түйгеніміз, расында да, қолдағы алтынның қадірін білмейді екенбіз. Сапарлас әріптестеріміздің алды алпысты алқымдаса, арты отыздан асып бара жатыр екен. Бірақ, соның бірлі-жарымы болмаса, қалғаны бұл бағытта аяқ аттап көрмегендіктерін айтып жатты. «Қынжылатын жайт» деген осы! Қайтар жолда алған әсерімізді қорытып келе жатып, «көп ұзамай кезекті сапарға шығамыз, өкініштің орнын толтырамыз» деп өзара уағдаластық. Бұған уақыт төреші. Өз басым тырысып бағамын. Сізді де осындай сапарларға бала-шағаңызбен жиірек шығуға шақырамыз.
Ғ.Әбдісадық
|