Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
29.01.2018 ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ – ДАМУҒА ЖОЛ СІЛТЕР ТЕМІРҚАЗЫҚ

     

2018 жылғы қаңтар айының 26 жұлдызы күні «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының мәжіліс залында биылғы жылдың қаңтар айының 10 жұлдызы күнгі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын түсіндіру жұмыстары аясында кездесу өтті. Шараға жергілікті атқарушы билік өкілдері, қоғам белсенділері, «Нұр Отан» партиясы Ақтау қалалық филиалы жетекшілері мен Маңғыстау облыстық және Ақтау қалалық маслихаттарының депутаттары қатысты.

 

Кездесуді «Нұр Отан» Партиясы Ақтау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қолиолла Аяшұлы Сахипов ашты.

Жиында түсіндіру тобының мүшелері Елбасы Жолдауында айтылған бағыттарға жеке-жеке тоқталып, Жолдаудан туындаған мемлекеттік деңгейдегі мәселелер мен тапсырмалардың жергілікті деңгейде орындалуы туралы да баяндады.

Жолдауда қарастырылған 10 бағытты жіпке тізген Ақтау қалалық маслихатының депутаты Қуаныш Қалпенұлы Есетов «Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту» деп аталатын екінші тараудағы Елбасының «Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесі баламалы, «таза» энергия саласындағы дамудың қаншалықты қарқынды екенін көрсетті. Бүгінде әлем бойынша өндірілетін электр энергиясының төрттен бірі жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 процентке жетеді. Сол себепті, Біз 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 пайызға жеткізу міндетін қойдық» деген сөздерін тілге тиек ете отырып, «жасыл» экономика төңірегінде өңірде жүзеге асырылып жатырған жұмыстардың да бар екендігін алға тартты. Мысалы, Ақшұқыр ауылында қуаттылығы 5 МВт жел электр стансасын, Мұнайлы ауданында қуаттылығы 7 МВт күн электр стансасын, ал Шетпе ауылында қуаттылығы 12 МВт күн электр стансасын жасақтау жоспарлануда. Ақшұқыр ауылы мен Мұнайлы ауданындағы стансалар биылғы жылдың наурыз айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Демек, экологиямыздың да, экономикамыздың да ұпайы түгенделер шақ алыс емес.

Елбасы өз жолдауында Маңғыстау өңірі үшін маңызды салалардың бірі агроөнеркәсіп кешенін дамытуға да ерекше көңіл бөлген. Мәселен, «Аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуға тиіс» деп, жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеуді, егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің интеллектуалды жүйелерін қолданысқа енгізуді, адами факторды азайтып, егіншіліктің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетуді басты назарға қойған. Бұл салада да, жайсыз климат жағдайына қарамастан, Маңғыстау облысы озық тәжірибенің үлгісін көрсетіп отыр. Жергілікті агроөнеркәсіп өкілдері заманауи технология өнімдерін – тамшылатып суару мен «ақылды» жылыжай жүйелерін енгізу арқылы өз өндіріс қуатын кеңейтіп, өндірілетін өнім көлемін ұлғайтып келеді. Бүгінгі күні облыста осы үлгідегі 26 жылыжай тұрақты жұмыс жасап, облыс тұрғындарын сапалы азықпен қамтамасыз етіп отыр. Былтыр Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында ауданы 3 гектар болатын жаңа жылыжай құрылысы аяқталса, биыл Мұнайлы ауданында жаңа инновациялық технология – гидропоника әдісі негізіндегі «ақылды» жылыжай кешенінің құрылысы басталды.

Сондай-ақ, кездесу барысында мемлекет басшысының соңғы Жолдауларында айтылғандай, шикізатқа деген тәуелділіктен арылып, зияткерлік бизнеске көшу, ақыл-ой әлеуетін арттыру төңірегінде де әңгіме өрбіді. Ол туралы мұнайшылар ұжымына Маңғыстау облыстық маслихатының депутаты, бүгінде өңірде IT саласын дамытуға жұмыстанып жүрген Аббат Өрісбаев тарқатып берді. Айтуынша, IT яғни ақпараттық технологиялар саласы кез-келген экономиканың түпкілікті бет бұрар бағыты. Біз де, ерте ме, кеш пе осы саланы игеруімізге тура келеді. «Бұрын барсаң, орын бар» демекші, IT-ді ертелеу игергеніміз әрине өзіміз үшін жақсы. Бір қызығы, бұл бағытта жетістікке жету үшін көп қаржылық инвестицияға деген қажеттілік те жоқтың қасы. Ең маңыздысы зердені дамыту, білімді тереңдету, қоғамның қажеттілігіне сай ақпараттық шешімдер ұсыну, жаңа технологиялар ойлап табу. Бүгінгі күн әлем экономикасының көшін бастап тұрған «Facebook», «VK», «Google» сынды алпауыттар бір кездері бастауын жалғыз компьютерден алған десек, біреу сенер, біреу сенбес. Сөзімізге салмақ беру үшін салыстырмалы түрде қарасақ, IT саласының сондай көшбасшыларының бірі «Yandex» ресурсының бүгінгі нарықтық құны 60 млн. АҚШ долларына бағаланып отыр, ал еліміздің шикізат нарығын бастап тұрған 90 мың қызметкері бар «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ құны не бары 30 млн АҚШ долларының айналасында екен. Осыдан кейін IT саласының әлеуетіне күмән келтіру мүмкін емес сияқты. Соңғы жылдары «долларлық миллионерлер» де тек осы саладан шығып жатыр екен. Бұл да саланың қуаттылығының дәлелі болса керек. Сөзін қорыта келе, Аббат Жәңгірханұлы келесі ұрпақты осы бағытта тәрбиелеуге шақырды.

Қорыта айтқанда, Елбасымыздың Жолдаулары жетістіктерге жол сілтер Темірқазығымыз болмақ. Сондықтан, Жолдауды оқып, ондағы міндеттерді жергілікті деңгейде өз саласында жүзеге асыру әр қазақстандықтың мемлекет алдындағы азаматтық борышы.

Ғ.Әбдісадық

 


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту