Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
03.07.2018 ӘКЕ КӨРГЕН ОҚ ЖОНАР
  

Біздің Маңғыстауда «кімнің баласы екен», «кімнің баласы десеңші!» деген сөз бар. «Жақсыдан жақсы тусашы, ата жолын қусашы» деген тілекші көңіл бар. Оның аржағында үлкендердің жүрегінің түкпірінде адастырмас жолды, бұлтартпайтын мақсатты, ақыл мен кісілікті мұрат еткен ұрпақтың болғанын қалайтын жан қалауы тұрады-ау...

...Маңғыстаудың ойын мекен еткен жұрттың ішінде Шүкірбай Асановты жергілікті халықтың білмейтіні сирек. Көзкөргендер елдің қызметінде жүріп абырой жинаған ел ағасы еді деп қимастықпен еске алады. Белгілі өлкетанушы Отыншы Көшбай жазғандай «Маңғыстауға Австралиядай алыс көрінетін» Алматыда Алым Жаңбыршин, Нұн Жұбаев, Берекет Жұмалиев, Әбіш Кекілбаев, Сержан Шәкіратов, Болат Қонысбаев, Ораз Телемгенов, Сүлеймен Құсайынов, Терекбай Жаңбыршин сияқты мықтылардың қатарында КазГудың физмат факультетінің студенті, шайырлық Шүкірбай Асанов та астананың білім-білігі мен тәрбиесін алады. Маңғыстау ауданының комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Форт Шевченко қаласы, Маңғыстау, Ералиев аудандарындағы қызмет баспалдақтарынан өтіп, Ералиев аудандық халықтық бақылау комитетінің басшысы, аудандық кеңес төрағасының орынбасары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ кадр бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған.

Жазу-сызуға бейімің болғаннан кейін елдің өткен-кеткен тарихына, адамдарына құлағың түрік жүретіні бар. Газет тапсырмасымен «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ мұнай және газ өндіру цехына қарасты №43 топтық қондырғысына барып, оператор Бектас Асановпен әңгімелескенде, оның арғы-бергі өмірбаянымен танысқанда Бектастың сол Шүкірбай Ағаның ұлы екенін білдім. Бектастың ұжымда беделді, өз қатарластары арасында оқ бойы озық болатыны тегіннен тегін емес екен. Анасы Баян Изкенова да талай жыл ұстаздық еткен ардақты жан.

–Әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды. Ол кісінің адамгершіліктен екі алмаңдар деген текті тәрбиесімен өстік-өндік. Бүгінде 3 қыз, 3 ұл құтты орнына қонған. Үйлі-баранды. Адамға керегі – абырой. Ар күзетсең - абыройдан алыс жүрмейсің. Еңбек етсең - еленесің. Өмірде әрбір істің қызығымен қатар қиындығына да төзу керек,– дейді аға маман.

Бектас Асанов бүгінде «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы мұнай және газ өндіру цехына қарасты №43 топтық қондырғысының операторы болып еңбек етеді. 27 жыл жүріп жасаған табанды еңбегі еш кеткен жоқ. Қазақстан Республикасы Энергетика Министрлігінің «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін иеленіпті.

–Аға оператор болып жұмыс жасап жүріп, ұжымның басы қосылмаса іс өнбейтініне көзім жетті. Саусақ бірікпей, ине ілікпейді екен. Біздің бейнетіміз ортақ, бақытымыз - бір. Компанияның дамуы, елдің өркендеуі, жердің гүлденуі– бірліктің, тынымсыз еңбектің арқасы. Көрген жақсылық атаулымыздың, ырыс-несібеміздің түп қазығы да осы мұнай. Соңғы он жыл ішінде біздің әлеуметтік жағдайымыз көп-көрім өзгерді. Жұмысымызға да, компаниямызға да алғысымыз шексіз,–деп ол әңгімесін түйіндеді.


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту