Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
09.10.2018 ТАБАНДЫ ТАХИР АҒА
  

Тахир Үсекенов! Бұл кісіні асарлықтардың танымайтыны кемде-кем. Қай шара болмасын басшылар бастап, атқосшы азаматтар қоштап ағаны абыройлы шаралардың алдына салады. Алғысқа бөленген азамат. Білікті маман. Бақытты әке.

33 жылын №2 мұнай және газ өндіру цехына арнаған Тахир Үсекеновтің табандылығы операторлық кәсіптің қыр-сырын меңгеруге сеп болған. Өндірістегі өткен өмірі аға үшін абыройлы. Марапаттан бөлек, ағаны іздейтін, ақыл-кеңесін қажет ететін ізгі жолдас, әріптес бар.

– Өзім де көп нәрсені мықты мамандардан үйрендім. Солардың қатарында Нұғман Асқарбеков, Серік Қуантқановты ерекше атап өткім келеді. Операторлық қызметтің баспалдағынан өткен Алик Айдарбаев, Мақсат Боранбаев секілді мықтылардың кенорнында, цехта өзімізбен қатарлас жүргені күні кеше еді. Азаматтың бағы әп-сәтте. Мемлекет, қоғам қайраткері деңгейіне көтерілген әріптес замандастарымыздың абыройын өз абыроймыздай көріп қуанып жүреміз. Маңдай тер, адал еңбектің шыңға шығаратынын осыдан көр!

Тахир Үсекеновтың туған топырағы – Атырау бойы. Отбасында мұнайды бастап кәсіп қылған жан - өзі. Әкесі Әбу Үсекенов Ақ Жайықтың айдынында кеме капитаны қызметінде ұзақ жыл еңбек етті. Анасы сауда саласында қызмет жасады. «Маңғыстауға мұнайшы болам деп келдім» деген Тахир аға бүгінде адал жары Алма Мұхановамен ұл-қыз тәрбиелеп отырған бақытты шаңырақ иесі. Киелі түбектен табанды еңбекпен бақытын тауып, «қара қазан, сары баланың» несібесін түгендеген жарасты ғұмырына дән риза.

Бар-жоқты ойша түгендеп көрсе, өндірістің ыстық-суығын бірдей көріпті. Кенорнының кешегісінің куәсі, бүгінгісінің қақ ортасында. «25 жасымда Асарға келдім. Қазіргідей жайлы орын, ыстық тамақ жоқ. Мезі қылатын меңіреу дала, жағдай қиын кез еді ғой. Бүгінгі Асар - бөлек Асар, жастар жағы қаумалап өндірісте жүр. Жаңа техника, жаңа леп. Былтыр ұжымым қаумалап, су жаңа асхананың тұсауын өзім кестім! Биыл мынау - жарқыраған жатақхана, спорт залы, жап-жасыл футбол алаңы, кітапхана... Айта берсең жақсылықтың есебі жоқ. Мұнайшылар үшін қуанамын»,-деген еңбек майталманы Тахир Үсекеновтің ақжарма қуанышына біз де қосыла қуанып, мерейіміз тасыды...

ЖАННАТ КЕМАЛ


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту