Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
02.06.2018 МЕНІҢ КЕЙІПКЕРЛЕРІМ
 

Еңбекпен есейген Ерлер

Қаламқасқа тілшілік сапарда мен өз кейіпкерлерімнің галериясын ерен еңбегімен танылған жандармен тағы толықтырып қайттым. Ақтаудан шыққандағы «біздің журналистік кәсіптің өзі осынысымен ерекше» деген тоқмейіл аптығымды сайын даладағы күні-түні мұнайдың өндірісін қалыпты ұстау жолында тыным таппай жүрген мұнайшылардың тірлігі су сепкендей басқандығын мойындауға тура келіп отыр.

Сонымен, менің кейіпкерлерімнің айтпағы!

«Қабат қысымын ұстау – мұнай-газ өндірісіндегі негізгі жұмыстардың бірі. Біздің цехқа артылған жүк жеңіл емес. Сол міндеттің межесінен шығып, №1 цех жұмысының сапасын арттыруға өз үлесімізді қосып, белсенділік танытып келе жатырмыз»,- дейді Есет Наушабай.

Ал қабат қысымын ұстау цехындағы 1/2 шоғырландырылған сораптар станциясының машинисі Алмас Меңдіханов: «Станцияға қарасты 100-ден аса ұңғыға тәулігіне 1650 мың текше метр су айдаймыз. Мұнда 10 маман қызмет етеді. Барлығы да білікті жігіттер»,- деп әріптестерін көтермеледі.

Жер астына су айдап жатқан сораптар компьютермен басқарылады екен. Жаңа қондырғылардың тілін меңгерген машинистердің басқару тетігі арқылы барлық жұмысты атқаратынынан хабардар болдық.

Осы цехта басқарма құрылғалы қызмет етіп келе жатқан қос машинистің әңгімесінен аңғарғанымыз, цех жұмысы қауырт. Өндірістің өз талабы бар. Бәрін қадағалап отырмаса, тағы болмайды. Қара жұмыстың қазанында бірнеше жылдардан бері қайнап, темірдей төзім, салиқалы сабырмен қаруланған мұнайшы жігіттердің қимыл-әрекеті шалт әрі епті. Журналистік қызығушылықтан туған сан сауалымызға бригаданың аға машинисі Есет Наушабай пен әріптесі Алмас Меңдіханов бір ауыздан «берекелі еңбек етіп, несібемізді айырып отырғанымызға бек ризамыз» деп сөзді қысқадан қайырды.

«Батырға оңы-солы бірдей» демекші, қос машинист түнгі кезекте де қанаттасып еңбек етеді. Ұжым жайлы сұрағанымызда 10 адамның орақты ойын Есет ағамыз былай түйіндеді: «Дүниеде адамнан көнбіс, одан төзімді жан жоқ. Қабат қысымын ұстау цехы жұмысының қиындығына қарамастан, 20 жылдан астам уақыттан бері жұмыс жасап келе жатырған жігіттердің еңбектеріне қалай риза болмайсың. Бұлардың әрқайсысы өз мамандықтарын қадірлей біледі. Ұжымда дауыс көтеру деген жоқ. Барлығы ауызбіршілікпен, қас пен қабақпен өзара түсінісіп, өз міндеттерін мүлтіксіз атқарады. Біздің жігіттер көп сөзге жоқ. Олар әдемі сөзден ештеңе өнбейтінін, жетістік - әрекетте екеніне ден қояды».

Есет Наушабаевтың қос ұлы да әке жолын қуып, мұнай саласында қызмет етеді екен. Немерелері өсіп жатыр, тұрмыс бақуатты, қазаны оттан түспейді. Көңілінің түкпірінде осының бәрі мұнайшылық адал еңбегімен, маңдай терімен келіп жатқан ырыс-несібе екеніне қанағат бар. Ал бригадасына салса, ұжымының бір күні ғана емес, әр күні берекелі болуына, Алмастай серіктерінің абыройлы жүруіне әрдайым тілектес.

Аман ердің аты шығады.

...«Адамдық борыш, ар үшін,

Барша адамзат қамы үшін,

Серт бергем еңбек етем деп,

Алдағы атар таң үшін», –

деп Шәкәрім атамыз айтпақшы, ел үшін ерен еңбек етіп жүрген ел азаматтары аман болсын деген шынайы көңілмен шағын жазбамның нүктесін қойдым да, мақаламның басында айтқандай, кейіпкерлерімнің галериясының төрінен ағаларыма орын белгіледім!..


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту