Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
19.11.2018 ЖАҢАРУ – ДАМУ НЕГІЗІ
   

Қараша айының 14-15 жұлдызы күндері Астана қаласында «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымдарының алғашқы форумы өтті. Бұл Елбасы, Партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың партия қызметін жаңғырту туралы берген тапсырмасының шеңберінде жүзеге асырылып отырған стратегиялық шара. Форумда осыған дейін өңірлерде бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру тақырыбында өткен төрт аймақтық құрылтайда бастауыш ұйымдар өкілдерінің берген ұсыныстары мен тілектері қорытындыланып, бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыруға арналған тұжырымдама жобасы мен 10 қадамнан тұратын жол картасы таныстырылды.

Партия саяси Кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы атап өткендей, жиырма жылдың ішінде Партия қызметінің инфраструктурасын қалыптастыру үшін ауқымды жұмыстар атқарылды. Партия шын мәнінде біздің қоғамымыздағы сан түрлі топтардың мүддесін қорғап келе жатқан нағыз халықтық бірлестікке айналды. Алда Партия алдында осы көрсеткішті сақтай отырып, төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында туындайтын жаңа талаптар мен міндеттерге жауап беретін жаңашыл саяси күш қалыптастыру міндеті тұр. Шара барысында көпшілікке таныстырылған тұжырымдама жобасы осы бағыттағы жұмыстардың өзегі болғалы тұр.

 

· Саяси партия — елдегі саяси билікті өз қолдарына алғысы келетін немесе ел басқару ісіне өз өкілдері арқылы қатысқысы келетін, әлеуметтік, саяси-экономикалық, ұлттық, мәдени тағы басқа ортақ көзқарастары мен мақсат-мүдделері бар азаматтардың ерікті бірлестігі, иерархиялық саяси ұйым.

 

Сонымен, тұжырымдама жобасы мен жол картасы қандай мәселелерді қамтыды деген сұраққа жауап берсек. Негізі, ондағы 10 мәселені топтап қарастырып, оларды шартты түрде 4 тарауға бөліп қарастыруға болады. Алғашқы тарау «Адами капиталмен жұмыс» деп атауға келеді. Өйткені саннан сапаға көшуге әрекет етіп жатқан тұста Партия мүшелерінің біліктілігін арттыру, қатарымызды өз ортасының көшбасшыларымен толықтыру өте өзекті мәселе боп тұр.

 

АДАМИ КАПИТАЛМЕН ЖҰМЫС

Сонымен, бірінші тараудағы басты өзгеріс - бұдан былай, Партия қатарына қабылдану үшін бұрынғыдай үш құжат (жеке куәлік көшірмесі, арыз, ұсыным хат) тапсыра салу жеткіліксіз болмақ. Ендігі жерде Партияға мүшелікке ниетті әрбір азамат әуелгі үш құжатқа қосымша сотталмағандығы туралы анықтама тапсыратын болады. Содан соң, оның партия мүшелігіне лайықтылығы арнайы комиссия отырысында қарастырылып, Комиссия отырысына дейін оған «Партия мүшелігіне үміткер» деген мәртебе берілетін болады. Бұдан бөлек, үміткерге ұсыным хат берген Партия мүшесінің Партиядағы еңбек өтілі 3 жылдан кем болмауы тиіс. Ұсыным берген азамат үміткерге тәлімгер болып, оның Партиядағы қызметіне жауапты болады деген талаптар тағы бар.

Келесі маңызды мәселе - Партия мүшелері үшін ұйымдастырылатын оқу-ағарту курстары туралы. Тұжырымдама қабылданғаннан кейін Партия мүшелері үшін көпдеңгейлі білім беру жүйесі іске қосылатын болады. Яғни, оқытудың арнайы модульдік бағдарламасы әзірленіп, Партияның жаңа мүшелері мен филиалдардың жаңадан қабылданған қызметкерлеріне арналған негізгі бағдарлама; БПҰ төрағаларына, филиал басшылары мен қызметкерлеріне арналған құзіреттілікті арттыру бағдарламасы; Партия мүшелері БПҰ төрағалары, филиал басшылары мен қызметкерлеріне арналған көшбасшылық бағдарламалары жүзеге асырылмақ.

 

·      Партиялық кадрлық резерві – үкіметтің өкілдік және атқарушы органдарындағы саяси және сайланбалы лауазымдарға, сондай-ақ Партия органдарындағы қызметтерге ұсыну үшін бекітілген тәртіпте жасақталған ең ең лайықты Партия мүшелерінің жүйелі тізімі.

