Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
30.01.2018 ЖАСТАРҒА ЖАҢА КӘСІПТІК БАҒДАР КЕРЕК

      

Жолдаудан кейінгі ой

Қаңтар айында ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің алдына нақты-нақты 10 міндет қойып, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жолдады.

Жолдауда «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді. Елімізге дамудың жаңа сапасы қажет. Жаhандық трендтер көрсетіп отырғандай, бірінші кезекте, төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін кеңінен енгізуге негізделуі тиіс» - деп үлкен жауапкершілік жүктеді.

Ойлап отырсақ, қазақ жерінен мұнай бұрқағы алынғанына да 120 жылға жуықтап қалыпты. Ал, Маңғыстау өңірінен мұнайдың табылғанына биыл 57 жыл болады екен. Осыншама уақыттың ішінде Отанымыздың өркендеуіне, экономиканың өсуіне, халықтың тұрмыс-жағдайының жақсаруына бірден-бір үлесін қосқан осы мұнай емес пе? Жер қойнауынан қаншама қара алтын өндірілді десеңші...

Дегенмен де әр нәрсенің шегі, шеті, шектеуі болады деген. Табиғаттың өз заңдылығы бар - мұнай қорының азаюы, тіпті сарқылуы да мүмкін ғой. Жер астындағы мұнай қорын көбейтіп отыру үшін жаңа мұнай кен орындарын іздестіру, табу жұмыстары жүргізілуі керек. Менің ойымша осы жұмыстар соңғы кезеңде саябырсып, тіпті тоқтап қалғандай көрінеді. Себебі ашылып жатырған бірде-бір мұнай кен орындары жоқ. Бұрынғы ашылған мұнай-газ кен орындарын қайта барлап (доразведка), төменгі қабаттарын ашып қараса мұнай қорын көбейтуге болар еді. Мысалы Қансу, Еспелісай, Өзен т.б. кен орындарында перспектива барын жоққа шығармаймыз.

Өлкеміздегі өндірілетін мұнайдың басым бөлігін беретін компания - «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы. Қоғамға қарасты Қаламқас, Жетібай кен орындарындағы мұнайдың жер астында қалған қоры, өндірілуге тиісті қордың 30-40 %-пайызы. Әрине, бұл мұнай бүгін, ертең, әлде арғы күні таусылып қалады деген сөз емес. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауында 10 басымдықтың негізгісі - өндірістік саланы жаңғырту. Осы бағытта «Маңғыстаумұнайгаздың» негізгі мұнай өндіріп отырған кен орындары - Қаламқас пен Жетібай мұнайшылары да мүмкіндігінше аз шығын жұмсап, мол өнімге қол жеткізу жолдарын қарастырып жатқанын білеміз. Бұл - химиялық әдістерді пайдалану, жаңа технологиялардың тиімділігін жоғарылату, жаңа техникалардың нәтижелігін көтеру арқылы өндірілетін өнімнің көлемін арттыру.

Қазақта «Үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без» деген сөз бар. Сондықтан да кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Әсіресе, біздер, ата-әжелер, ата-аналар, үлкендер балаларымыздың, немере, шөберелеріміздің болашағын қазірден бастап ойлануға тиіспіз. Қазіргі мектеп бітіруші, жоғарғы класстағы оқушыларға, жалпы жастарға мамандық таңдауда бағыт-бағдар беруге, жалпы ел экономикасына, өлкемізге қандай маман кадрлар керектігін айтуға міндеттіміз деп ойлаймын. Бұл мәселеге жұртшылықпен қатар, облыстық білім басқармасы да, жұмыспен қамту орталықтары да, басқа да құзырлы мекемелерде атсалысуы керек деп ойлаймын.

Менің ойымша, қазіргі уақытта мына бағыттағы мамандар керегірек сияқты:

1. Маңғыстауды аспан астындағы мұражай деп бекер айтпаған. Өлкемізде туризм саласы дамып келеді, сондақтан туризм саласының мамандары.

2. Маңғыстау - тоғыз жолдың торабы. Су жолы, темір жол, автокөлік жолдары арқылы дүниенің төрт бұрышына шығуға болады. Көлік пен логистикалық құрылымдардың дамуы басталды. Көлік, логистика құрылымдары, жүк тасымалдау мамандықтарына сұраныс енді артады. Сондықтан да ұл-қызды осы салаға бейімдеуге ақыл қоссақ.

3. «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясында цифрлық технологиялар өмірдің барлық саласына еніп келеді. Сол себепті IT саласы мамандары керек.

4. Бәріміз де ауылдан шықтық. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген қажеттілік - тіршіліктің негізі. Жолдауда көрсетілгендей, агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру керек. Ол үшін ауылшаруашылық кешенінің мамандары қажет, әсіресе, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу технологиясы мамандары.

5. Біздің бала-шағамыз, немере, шөберелеріміздің болашағы орта және шағын бизнеске байланысты болатын кезең алыс емес. Сол үшін жастарды кәсіпкерлікке баулып, бизнеске бағыттау керек.

6. Энергетика мен құрылыс мамандықтары әр уақытта керек деп ойлаймын.

7. Әрине, жастардың барлығының бірдей жоғарыда көрсетілген мамандықтарды алуға мүмкіндіктері бола бермейді. Сондықтан тегін кәсіптік білім беру саясаты өте дұрыс шешім деп есептеймін. Әрқашанда кәсіби маман құрметтеледі және барлық жерде керек. Сол себепті кәсіби мамандық алған дұрыс.

Мұнайлы өлкенің болашағы – ұрпағымыздың, желкілдеп өсіп келе жатқан ұл-қыздың қолында, солардың жауапкершілігінде. Бір кезде менің тұстастарым, алпысыншы-жетпісінші жылдың жастары қажырлы қайратпен Маңғыстаудың бағын ашса, екінші мыңжылдықта ата-бабаның еңбек, ерлік дәстүрін алға апаратын біздің балаларымыз. Сондықтан да Жолдаудан кейін өз ойымды Өздеріңізбен бөлісуге асықтым, құрметті кейінгі буын әріптес!

 

Ө. Сағындықов,

ардагер мұнайшы

 


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту