Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
02.06.2018 ЖІГІТТІҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН ЖҰРТЫ БІЛЕР
 

Еңбекпен есейген Ерлер

 Мұнай-газ өндіру операторынсыз мұнайдың өндірісін елестету ақылға сиымсыз нәрсе. Теңеуін келістіріп, кәсіпшіліктің тамыршысы деп айтсақ, басқалар өкпелемейді-ау, осы... Қолына құрал-саймандарын алып, қыр асып бара жататын, құба жоннан ойға құлап келе жататын жүздері кұнқақты жігіттер салған сүрлеуде "Қаламқасмұнайгаз" өндірістік басқармасы мұнай және газ өндіру цехының қызметкері Сағынғали Науыршаевтың да ізі жатыр.

Сағынғалидың міндеті бір басына жетерлік. Күніне өзіне тиесілі жиырмадан аса ұңғының жағдайын саралайды. Бірде жағымды жаңалықпен жүзі жадырап келсе, бірде жөндеушілерді іздеп жүреді. Мұнай өндірісі сыбай-сылтаң, салқамсоқтықты кешірмейтін тірлік. Тынымсыз жұмыспен таңды атырып, күнді батырады. Соған лайықты несібесі бар. «Көзімізді ашқалы көріп келе жатқанымыз осы мұнай, осы кәсіп. Өмірбаян мұнайшылықпен жазылуда. Ауылдан ұзамай қалдық-ау деген өкініш болмапты өз басымда. Керісінше қазаққа бұйырған ен байлықтың бір бөлшегінде біздің де үлесіміз барына көңіл тоқ. Маңғыстаудың ғана емес, байтақ қазақтың атақ-абыройы осы «қара алтында» болып тұр ғой, мүмкін азаматтың мұраты мен бақыты осы шығар. Халыққа, елге шамамыз келгенше еңбек еттік», – дейді ол.

Сағынғали ағамыздың бұлай деуі де негізсіз емес. 1997 жылы аталған цехқа жұмысқа тұрған Сағынғали Еменұлы 21 жылдан бері Қаламқаста еңбек етіп келеді.

- Өзім қызмет ететін №70 топтық қондырғыда оң нәтижеге қол жеткізуге барлық мүмкіндік бар. Екі вахтаны қосқанда 160 адамдай маман жұмыс жасайды. Барлық жігіттер сияқты, менің де ұзақ жылғы еңбегімнің, ең бастысы, табыстың кілті - табандылық пен шыдамдылықта жатыр, - дейді Сағынғали аға.

Жігіттің төрт құбылысынің түгелдігін түгендесек, ұшқан ұясы, еліне қызметі, ұрпағына қамқорлығы болып жалғаса беретіні хақ. Ал Сағынғали Науыршаевтың өмірбаянын таратсақ, Қаратаудың бауырына қонған елде Жібек Қорғанованы білмейтін жан сирек. Жібек әже Онды ауылдық кеңесінің төрайымы болған, соғыстан кейінгі ауылшаруашылығын қалпына келтіру жылдарында белсене еңбек еткен аяулы аналардың бірі, Маңғыстау ауданының Құрметті азаматы ресми атағы бар жан еді. Маңғыстау тарихына қатысты жазбаларда «Еңсеріп жұмыс жасайтын ер-азаматтар топ-тобымен майданға аттанды. Тұрмыстың ауыр салмағы әйелдерге, қарттар мен бозөкпе балаларға түсті. Жібек Қорғанова, Айсәуле Қоқымова (жазушы Әбіш Кекілбаевтың анасы), Шолпан Заманова ер-азаматтардың орнына шахтаға түскен алғашқы шахтер әйелдер болды» деген тасқа басылғандай етіп жазылған. Сондай-ақ осы мақаланы жазу барысындағы ізденісімде «Егемен Қазақстан» газетінде ертеректегі әжеміздің өзінің сөзін кездестірдім. «Өткен ғасырда 15 жасымда еңбек жолымды бастадым. Комсомол, партия жұмыстарының барлық баспалдақтарынан өттім. Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндері Таушықтағы көмір шахтасында қыз-келіншектер бригадасын басқардым. Қиындықты да көп көрдік. Бірақ жасымадық. Жалындай түстік. Соғыстан соң ұзақ жылдар ұжым­шардың ауылдық кеңесін басқардым. Абырой-атақ еңбекпен келді» деп жазыпты ардагер-ана.

Сағынғалидың еңбекқорлық өнегесінде Жібек Апа тәрбиесінің де салмағы бар. Жыңғылдыдағы Шоңайлар қауымында мәңгілікке тыныстаған апамыздың батихасы шығар, Сағынғали бір шаңыраққа тұлға, үбірлі-шүбірлі, бала-шаға тәрбиелеген, алыс-жақындағы ағайын-жұртқа қадірі асқан, абыройы бар азамат. Бір айта кететін дерек, қазаққа аты мәлім, талантты ақын, белгілі журналист Гүлнар Науыршаева да осы әулеттің перзенті, бауырларының арқа сүйер ақылшысы.

Маңқыстау түбегінің маңдайалды жүйріктерінің бірі Түмен Балтабасұлының:

...Маңқыстау, білемісің, неғылған жер?!

Қашаннан қалың дәулет бағылған жер, - деп жырлайтын майлы қиян, кең түбектің өзі де аңыз, адамы да аңыз, қазынасы да аңыз.

Елде бар дәпке, ағалар салған жолға адал Сағынғалидай мың сан қаламқастық мұнайшылардың да ел болашағына артқан сенімі мол, үміті үлкен. «Тозар елдің жанжалы көп, озар елдің арманы көп». Болашаққа сенім бар жерде істің оңға басуы даусыз. Сондықтан да қарапайым тірлік кешіп, ел қазынасының молаюына атсалысып жүрген Сағынғали Науыршаев секілді азаматтарды «қара алтынның» қара нарлары деп демеске, енді, шараң, қәне...

Жаннат КЕМАЛ


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту