Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
10.09.2018 АСАРДА ДУМАН КҮН ҚАНДАЙ!..
  

Біз көрген бүгінгі Асар басқа Асар! Жан-жақта жапан түзді белуарлап жатқан толқын-толқын төбелер мұнайшылар кенті беттен төгіліп жатқан өнерпаздардың әні мен күйіне балқып асқақтай түскендей, әшейінде бұрқыратып-бұрқыратып алатын тентек шаңыт та адамдардың емен-жарқын көңіліне мейірі түскен болу керек, мүләйім. Көне күннің қойнауына кеткен жылдардың көзіндей болып жататын ұзыннан ұзақ созылып жататын барақ іспетті жатаған жатақтардың ортасынан баяғы асхананың орнынан бой көтерген жатақхана ғимараты мұнайшылар мекеніне өзгеше көрік беріп тұрғаны әп-сәтте көзге ұрды...

Бүгінгі думан таң қандай!

Даланың мәңгі тырнақтап жиған байлығы

ақтарылуда фонтандай!

Достыққа мәңгі шам жағып,

бас қосты бүгін сан халық-

мұнайшы мұнда даланың командиріндей

барады самғап алға нық, -

деуші ме еді қазақ поэзиясының падишасы Фариза ақын... Баяғы Жетібайды ашқан мұнайшыларды туу Алматыдан арнайы іздеп келіп, мұнайшының атын жырға мәңгілікке қалдырған Ақын көрген мұнайшының салиқалы буыны бүгінгі мерекенің қақ ортасында болды. Мұнайшылар Күнінің ең басты ұлағаты деп – Жетібайды Жетібай қылған ардагер мұнайшылардың мерекенің мәртебесін көтергенін айт! «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директоры Бақыт Иманбаев тұсаукесер рәсімдерде ақсақалдарды алға салып, өндірістің қақ ортасынан келіп тұрған жастарға үлкендердің ұлағатынан үлгі алуға үндеді, жарты ғасыр бойы қалыптасқан компанияның дәстүрін сақтауға, алға апаруға бағыт сілтеді.

Жаңа жатақхана мен ғимарат жанындағы футболдың «жасыл алаңы» мен қызылды-жасылды безендірілген орталықтағы асхана үйіне қарсы қонған дене-шынықтыру кешенінің ашылу салтанаты – биылғы «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы мұнайшылары төл мерекесінің басты шарасы болды.

Мереке салтанаты жаңа жатақхананың ашылуынан басталды. Ұзақ жыл Асар кенорнының өркендеуіне үлес қосқан ардагер мұнайшы Сары Жақсылық, бүгінгі буынның өкілі слесарь-жөндеуші Бақтыбай Балапанов «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы Бас директоры Бақыт Иманбаев, Бас директордың бірінші орынбасары Лю Цзиньчэнмен бірге жаңа мекеннің тұсауын кесті. 86 адамға арналған жаңа жатақхананың жабдықталуы мен тұрмыстық мүмкіндіктеріне жиналғандар ризашылық танытып, шексіз алғыстарын жеткізіп жатқанына куә болдық. Футболдың «Жасыл алаңын» атақты ардагер мұнайшылар Баязи Қарамұрзиев аға мен Әсима Қисметова апаның тұсауын кесуі сол еді, шиыршық атып тұрған жетібайлық атақты футболшылар компания басшылары Бақыт Алтайұлы мен Лю Цзиньчэн тастаған допты іліп әкетіп, алғашқы қос голды тордың ішінде тулатты...

Сахнадағы ресми жиынның бастауында «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Бақыт Иманбаев:

- Асар кенорнының игерілу кезеңі 1973 жылдан басталады. Қазір біз жаңғырған, өркендеген жаңа заманғы кенорнында кездесіп тұрмыз. Бүгінгі ашылып отырған 86 адамдық жатақхана, жасанды шағын футбол алаңы, кітапхана, тренажер залы, сондай-ақ жаңа кір жуу орталығы, Жаңа Жылда ашылған 75 адамдық жаңа асхана - осының барлығы компанияның әлеуметтік саясатының игі нәтижесі. Бұл Асар кенорнының даму болашағы ескеріліп жасалып жатқан маңызды әлеуметтік шаралар. Алдағы кезеңде – 2019 жылы мұнда тағы екі жұмысшылар жатақханасының құрылысын жоспарлап отырмыз, - дей келіп, барлық ардагерлерге, сондай-ақ қазіргі таңда еңбекпен ел игілігін еселеп жатқан мұнайшыларға алғысын жеткізді. Еңбекте үздік шыққан майталман озаттарды Облыс Әкімінің құрмет грамоталарымен, Энергетика министрлігі, сондай-ақ компанияның алғыс хаттарымен марапаттады.

Жиында Жетібай селосының әкімі Қуаныш Асанов, «ММГ» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Лю Цзиньчэн, "Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамы қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің" төрағасы Тарғын Мысамбаев құттықтады.

...Бір өңірдің ғана емес, бүтін бір елдің ырысына айналған байлықтың көзін ашып, өндірістің өрісін кеңейткен майталман мұнайшылардың әрқайсысының көңілінің төрінде Қарақияның ойпатынан асқақтата салған әндерінің қанатында Қазақияны бағындырған Лұқпан Жолдасов, Айгүл Қосанова, «Самал» тобы, Фарида Жолдасова сыйлаған көркем саз кетті. Елден алысқа ұзамаса да, мұнайын өндіре жүріп өнерін жетектеген Талғат Жақыпов, Айбек Жұрынбаев, Әсет Нұрсебепов, Махинур Ерғалидың сахнадағы ән-күйіне жапан даладағы качалкалар да бүгін қосыла ырғалған шығар!.. Қос ақын - қаламқастық Райымбек Түзел мен Абай Жолмағанбетовтың мұнайшыларға мерекелік арнауы жақсы сөзді сағынған мұнайшыларды біраз кеу-кеулетті...

...Жыл құсындай айналып бір соғатын төл мерекеге әсерленген көп қауым ұйымшыл ұжымның әлі де талай асқаралы асуларды бағындырып, Маңғыстаудың «алтын сандығының» жаңа қатпарларын ашатынына сенген көңілмен тарастық...


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту