Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
29.10.2018 МҰНАЙШЫ ЖАС ҚҰРЫЛТАЙДА БАС ҚОСТЫ
  

Қазан айының 13 мен 15 күндері аралығында Алатаудың етегінен орын тепкен алмалы шаһар, мәдени һәм рухани астанамыз Алматы қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ жастарының кезекті құрылтайы өтті. Шараға еліміздің барлық өңірлерінен жүзден астам белсенді жас келіп, жыл бойы өткізген жұмыстарын саралап, келер жылдың бағдарын айқындады.

 Бірлік пен тұрақтылықты, еңбекқорлық пен жасампаздықты ту еткен Ұлттық компания жастары оңтүстік астанамызда өткен үш күнін мейлінше тиімді әрі қызықты өткізуге тырысып бақты. Барлық шаралар Елбасымыздың қазан айының басында Қазақстан халқына арнаған Жолдауымен ұштастырылып, «жастық жігеріміз - Отанға» деген ұстаныммен өтті.

 Дені сау ұлт

Құрылтай шеңберінде өткен алғашқы көпшілік шара жастардың бойында дене тәрбиесі мәдениетін қалыптастыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды. Қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған велошеру Алматы қаласының тарихи көшелерімен жүріп өтіп, тау бөктеріндегі алмабақтардың аясында аяқталды.

Құрылтайға Компания атынан қатысқан «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқар-масына қарасты бұрғылау және ұңғымаларды күрделі жөндеу бөлімінің инженері Нұрлыбек Қожамұратов өз әсерімен бөлісті:

-    Алматы арман қала ғой... Студенттік қызықты дәуреніміз осында өтті. Велошеру жүріп өткен көшелердің әрқайсысымен байланысты ыстық естеліктеріміз бар. Сондықтан болар күнде велосипед теппесек те, өрге қарай жетелеген 7,5 шақырымдық маршрут еш қиындық салмады. Оның үстіне «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы адам ресурстарын басқару жөніндегі басқарушы директоры Серік Әбденовтың түк қиынсынбастан бізбен бірге велосипед тепкені жастық жігерімізді қайрай түсті. Спорт – денсаулық кепілі, ал дені сау ұлт – мемлекеттігіміздің кепілі.

Елбасы Жолдауына қолдау ретінде ұйымдастырылған шеру соңы қатысушылар арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттау мақсатында тау велосипеді, альпинист жиынтығы сынды бағалы бұйымдар тігілген ұтыс ойынына ұласты. Әрі көңіл сергітіп, әрі ұтысқа ие болған жастар шеруден көтеріңкі көңілмен тарқасты. Тау етегіндегі «Лесная сказка» кешенінде тұрақтаған жастар ары қарай түрлі зияткерлік ойындар ойнап, ситуациялық тапсырмалар орындап сайысты.

Адами капитал – жаңғыру негізі

Жастардың бойында ерекше әсер қалдырған келесі шара – Алматы қаласының әкімі Бауыржан Бәйбек мырзамен өткен кездесу болды. Шаһар басшысы жиналған жастармен әңгіме дүкен құрып, өз өмір жолы, өмірлік ұстанымы жайлы ойларымен бөлісті. Құрылтайға Компания туын ұстап барған тағы бір қатысушымыз «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы геология және кен орындарын игеру мен талдау бөлімінің геологы Берік Айдаров осы кездесуден алған әсерін былай деп баяндады:

-Бауыржан Қыдырғалиұлы еліміздегі алғашқы мегаполис - миллионнан астам халқы бар Алматының тізгінін осыдан үш жыл бұрын, не бары 41 жасында алған екен. Салыстырмалы түрде қарасақ, біздің қазіргі жасымыздан 10-ақ жас үлкен. Ал біздің жасымызда болғанда Президент Әкімшілігінде жауапты қызметтерде болған екен. Отызда орда бұзып, қырықта қамал алып отырған азамат. Маған ол кісінің бір сөзі өте қатты ұнады, жастарға қандай кеңес бересіз деген сұрағымызға «Қателесуден қорықпаңыздар! Ол адам біткенге тән құбылыс, оның да өзіндік пайдасы бар – қателікке жол беріп, оны жөндеген адам тәжірибе жинақтайды. Ал қорқу, тартын-шақтау түбі енжарлыққа, селсоқтыққа, жалқаулыққа әкеледі» деп жауап берді. Сөзінің жаны бар».

Сұхбат соңында Бауыржан Қыдырғалиұлы жастарды жалған идеалдардың соңынан жүрмей білім алуға, ғылым игеруге, жаңа технологияларды зерттеуге шақырды. Жасындай жарқылдап, қашан да елдік істердің басы-қасынан табылуға үгіттеді.

 Әнім саған арналады, Алматы...

Ұлттық компания жастары құрылтайының кульминациясы, шырқау шегі - «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ қомпаниялар тобына кіретін еншілес және тәуелді мекемелерден келген мұнайшы көркемөнерпаздардың еліміздің бас сахнасы - Республика Сарайындағы концертімен түйінделді. Концерт көрермендерінің қатарында мұнайгаз саласы ардагерлері мен қала ақсақалдары, балалар үйі тәрбиеленушілері мен болашақ мұнайшылар – студент жастар болды.

Киелі сахна, қазақ өнер әлемінің не бір ұлыларының табаны тиген, маңдай тері сіңген, иісі қалған мәртебелі орда өнер мен өндірісті құстың қос қанатындай етіп қатар ұстап, жапан түзде жер қазып, мұнай іздеген еңбеккерлерді жатырқамай қарсы алды. Бір жарым сағатқа шақталған өнер кеші шөліркеген көрерменді қазақ поэзиясы классиктерінің жырларымен жұбатып, қара домбыраның қоңыр үнімен үйіріп, ескірмейтін ретро әндердің әуеніне еліктіріп сонау 70-80 жылдардың мерекелі кештеріне қайта оралтқандай болды...

Залға жиналған ардагер ата-әжелер құлаққа таныс, көңілге жағымды әуендер естілгенде сезімге ерік беріп, бірі көз жасын сығып алса, енді бірі сол бір кездердегідей вальстың ырғағында айналып, жастықтың жазғы бағындағыдай шалқыды...

Жүректен шыққан ән сол кеште талай-талай жүректерді жібітсе, көрерменнің ыстық ықыласы өнерпаздарымыздың өздеріне деген сенімін арттыра түсті. Сахнаның құдіреті ме, әлде режиссер Серік Сариевтың шеберлігі, әлде көрерменнің қолдау-демеуі ме... Әйтеуір, бірі ерке Жайықтың бойынан, бірі маңғаз Маңғыстаудың ойынан келіп бас қосқан мұнай кәсіпшілігіндегі сан мамандық иелері – машинист те, мұнай операторы да, алып техниканы ұршықша иірген жүргізуші де, токарь мен слесарь да өздерін халық әртісінен кем санамағанына куә болдық... Елден келген өнерпаз, оның үстіне қарамайға шомылып жүрген мұнайшы деген таңсық болды ма, Әкем-театрдың директоры Асхат Майемеров концертке қажетті реквезиттерді жеткіздірсе, күні кеше Құрманғазы атындағы Ұлттық академиялық оркестрдің бас дирижерлығына тағайындалған талантты домбырашы жерлесіміз Абылай Тілепбергенов өндірістен шыға алмай қалған домбырашыларымыздың орнына маңғыстау-лық ұлдарды әкеліп қосты. Пәс болып тұрған біздің көңіл-күйдің аспандағаны өз алдына, айлапат сахнаның төрін толтырған мұнайшы домбырашылардың күйі Сарайдың түндігін желпіп, зал толы көрерменді кәдімгідей желпіндірді...

Кеш соңы ардагерлерге арналған қонақ асына ұласып, ақсақалдардың ақ-батасымен аяқталды. Жастардың өнеріне риза болған ардагер-мұнайшы ата: «Мұндай кеш көптен бері болмаған еді. Зейнетте жатқан жанбыз ғой, өмір бойы қызметте жүрдік. Өндірістің талай қызығын бастан кешіп, шыжығына күйіп едік. Сіздердің біздерді іздеп келіп, осындай мерекелік көңіл сыйлағандарыңыз үшін аталық алғысымды білдіремін. «Ұмытпаған екен ғой» деп бір жасап қалдық», - деп ризашылығын жеткізді.

... Қарашүңгіл, Ембі, Доссор, Мақатым,

Естігенде сүйсінеді жат атын.

Қаражанбас, Қаламқас пен Жетібай,

Жаңаөзенде мұнай қайнап жататын.

 

Маңғыстауым – әулиелі түбегім,

Қызылордам – қазыналы тірегім,

Дүрсілдейді Ақтөбеден жүрегім.

Керекуім – қайнатады қазанды,

Ырыс пен Құт сарқылмасын, Ұлы Елім! - деп концерттің шымылдығын жапқан жыр жолдары қазыналы қазақ жерінің кеңдігін, мұнайшы деген елдің қажыр-қайраты мен бірлік-ынтымағын паш еткендей болды. Елден келген сәлемді жастардың өрелі өнері арқылы қабылдаған байырғы мұнайшылардың ғана емес, әрбір көрерменнің көңілінің төрінде көркем күй кеткеніне шаттандық...


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту