Бір шаңырақтың астында ғұмыр кешіп жатқан қос мұнайшының тағдырын бір арнаға тоғыстырған Қаламқас кенорны. «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік 5-дәрежелі операторы Амандық Ақжігітовтың жан жары Феруза Жетесіновамен таныстығы 1993 жылы мұнай дайындау және өткізу цехында басталады. Екі жылда едәуір еңбек етіп, тәжірибемен ысылған жас жігіттің жаңадан жұмысқа қабылданған қыпша бел аруға көзі түседі. 2 жыл өндірісте көрген-білгенін, ойға түйгенін көңілі құлаған аруға үйретуден жалықпаған Амандықтың айы оңынан туды десе болады. Көп ұзамай қос оператор қол ұстасып шаңырақ көтереді.
– Құдай берген төрт қызым бар. Жарым әрдайым жанымда. Үйде де түзде де біргеміз,–дейді Амандық аға.
Мұнай өндірісінде ұлсың ба, қызсың ба оңы мен солы бірдей. Бар мұнайшы сияқты, табиғатынан нәзік арудың табандылығы да осы жерден көрінеді. Бүгінде Амандық мен оның жары Ферузаның 25 жылдық еңбек баянын шотқа салсаңыз, қос оператордың еңбек өтілі 52 жыл. 52 жылдың қызығы мен қиындығын қатар ноқталаған қос маманға сүйсінбей көр!
Амандық Ақжігітов еңбек ететін мұнай дайындау және өткізу цехы ынтымағы жарасқан іргелі ұжым. 60 адам екі ауысымда жұмыс жасайтын, тәулігіне 10 000 текше метр мұнай өткізетін цехтың жұмысы қауырт. 10 қазандықтың жұмысы Амандық секілді білікті мамандардың маңдай терімен, қажырлы қайратымен күні-түні қайнап жатады.
- Әкем-шешем талай жыл совхозда еңбек етті. Көзі тірісінде еткен еңбектің еш кетпейтінін айтып отыратын. Көп сөзге жоқ, істің адамы еді,–дейді мұнайшы.
Қара алтын өндірісінің қыр-сырын әбден ұғынған Амандық аға «Өмірлік ұстанымым – елге қызмет ету, отбасыңның алдында, жүрген ортаңда абыроймен азаматтық атты алып жүру еді. Сол қағидатпен ғұмыр кешіп келемін. Білмегенге – үйреттік, білгеннен – үйрендік», - деп әңгімесін сабақтады.
Мұнай өндіру саласына өмірінің көктемін, жазын арнаған Амандық Ақжігітов жастарға патриот болу керектігін айтады. «Артқа шегініс жасауға болмайды, қашанда алға қарай адымдау керек. Бізге мемлекет не береді екен деп емес, біз мына ел алға қарай даму үшін не береміз деген ынта-жігермен өмір сүруіміз керек», –дейді ол.
Мұнай ісінің үздігі кен орнында мұнай өндірумен шектеліп қана қойған жоқ, қоғамдық жұмыстарда да белсенді. Әлі де шыққан биігінен түспеген Амандық Ақжігітов жастарға үлгі-өнеге болып, өзінен кейінгілерге жол сілтейтін ақылман тәлімгер. Өмірі өндіріспен біте қайнасқан азаматтың әлі де үйретері көп.
ЖАННАТ КЕМАЛ
|