Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
07.03.2018 КӨКТЕМ-КӨҢІЛ, ШӘМШІ-ӘН...

      

8 Наурыз - Халықаралық әйелдер күні

Көктемді қанатына қондырып, Маңғыстауға Шәмші-Ән келді. Әуезді саз әсем үнмен үйлесіп, дүниені мақпалдай жұмсақ әуенімен әлдиледі. Аналар мейрамы күні «Абай» мәдени демалыс кешеніне жиналған мұнайшы қыз-келіншектермен тәтті күйге тебіренген көптің қатарында біз де болдық...

Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай наурыз айының 5 жұлдызында «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының қолдауымен Жас мамандар Кеңесі ұйымдастырған Шәмші Қалдаяқов әндерінің кешіне қатысқан қыз келіншектерге компанияның, мұнайшы жастар сыйлаған сыйдың аяулысы болды бұл концерт.

...Жарық! Дыбыс! Әуезді ән! Энергетика! Көрерменге деген жылы жүрек! Боямасыз өнер! Жеңіл-желпі әндерден қасаң тартып бара жатқан сезімдерді селт еткізгені рас.

Бұл күні сахна төрінде «Қаламқас» вокалды аспаптар ансамблінің және мұнайшы өнерпаздар Дидар Мұңалбаев, Марат Сәулебай, Айсұлу Есниязова, Қадірбек Құдияров, Әсет Нұрсебепов, Жаңалық Бисенқұлов, Махинұр Ерғали, Марат Оразбаев, Әлімжан Бөлекбаев, Нұрлан Битан, Талғат Жакуповтың орындауында Шәмші Қалдаяқовтың қайталанбас жиырмаға жуық әндері орындалды.

Зал толы көрермен бұл жолы əнмен ғана сусындамай, әсерлі оқылған поэзиядан, театрландырылған койылымдар мен би әлеміне еніп, жадырап отырды. Көрермен қауымның пейілінен қуат алған өнерпаздар əрбір əнін аруларға деген ізетпен, аналарға деген құрметпен əспеттей ұсынды. Содан болар, залдағы тыңдарман нақышына келтіре орындалған дүниелерді жүрек қақпасын айқара ашып қабыл алды. Ықыласпен соғылған алақан мен құшақ-құшақ гүлдер осының айғағы еді.

Бұл кеште вальс каролінің ұмытыла бастаған «Жаңғырған Маңғыстау», ҚР Мәдениет ісінің үздігі, жез таңдай, күміс көмей әнші Ақмарал Ерімбетованың орындауында «Жақсы гүл» әндері шырқалып, соңы «Анаға сәлем» әнімен жабылды.

Мерекелі кештің қақ ортасында болған облыс әкімінің орынбасары Руслан Сақиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамының өкілі Еркін Рақымбергенов, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Бақыт Иманбаев, бас директордың бірінші орынбасары Пэй Цзяньшэн мырзалар сахна төрінен мұнайшы зейнеткер аналарға, қыз-келіншектерге жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Көрерменге деген ыстық ықыласпен, тыңдарман талғамына ерекше құрметпен құрылған концерт бағдарламасы жаңашылдығымен баурап, қазақ музыкасының алтын қорында қазақ Вальсінің Королі Шәмші Қалдаяқовтың жұртшылыққа жетпей жатқан, тыңдаушысын әлі таппаған тың шығармаларын да ұсынды. Сан жылдар бойы қазақтың даласы мен баласын, бабасы мен данасын ән әуенімен тербеткен бұл концерт Шәмшінің мәңгілік ғұмырын паш еткені сөзсіз. «Ақ Ерке – Ақ Жайықтың» жағасында шалқып, «Бақыт құшағында» балқып, «Қайықтың» сазында тербелгендей әсерде болдық», - дейді мерекелік шараның әсерінен тарасып жатқан зейнеткер апаларымыз бен әсем әріптестеріміз.

 


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту