Мединеде – Мұхаммед,
Түркістанда – Қожа Ахмет,
Маңғыстауда –Пір Бекет!
Қайран Әбіш Аға! Сенен артық кім айтқан, енді ешкім айта алмас та...
«Бұл өлкедегі әр шаңырақ қуанған кезінде де, құлазыған кезінде де алдымен Бекеттің атын ауызға алған... Жақсы заманда да, жаман заманда да. Оған деген ел сүйіспеншілігіне қылау түсіп көрген жоқ. Өйткені, ол тірісінде – елінің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген азамат. Жаудан елді арашалаған Батыр. Дауда әділетті арашалаған Қази. Озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған Пірәдар...
Елі мен Жерін шексіз сүйген Асыл Азамат, Абзал Адамды Елі де шексіз сүйеді.
Бекет-Атаның басты құдіреті – міне, осында... Адалдықтан асқан құдіреттіліктің, әділеттіліктен асқан әулиеліктің болуы мүмкін бе?!
Ендеше, сондай асқақ жұртының ақар-шақар шың басындай тәкаппар жүрегінен мәңгілік жәннат тапқан Әлсізге - Медет, Күштіге - Айбар, Зарыққанға - Жебеу, Тарыққанға - Демеу, Асқанға - Тосқан, Сасқанға - Сая, Ұрпаққа - Ұстаз, Ұлысқа - Ұран, Ел Иесі, Жер Киесі – Пір Атаға қанша тағзым қылсаң да, артық емес деп білеміз.
Өйткені, атасыздық – отансыздық, отансыздық – опасыздық, опасыздық – имансыздық. Ал имансыздық еліңнен, жеріңнен безінтіп қоймай, өзіңнен де безіндірері сөзсіз. Өзінің қадірін білмеген, ненің қадірін білуші еді?! Ештеңенің қадірін білмеген, ешкімді де қарық қылмайды. Құдай тек сондайдың бетін аулақ қылғай!
Ал Өткенде Жақсылардың болғанына сенетін адам, бүгінде Жақсылардың барына сенеді. Ал Жақсылардың барына сенетін адам өзі де, Жақсы болуға тырысады.Ал Жақсы болудың, Жақсылық жасаудан басқа жолы жоқ.
Ал Жақсылық жасаудың, Жаман Атқа ілігуден аулақ болудан басқа жолы жоқ. Ләйім, әрқайсымызды, бәрімізді, жалпақ жұрт жамағатымызды Жаманаттан, Жаман Аттан сақтағай! Жақсы Тілегімізді жөн тыңдап, жөн түсінер Жақсы Құлақтар мен Жайсаң Жүректер көбейе бергей».
...Тобықтыдағы Бекет Ата мешітіне сапарды қағазға түсірер сәтте Абыздың Аталы сөзін алға салдық. Қуанса да, қорықса да әуелі Аллаға, сосын Бекет Атаға сиынатын қазақтың әр перзенті Киенің қадір-қасиетін білгеннің үстіне білгені, сезгеннің үстіне сезе түскені абзал. Өйткені, табынатын, таңғалатын тәлімді өзге жақтан іздеуге бейімділік, рухани мәңгілікке айналған жәдігерлерімізді мансұқтаудың сесі бар осы бір алмағайыптау уақытта Рухты ұлығылаудан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз кәміл.
... Мамыр айының 19-ы күні Маңғыстауда аспан айналып жерге түсті дегендей ыстық болды, +35°. Алайда аптапты күндерде дала төсінде жұмыс жасауға әбден машықтанған мұнайшылар үшін ауа-райының бұл «мінезі» үйреншікті болғаны қашан... Табанымен жол суырған жүрдек көліктер де таңертеңгі салқынмен ыстықтан қашып өндіре құйғытқанмен шіліңгір аптаптың құшағына шақырым санап еніп бара жатты... Бағыт – Қызылқала ортағасырлық қалашығы, онан әрі - Тобықтыдағы Бекет Ата мешіті. Алда - 230 шақырым жол.
Сапардың мақсаты маңызды! Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласына қолдау көрсетіп, оны жүзеге асыруға атсалысу. Сонша мұнайшының басын біріктірген шара - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ «Қазақстанның рухани әруақ қонған жерлері» бағытын іске асыру үшін киелі Маңғыстау өңіріндегі «Үстірт ескерткіштеріне – ел тағзымы!» атты корпоративтік акциясы. Акция аясында Ұлттық компанияға қарасты 23 кәсіпорын бір мезетте аймақтағы өз қамқорлығына алған мемлекет қорғауындағы 28 тарихи және мәдени, әдет-ғұрыптық нысандарға сенбілік өткізуге шығыпты. Әр компания - әр тарапқа! «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы мұнайшылары да өз бағытымызға бет алып келеміз. Ойлы-қырлы жерлермен орғытып келе жатқан автобустағы мұнайшылардың бар зейіні – қаладан шыққалы бері көне жәдігерлерінің көптігінен теңдесі жоқ Маңғыстау туралы, ескерткіштерінің тарихи маңызы туралы төгілтіп сыр тарқатып келе жатқан қорық қызметкері Айман-қызда...
... Көштің басында жол апшысын қуырған үш «джиптің» ішінде Бас газет – «Егемен Қазақстан», сондай-ақ «Хабар», «Қазақстан» Ұлттық арнасы, «Нұр кз», «Тенгриньюс» сайттары, «Маңғыстау» телеарнасы, облыстық басылым журналистері. Осы өлкеде оларға таңсық ештеңе жоқ. Дегенмен сапардың мақсаты, «Маңғыстау облысы әкімиятының тарихи және мәдени ескерткіштеріне қамқоршылықты бекіту туралы» қаулысы, осы қаулыға орай «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы қамқорлығындағы «Қызылқала ортағасырлық қалашығы», «Сисем Ата» тарихи ескерткіші, Тобықты жеріндегі Бекет Ата мешітіндегі атқарған жұмыстар туралы біз де ауыз жаппай мағлұмат беріп келеміз...
...Сәске аумай, алғашқы аялдама - Қызылқала ортағасырлық қалашығына ат шалдырдық. Құрамында «Жас мамандар» кеңесі мүшелері бар қара алтын өндірушілер «Қызылқала» қалашығының қазба жұмыстары жүргізілген орнында болып, тазалап, қоқыстарды жинады. Айманның ежелгі қала туралы тарихи мәліметтерін тыңдаған әріптестеріміздің ризашылықтары тіптен шексіз, алғыстарын сөзбен жеткізе алмай жатты...
Осыдан тура бір ай бұрын компания ұжымы болып барып тазалап кеткен Ақмыш сайдың іші толы турист. Саялы бақтың іші жып-жинақы. Оқушы балаларға соңдарынан қоқыс қалдырмауға ақылымызды айтып, сапарымызды жалғастырдық. Шерқаланың бауырынан шығып, Көгөзді жағалап Қызанға шыққанда дейінгі тақтайдай жолды тастақ жол ауыстырды. Қалалықтарға бәрі таңсық. Бәрінің сұрағы – Бекет Атаның Тобықты жеріндегі мешіті туралы.
...Қазіргі таңда Бекет атаның намаз оқып, шәкірттер оқытқан мешіттер саны бесеу десек, оның біреуі – Жем бойында Ақмешітте, үшеуі Маңғыстауда – Бейнеуде, Оғландыда және осы Тобықтыда орналасқан. Ол XVIII-XIX ғасырлардың ескерткіші саналады. Бесінші мешіті – Арал жағасында, Баялы деген жерде деп айтады. Мешіт тарихын тарқатсақ, Маңғыстауда палуан, сәулетші, көріпкел Байсал Мырзаболатұлы деген кісі өткен. Жасы егде тартқан кезге дейін перзент көрмеген Байсал Оғыландыға барып, Бекет атаның мешітін салуға көмектеседі. Мешіт жұмысына қатысып жүргенде Байсалдың еңбекқорлығына риза болған Бекет Ата: «Бір ер балалы боларсың. Біреу болғанмен мың адамға татырлық болар, атын Мыңкісі қой» – деп батасын береді. Ұл балалы болған Байсал тойына Бекет атаны шақырады. Пір ата қазір қолының тимейтінін, Мыңкісі қырқынан шыққанда баратынын айтып хабар жібереді. Байсал Бекет ата келгенше Тобықты жерінен намаз оқитын орын әзірлейді. Ол қазіргі Бекет ата мешітінің орны. Халықтың ұғымында, Байсалдың баласы Мыңкісі - Адайдың 362 әулиелерінің бірі. Байсал Толыбай қорымына жерленген, басында аты-жөні жазылған белгісі бар...
...Қаранар төбесіне жете құладық. Көкжиекке дейін көз сүрінетін ештеңе жоқ кең жазықта аппақ тобықтай болып, жарқырап сонадайдан Ата мешіті де көрінді. Құдды теңізде жүзіп бара жатқан ақ кеме сынды. Биылдыққа жаңбыр тимей, кебірсіген даладан көзге ілінер көк таппай келе жатқанда ғибадатхана маңында жайқалып тұрған жасыл ну әп-сәтте көңілге қуаныштың нұрын құйды.
Тобықты жеріндегі мешітті «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мұнайшылары өз қамқорлығына алған. Мұнайшылар тарихи орынға қоршау салып, қонақүй және ғибадат бөлмесін салу жұмыстарын жүргізумен бірге, ел азаматтарымен бірге электр жарығын және су құбырын тартуға атсалысты. Мұнайшылар отырғызған 600 түп ағаш түнеухана маңын жасыл желекке орап, әрі-бері жүрген жолаушының алыстан көзін арбайды.
Сенбілікке келген мұнайшылар әуелі Ата мешітіне барып, қасиетті Рамазан айының құрметіне Құран бағыштады, мешіттің шырақшысы Қуандық ағаның әңгімесіне ұйыды:
– Тобықты мешітінің өзіндік ерекшелігі бар. Екі ғасыр бойы су шайып, құлап қалмай тұрғаны, атүсті жүрген адамдарды жақтырмай, алдарынан жыландар шығып, жолын кес-кестеп кіргізбейтіні осыған дәлел. Бір байқағаным, қанша қар, қанша жаңбыр жауса да, түндіктен ішке түсетін жауын көп дегенде бір құман судай болады. Табанға білінер-білінбес қана ылғал түседі. Халықтың айтуынша, Бекет атаның қай мешіті де Алланың назары түскен жеріне салынған. Зерттеушілер де осы тұжырымды қолдайды. Жұлдызбен байланыстырушылар да бар.
...Ата мешітіне ізгі ниет бағыштап келген мұнайшылар көп кідірмей екі білекті сыбанып жіберіп, талдардың түбін әктеп, шарбақты сырлап, шаруаны шаруалай кетті. Туасылы - атаның қанымен, ананың сүтімен бойларына Атаға деген құрмет сіңген бұл өлкенің ұл-қызында әруақ сыйлаудың өзгеше үлгісі бар. Бұл күні түнеуханада Ораза айының құрметіне садақа таратылып, ұлағатты батаға ден қойылды...
Жастар рухты оятатын, сананы серпитін осындай шараға ұжымның басын біріктірген Ұлттық Компания басшылығына риясыз алғыстарын қайта-қайта білдіріп жатты. Игілікті іске мұрындық болған, шараны ұйымдастыру үшін Астанадан арнайылап келіп, өздерімен қатар шаруа жасаған «Қазмұнайгаз» Ұлттық Компаниясының жауапты басшылары Еркін Рақымбергенов пен Ербол Тұрниязовтың төңірегіне үйірілген жастар осындай акцияларды жиі ұйымдастыруды, ал оны қолдауға өздерінің қашанда дайын екендіктерін айтқанда өзіміз де шексіз риза болып отырдық.
-Біз Елбасымыздың саясатына үн қосуды, оның халықты рухани жаңғырту бағытындағы бағдарламасына, сондай-ақ ел экономикасын арттыруға, Қазақстанды алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосуға негізделген барша стратегиялық бастамаларына қолдау көрсетуді азаматтық парыз санаймыз. Осы орайда «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы мұнайшылары, оның ішінде «Жас мамандар» кеңесі айтулы істерден тыс қалып жатқан жоқ. Бүгінгі әрі-бері 500-дей шақырым жолды артқа тастап, «Қызылқала» қалашығына және Тобықты жерасты мешітіне барып жасаған сенбіліктен үлкен әсермен қайтып барамыз. Ел тарихы туралы танымымыздың өзі неге тұрады?! Мұнайшы жастар жақсы істерді қолдауға, өз үлесімізді қосуға қашанда дайынбыз, - дейді бізбен әсерін бөліскен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Жас мамандар» кеңесінің төрағасы Бауыржан Ходжаев.
«Қазмұнайгаз» Ұлттық Компаниясының «Үстірт ескерткіштеріне – ел тағзымы!» акциясын ұйымдастырудағы әуел бастағы мақсаты да осы болатын. Рухани серпілу дегеннің өзі осы емес пе! Бұл сапар Тобықтыдағы Бекет Ата мешіті де тектен текке таңдалған жоқ еді. Себебі, Бекет Ата «күллі жұртына кемел де кенен Ақиқатты іздеді. Адастырмас Жолды, алжастырмас Ақылды, бұрылмас Бағытты, бұлжымас Мақсатты іздеді».
...Түйін. «Өлі жебемей, тірі байымайды» деген тәмсілге сүйенсек, өткенін қастерлеп, келешегін қамдаған елдің ертеңі осал болмауы тиіс. Бабаларын ардақтаған мұнайшылардың ісі көпке үлгі, көңілге ыстық.
«...Пір Бекет, менің білуімше, бізден ешқашан, ешқайда кетіп көрген емес. Тіпті күні кешегі қызыл идеология үстемдігі тұсында да сол кездегі көзі тірі ұрпақтың көпшілігі күні-түні құлақтарына құйып баққан құрғақ уағызға емес, атадан балаға жалғасып, көкіректеріне қонып қалған ұлы бабаның әруағына ұйып, айтып кеткен аталық ғақлияларына иланды. Ел ішіндегі бір сөз тапқыр жігіт айтқандай, «бұл өлкедегі бір обком, бес райком, екі горкомның кеңірдек жыртқандары айдаладағы кеуек үңгірде жатқан кемеңгер шалдың үнсіз үгітін тойтара алмады». Біз қиналған замандарда халқына рухани тірек болған, ұлттық болмысымыздың ұйтқысын бұздырмаған ар-ұждан сақшысы, Алланың атын ұмыттырмаған ақиқат жаршысы... болғаны үшін оған мәңгі қарыздармыз». Жолсапар жазбаны заманымыздың Кемеңгері Әбіш Ағаның Сөзімен бастап едік, Абыздың Ата туралы Ақиқатымен аяқтауды жөн көрдік!
Әрдайым баршамызды Бекет Атаның әруағы қолдай жүргей!
***
«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы қамқоршылығындағы келесі нысан - Сисем Ата некрополында да бұл күні «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының мұнайшылары сенбілік жұмыстарын жүргізіп жатты.
«Маңғыстау облысы әкімиятының тарихи және мәдени ескерткіштеріне қамқоршылықты бекіту туралы» қаулысына сәйкес компания тарапынан Сейсем Ата ескерткішінің аумағы 1,5 шақырым қоршаумен қоршалып, 2011-2012 жылдары некропольды реставрациялауға 10 млн. тенге қаражат бөлінді. Көрсеткіш белгі қойылып, тротуар төселді. Ескерткіштің шалғайлығына орай ғылыми-зерттеу жұмыстарына жағдай туғызу мақсатында тікұшақ алаңы жасақталды. Сондай-ақ жыл сайын «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының мұнайшылары Сисем-Ата қорымына келіп, тазалық жұмыстарын жүргізуді дәстүрге айналдырған.
Биыл да сол үрдісті жалғастыруға барған қара алтын өндірушілер арнайы техникалардың көмегімен қоқыс шығарып, тазалық жұмыстарын өткізді. Қолдарына күрек алған 20-ға жуық қызметкер, алдымен қорым айналасын қураған арам шөптерден тазартты, жаздың ыстығында өрт қауіпі болмас үшін техникамен екі қайтара айналдырып күреп шықты. Бір топ мұнайшы қоршауды сырлап, түсін жаңартты. Ескі түнеухана бұзылғалы бері үйіліп жатқан 30 тонна құрылыс қалдықтары Жетібайдан арнайы алып келген ауыр жүк тасымалдайтын көлікке тиелді. Сондай-ақ көгалдандыру жұмыстары да назардан тыс қалмады, жастар жағы талдарды суарып шықты.
-Мұндай іс шараны біз жыл сайын Сисем-Ата қорымы басында ұйымдастырып отырамыз. Біздің мұнайшылардың ата-баба тарихына құрметі, Маңғыстау ескерткіштерінің жай-күйіне деген қамқорлығы ерекше. Сондықтан да болар, осындай елдік шаруаға ұйымшылдықпен атсалысады,-дейді «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы әлеуметтік топ жетекшісі Қыдырғали Демегенов.
Жердің шалғайлығын ескеріп, түнемелікке барған жетібайлық мұнайшылар үшін «іздегенге-сұраған» дегендей қуанышты жайт болды. Құрамында Ресейдің, Каспий төңірегіндегі елдердің, Қазақстанның ғалымдары бар Маңғыстау мұраларын зерттеуге шыққан халықаралық ғылыми экспедицияның жолы да сол күні іңірде Сисем Атаға түскен екен. Алдарына бас тартып, арнаулы қонақасыларын берген мұнайшыларға олар да дән риза:
- Шетелдік қонақтардың алдында бір марқайып қалдық. Мұнайшыларымыздың руханиятты ісін көріп. Тым-тәуір қыздар мен жігіттер Аталарға қызмет етіп, абаттандырып, садақаларын жолымен беріп имандылықпен істерін атқарып жатыр екен. Жастардың елге деген пейілі жүріс-тұрыстарынан көрініп тұрды, - дейді өлкетанушы Алқажан Еділханов.
Топты бастап жүрген белгілі өлкетанушылар Алқажан Ағамызбен, Нұрлан Құлбаевпен кездесудің сол күнге орайласа кетуі де тегіннен тегін емес-ау... Кешкі самалға кеуде тосып, жақсы сөзге үйірсектігі бар жастар жағы бағзы тарихтан біраз нәрсені көкірекке түйді. Сисем Атадағы көне жазулардан Нұрланға оқытып, ілгерідегі аталарының бейітін тапқандар да бар. Олжалы сапар деген осы...
М.Ғұмарова,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|