Отандық өнімнің өрісін кеңейтіп, ауылдарда жұмыс орындарының сақталуына сеп болып, кенорындарында мұнайшыларды сапалы ет- сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы бұл үрдісті бекіте түсті. Өңірге өң берген компанияда өткен сенбі күні Маңғыстау облысының әкімдігі, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Үшжақты меморандумға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекмұрат Жүсіпов, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев және кәсіпкерлер қол қойды.
Кездесуде аймақ басшысының орынбасары Бекмұрат Қыдырбайұлы өндірісі өрлеген «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының игілікті қадамы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының әлденуіне жол ашатынын жеткізді.
– Өзара келісімге, серіктестікке бастайтын құнды құжат еңбекке құлшындырады. Үш тарапқа да тиімді меморандум аясында игі істер атқарылып, сенімділік пен ынтымақтастық үйлесім табатынына сенім мол. Еліміздің экономикасын көтеруге, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне белсене атсалысып келе жатқан компанияға халықтың атынан ризашылығымды білдіремін. Қызметтерін жақсы атқарып келе жатқан жергілікті кәсіпкерлер де бәсекеге қабілетті, сапалы өнімдер шығарып, істерін жауапкершілікпен орындап, мұнайшылардың көңілінен шығады деп сенемін. Баршаңызға бұл істе сәттілік, табыс тілеймін. Еліміздің көркеюіне бірігіп қызмет жасайық, – деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекмұрат Жүсіпов.
Жиында сөз алған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев бұл бастама 2014 жылдан бері облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асып келе жатқанын, биыл меморандум мерзімі аяқталғандықтан тағы ұзартылғанын айтып өтті.
– Бұрын кенорнына республикамыздың түкпір-түкпіріндегі шалғай облыстардан тасымалданатын. Жергілікті шаруаларды қолдай отырып, мұнайшыларға жайлы жағдай жасау мақсатында осы бастаманы қолға алдық. Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің қатары артып келеді. Біз кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынаста, түсіністікте жұмыс жасап келеміз. «Маңғыстаумұнайгаз» жергілікті кәсіпкерлерден 2015-2017 жылдарға арналған меморандум аясында 1 млрд. 508 млн. теңгеге өнім сатып алды. Кенорнында мұнайшыларға берілетін тағамдардың сапасы едәуір жақсарды. Жаңа меморандум аясында 1 млрд. 263 млн. теңгеге ет, сүт және балық, ұн және тағы басқа өнімдерді сатып аламыз. Оның ішінде 860 млн.теңгеге ет алуды жоспарладық. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен біздің өңірімізде де кәсіпкерлерге, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге мемлекеттік қолдаудың аясы кеңейе түсті. Біз де шама- шарқымызша бизнестің буынын бекітуге, шағын және орта кәсіп иелеріне қол ұшын созып, отандық өнімді кеңінен тұтынуға атсалысып отырмыз, – деді Бақыт Алтайұлы.
Кездесу кезінде тараптар туындаған сауалдарды талқылып, өзара келісімге келді. Құнды құжатқа қол қойғаннан кейін үш тарап сенімді серіктестікте жұмыс жасауға уағдаласты.
«Маңғыстаумұнайгаз» компаниясындағы кен орындарына бірнеше жылдан бері ет өткізіп келе жатқан «Қинах-Шопан» ЖШС директоры Бекайдар Қапашовтың айтуынша, бұл құжат жұмыс орындарын сақтауға, кәсіпкерліктің көсегесін көгертуге, халыққа тиімді жағдай жасауға мүмкіндік береді. Кәсіпкер халық тапсырған қой, түйе, жылқыны жаңа сойылған күйінде кенорындарына жөнелтеді. Осылайша, компаниямен келіскен мөлшері бойынша айына 9 тонна етті тапсырып отыр.
– Ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу үшін көше араламай, базарға жүгірмей, мұнайшыларға өз қолымызбен тапсырып отырмыз. Жолдың бойында тұрып қымыз, шұбат сатып тұру да бізге лайық емес. Халықтан алып, өндіріске тапсырып тұру – ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бағындырған белесі деп есептеймін. Осы уақытқа шейін компаниямен ымыра-шылдықта жұмыс жүргізіп келеміз. Келісімге қарай қой, жылқы, түйе еттерін тапсырамыз. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Алтайұлы біздің қойған талаптарымызды орындап, қолдан келгенше қолдау көрсетіп келеді. Алдағы уақытта бірге жемісті жұмыс жүргіземіз деген сенімдемін, – деді «Сенек» ЖШС директоры Қалпақ Наурызмағанбетов.
|