26 маусым күні Ақтау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына қарасты «Асар» кен орнында «Абай» атындағы өнер ордасы шығармашылық ұжымдарының мәдени кеші өтті. Көңілдерді жадыратып, аспан астын әсем әуенге толтырған шара Елордамыз – Астана қаласының 20 жылдық және Ақтау қаласының 55 жылдық мерейтойына арналды. Гастрольдік сапардың мақсаты – ел экономикасының күретамырына айналған мұнайгаз саласы қызметкерлерін өнермен сусындатып, жігерін көтеріп, рухани ләззат сыйлау.
Алыстан ат арытып келген өнерпаздар шарасының шымылдығын Ақтау қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Гүлмира Мұратқызы Қалмұратова ашты. Сондай-ақ, мұнайшыларды Ақтау қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы, бұрынғы әріптесіміз Аманжол Жөнекешұлы Қартбай құттықтады. Кезек-кезек сөз алған басшылар мұнайгаз саласының еліміздің өркендеуіне қосып жатырған зор үлесі жөнінде тоқталып, мұнайшы еңбегінің қадірі мен қасиеті туралы айтып, «жеткен жетістіктерің баянды болғай»,- деп тілек тілесті. Сонымен қатар, мұнай саласына еңбегі сіңген бірқатар әріптестерімізді Астана қаласының 20 жылдық және Ақтау қаласының 55 жылдық мерейтойына орай Ақтау қаласы әкімінің алғыс хатымен марапаттады. «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының басшысы Қалмұрза Нұрбаулыұлы Бүркітов өз тарапынан қала басшылығына, өнерпаздарға мұнайшылар атынан алғыс білдірді.
...Концерт шымылдығы ашылды. Сахнада көздің жауын алардай қызылды-жасылды киінген жас өнерпаздар. Бірі билеп мың бұралса, бірі «Әнші құспын өмірге құштар» деп әншілік өнерін ортаға салып жатты. Құлақтан кіріп, бойды алған әсем ән мен тәтті күй әп-сәтте құла түздегі мұнайшылар поселкесінің сән-салтанатын асырып, жұмыстан кейінгі үйреншікті көрініске жаңаша бояулар қосты. Қарақияның төсінде качалкалармен жағаласып, жер байлығын ел ырысына айналдырып жүрген құрыш қол мұнайшылардың көңілін көкке көтергендей болды.
Сахна сыртында, кеш қызығын қыздырып ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстар да көптің делебесін қыздырды. Өндірістің тасын өрге сүйреп шыныққан шымыр жігіттер асық атып, ләңгі теуіп, қол күрестіріп, гір тасын көтеріп, арқан тартысты. Табиғатынан қызу келетін азаматтар «алыспай беріспейміздің» кебін киіп, шен-шекпендерін сыртқа тастап, ойынға шындап кірісіп кетті. Осы тұста жылдар бойы қалыптасқан әріптестік, бір жанұяның адамдарындай біте қайнасып кеткен ұжымның берекесіне әбден куә болдық. Бабы мен бағы қатар шапқандар суырылып алға шығып, жүлделі орындарға табан тіреді. Айтпақшы, нәзік жанды әріптестеріміз де спорттық сайыстардан шет қалмады. Білек сыбанған апаларымыз кір тасын көтеру мен қол күресінен өз ара сайысқа түсіп, жиналған жұрттың көзайымына айналды.
Марапаттау рәсімі... Естелік суреттер... Әзілі жарасқан замандастардың риясыз күлкілері... Айрандай ұйыған ұжым. Әуелеген ән мен күмбірлеген күй. Іңір түскенше ән тыңдап, білек сайыстырып, айға бергісіз көркем кештің қалай өткенін байқамай да қалдық...
Дәл осындай шара маусым айының 28 жұлдызы күні Қаламқас вахталық поселкесінде де өтті. Кенорнында әннен маржан шашылып, күйден моншақ төгілді. Спорттық сайыстар ұйымдастырылып, ұлттық болмысымыз насихатталды.
Мемлекет өміріндегі тарихи мерекенің, өлке төсіндегі ақмаржан қала Ақтаудың мерейтойларына орай мазмұнды мейрам сыйлаған Абай атындағы мәдени демалыс кешені өнерпаздарына мұнайшылар алғысы шексіз. |