 

Тағы бір мәселе – Партияның кадрлық резервін қалыптастырудың жаңа ережесін бекіту (бұдан әрі - ПКР). Негізгі міндет - үкіметтің өкілдік және атқарушы органдарындағы саяси және сайланбалы лауазымдарға, сондай-ақ Партия органдарындағы қызметтерге ең лайықты азаматтарды ұсыну мақсатында іріктеу және оқыту жүйесін жасақтау; Партия мүшелерінің арасында мансаптық өсудің бәсекелестік моделін қалыптастыру; халық сенімін арттыру үшін кадрлық ауыс-түйісті мейлінше ашық түрде өткізу. Осы орайда, ПКР екі деңгейде құрылатын болады – республикалық және аймақтық. Республикалық ПКР құрамына енген Партия мүшелері министр, вице-министр, «Нұр Отан» партиясының хатшысы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты секілді жауапты лауазымдарға үміткер бола алса, аймақтық деңгейде облыс әкімінің орынбасары, қала әкімі, «Нұр Отан» партиясы аумақтық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, қалалық және аудандық маслихат депутаты секілді жауапты қызметтерге үміткер ретінде тіркеледі.

 

·      БПҰ мақсаты – партияның жарғылық мақсаттары мен міндеттерін, бағдарламалық құжаттарын тұрғындар арасында, БПҰ құрылған ұжымдық ұйымдар қызметкерлерінің арасында түсіндіру және іске асыру, сондай-ақ партия мүшелері мен жоғары тұрған партия органдарының арасында тұрақты кері байланысты қамтамасыз ету.

 

ЖАҢА ЖҰМЫС ТӘСІЛДЕРІ

Тұжырымдамада көрсетілген мақсат-міндеттерге қол жеткізу үшін Партия мүшелерінің әлеуетін арттырумен қатар, БПҰ қызметіне де жаңашылдықтар енгізу керек. Осы орайда, әлеуметтік мониторинг жүргізу, жобалық тәсіл енгізу, жаңа алаңдар құру амалдары қарастырылып жатыр.

Партия Жарғысының талаптарына сәйкес БПҰ өз қызметінде қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және азаматтардың заңды мүдделерін қорғайтын басқа да мәселелерді талқылап, оларды жоғары тұрған партия органдарына жеткізуі тиіс. Аймақтық деңгейде өзекті проблемаларды анықтауда БПҰ рөлін одан әрі күшейту және олардың шешімін табуға қатысуын кеңейту үшін өзекті аймақтық проблемаларды қамтитын Әлеуметтік мониторинг картасы (бұдан әрі - Карта) әзірленетін болады. Осы орайда, негізгі ақпараттық көздер ретінде партия мүшелерінен түсетін ақпарат, азаматтардың БПҰ немесе тікелей қоғамдық қабылдау бөлмелерінде қалдырған өтініштері, «Е-қоғамдық қабылдау» жүйесінен алынған мәліметтер т.б. қарастырылып отыр. Сол себепті Партия мүшелерінің Партия қызметін сыртынан бақылап қана қоймай оның жүзеге асырылуына етене араласуы, кем-кетік тұстарын хабарлап, әлеуметтік өзекті проблемалар туралы бастауыш партия ұйымына хабар беріп отыруы өте маңызды.

 

· Әлеуметтік мониторинг картасы жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін, халықтыі әлеуметтік топтарға бөлу деңгейін және оның өзгеруінің негізгі үрдістерін, проблемаларды шешу жөніндегі шараларды әзірлеу мақсатында болып жатқан құбылыстар мен процесстердің өзектілік деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін жедел ақпарат алуға мүмкіндік береді.

 

Жоғарыда аталған жұмыстардың нәтижесінде анықталатын мәселелерді шешу жолдарын қарастыру үшін БПҰ деңгейінде жобалық тәсілді енгізу қарастырылып отыр. Ол «өзекті мәселелер – партия бағдарламасы – жобалар» қағидаты бойынша құрылатын болады. Партия мен БПҰ әрбір мүшесіне жергілікті сипаттағы қандай да бір проблемаларды шешуге бағытталатын жобаға бастамашылық жасауға мүмкіндік беріледі. Ол халықтың проблемаларын шешуде саяси ұйымның негізгі мақсаттары мен міндеттерін іске асырудың пәрменді тетігі болмақ.

 

· БПҰ мүшесі:

- партияның бағдарламалық және өзге де құжаттарының жобаларын әзірлеуге қатысуға;

- партияның және оның филиалдарының органдарын сайлауға және оларға сайлануға;

- өз пікірін ауызша немесе жазбаша түрде еркін айтуға, партия қызметінің мәселелерін талқылауға қатысуға;

- партияның қорғауы мен қолдауына сүйенуге;

- партияға жаңа мүшелер тарту бойынша жұмыс жүргізуге құқылы.

 

Халықтың әлеуметтік мәселелерін талқылауға және шешуге партия мүшелерін белсенді тарту, жобаларға бастамашылық жасауға және шешімдер қабылдауға қатысу үшін жаңа алаңдар құрылатын болады.

 

ТИІМДІ КОММУНИКАЦИЯ

Алдын ала зерттеу жұмыстары көрсеткендей, БПҰ қызметінде коммуникация мәселелері әлсіз ұйымдастырылған. 6 мыңнан астам бастауыш партия ұйымдарының не бары 4 пайызы ғана өз жұмыстары туралы интернет-ресурстарында ақпарат жариялап тұрады. Ал БПҰ Партия стратегиясының негізгі насихаттаушысы екенін ескерсек, бұл мәселенің де жаңғыруы маңызды. Өйткені дұрыс ұйымдастырылған коммуникация халықтың Партияға сенімін арттырады. Осы орайда БПҰ мен партия филиалдары жанынан спикерлер мен сарапшылар базасын қалыптастыру, олар үшін оқыту семинарларын ұйымдастыру, Партия электронды порталының мобильдік нұсқасын әзірлеу («Е-ақпарат»), әлеуметтік желілерде БПҰ ақпараттық материалдарын жариялауды ұйымдастыру, мониторинг жүргізу жоспарлануда. Аталған шаралардың барлығы Партия қызметін цифрландыру шеңберінде «Е-ақпарат», «Е-талдау», «Е-бастама», «Е-контакт-орталығы» сынды цифрлы бағдарламалар аясында жүзеге асырылатын болады.

 

· БПҰ мүшесі:

- партия Жарғысының, Партия мүшесі этика кодексінің, Ереже талаптарын сақтауға, партия қызметін реттейтін партияның бағдарламалық құжаттарын және басқа да құжат-тарды іске асыруға қатысуға;

- партияның жоғары тұрған органдарының шешімдерін орындауға;

- мемлекеттік (оның ішінде «Нұрлы жол»), салалық, өңірлік бағдарламаларды іске асырудың проблемалық мәселелері анықталған жағдайда БПҰ төрағасына немесе партия аумақтық филиалының аппаратына жедел хабар беруге;

- партия жиналыстарына тұрақты қатысуға міндетті.

 

ОПЕРАЦИЯЛЫҚ МЕНЕДЖМЕНТ

Тұжырымдаманың соңғы екі қадамы нәтижеге бағытталған бюджеттендіру тәсілін енгізуге және бастауыш партия ұйымдарының рейтингін ұйымдастыруға арналды. Мәселен, БПҰ қызметін жандандыра түсу үшін олардың атқаратын қызметіне қаржылық қолдау көрсету, материалдық-техникалық базасын жаңғырту да өте маңызды. Сонымен қатар, БПҰ атқарған шараларын саралай келе, олардың рейтингін жүргізу арқылы өзара бәсекелестік орнату да бастауыш ұйымдардың қызметін жаңа деңгейге шығарады деп күтілуде.

Десек те, қанша жерден тұжырымдама қабылдап, жол карталарын жасақтасақ та, Партия мүшелерінің белсенділігісіз жұмысты жаңа деңгейге шығару мүмкін бола қоймас. Сол себепті, елдік шаруада барлық партияластарымызды жұмыла жұмыс жасауға шақырамын. Жаңа тұжырымдама бірегей мүмкіндіктердің есігін ашқалы тұр, сіз бен бізге қалып тұрғаны сол мүмкіндіктерді пайдалану. Алып-қосарыңыз, ұсыныс-тілектеріңіз, қандай да бір шешімін таппай жүрген мәселелеріңіз болса «Маңғыстаумұнайгаз» бастауыш партия ұйымы сізді тыңдауға дайын. Біздің мекен-жайымыз Ақтау қаласы, 2 шағын аудан «Орда» бизнес-орталығы 726 кеңсе. Байланыс үшін телефон нөмірі 8 7292 212492.


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту