Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
12.09.2018 АБЗАЛ МАҚСАТ ҮЛГІСІ
  

Уақыт жүрдек! Жетібайдан мұнайдың шыққаны көнекөздер үшін күні кеше сияқты болғанмен бүгінгінің көзімен қарасақ, үш ұрпақ ауысып үлгерген екен. Жетібайдағы даңқты мұнай көзінің ашылуына қатысқан маңғыстаулық бұрғышы Нұржау Тасмұратов алғашқы тарихи тұңғыштардың сапында. Ал оның ұлы Мамыртай Тасмұратов - екінші буынның өкілі. «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасындағы №1 мұнай және газ өндіру цехында слесарь-жөндеуші болып еңбек ететін Мамыртай Нұржауұлының компанияға келген уақыты - 1986 жылдың жазы. Мамандығының қыр-сырына бойлап, өз ісін ұршықша иіріп жүрген ағамыздың еңбек жолына биыл бақандай 33 жыл...

Биыл «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі орталық Кеңесінің IX пленумы өтті. Жиынға компаниямыздан Мамыртай Тасмұратов та қатысып қайтты. Қасына серік болып барған екінші делегат - «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы Асар 3-ші топтық қондырғысының операторы - Болатбек Отаров. Жолға бірге шыққан сапарлас жолаушының таныс-біліс алысып, өзара жөн сұрайтыны бар. Болатбек Отаров Мамыртай ағамыз компаниядағы еңбек жолын бастаған жылы - сол 1986 жылдың жазында Ақтау қаласы, Маңғышлақ елді мекенінде, екі қыздан кейін сағындырып дүниеге келген ұл екен. Биыл 33-ке келгенін айтады. Форум делегаттары туралы осы мақаланы жазу үстінде ағаның мұнай кәсібіне берген жылдарының Болатбектей інінің жігіт жасына сәйкестігіне өзіміз де таң қалдық.

Сәйкестік жылдардың санында ғана емес, мысалы, әріптес қос мұнайшының шаңырағында үш қыз, бір ұлдан желкілдеп өсіп келеді. «Өз бақытының кілтін еңбектен» тапқан деген сөз де екеуіне теліп айтылғандай. Ұрпақ сабақтастығы дейтін болсақ, Мамыртай Тасмұратов пен Болатбек Отаров екеуінің өмір баяны өздерін өндірісте шыңдаған Қаламқас пен Жетібай мұнайшыларының тарихымен сабақтас.

...Алғашқы кейіпкеріміз Мамыртай Нұржауұлы. 1965 жылы Қарақия ауданы, Жетібай елді мекенінде дүниеге келген ол әке жолын жалғады. Бүгінде «Үздік маман» атанған білікті мұнайшы, 5-разрядты меңгерген тәжірибелі тәлімгер.

– Өндіріс қазанында бірге қайнаған үзеңгілестеріммен әріптес болып, бірге келемін. Еңбегіміз өнімді, тұрмысымыз көңілді дегендей, ел қатарлы жүріп жатырмыз. Бригадамызда 15 адам бар, Бригадир Асылмұрат Жарылғаповтың басшылығымен әркім өз міндетін тыңғылықты, ойдағыдай атқаруға күш салуда. Жабдықтардың ақаусыз, кідіріссіз жұмыс істеуі ортақ табысқа жол ашады, – дейді Мамыртай Нұржауұлы.

Байламы мықты, қимылы ширақ, біраз жыл еңбек өтілі бар майталман маманның алдынан талай шәкірт тәлім алған. Қажырлы қайрат, білім-білігімен еселі еңбек етіп жүрген сол жастардың қатарында Бақтыбай Нағбаев, Әмин Данабаев, Сүндет Қопышев бар.

Осы уақыт аралығында шеберге металл жонушылар тарапынан бірде бір рет шағым болмапты. Өндірістік жауапкершілікті басты қағидат қылған ол өз қызметінде ақаулыққа жол беруді ар санайды.

Мұнай-газ кешені кәсіподағы жиыны өзгелерге өнеге және үлгі болып келетін осындай еңбек адамдарының басын қосқан еді. Астана сапарына «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы кәсіподағы атынан қатысқан Мамыртай ағамызға Жетібай кенорнынан Болатбек серік болды.

Болатбек Базарбайұлының өмірге келген ортасы теміржолшының шаңырағы. Жалғыз ұл шойын жолды емес, мұнайды қалады. Осы арманның жетегінде жүріп, 2003 жылы мектепті бітіріп, Каспий қоғамдық университетіне оқуға түсті. 2008 жылы мұнай-газ ісі бойынша университетті бітіріп шыққан жылы «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына оператор болып жұмысқа орналасады.

Жүсіп Баласағұн: «Ең тәтті кез – жігіттіктің шағы да, Игіліктің о да берген бағы да» деп дәріптесе, ұлы Абай: «Жастықтың аты арындап, Тас қияға өрледің», - дейді. Болатбектің бозбалалық дәурені де, жалын атқан жігіттік шағы да қара жердің қойнынан «қара алтынды» өндірген әріптестерімен өтіп келеді.

– Мен өндіріске келгенімде 22 жаста едім. Осы жерде қалыптастым. Өзімді нағыз бақытты адаммын деп санаймын: жақсы, ынтымағы жарасқан ұжымға келдім. Сағыныш Тастығараев, Әлихан Молдамұратов, Қожанепес Кемалов, Мирамбай Қазиев, Жәнібек Айлеков сынды тәлімгерлерден көп нәрсе үйрендім. Маған айтқан кеңестері, ақылдары үшін оларға ризамын.

Болатбек жұмысына жанын салып, жүрегімен беріліп жасайтын өз кәсібіне шын ниетімен берілген маман. Оператор болып келіп, жоғары 4 кәсіби дәрежеге дейін көтерілуі – осыған дәлел. Ол қасындағы аға операторымен өздеріне тиесілі 25-ке жуық ұңғыға бас-көз, мақсат-міндеті - мұнай өндіру барысын қалыпты ұстау, кез келген күрделі жағдайларға жол бермеу, алдын алу шараларын алу. Еңбегі жеміссіз емес, өткен жылы республикалық байқауға қатысып, «Үздік маман-2017» марапатын қанжығасына байлады.

Бүгінгі күннің де, болашақтың да бастауы – кешегі тарих. Сондықтан да атаның алдындағы қарыздың баланың алдындағы парыз екендігіне соңғы буын мұнайшылар - Мамыртай Тасмұратов пен Болатбек Отаровтың біз баяндаған өмір тарихы, еңбек жолы дәлел. Аманатқа адалдықты ұлы мақсатқа айналдырғанның үлгісін іздесең, мұнайшыдан ізде!

 

Лаура Жолдыбаева

 


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту