Кемел келешектің жолында бір мақсат, бір мүддеге жұмылған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ ұжымының ел Тәуелсіздігінің 27 жылдығына арнаған шаралар шоғыры мерекеден бірнеше күн бұрын бастау алған еді.
Бас кеңседе ұйымдастырылған мерекелік жиынға аталған акционерлік қоғамның басшылары, осы салаға еңбегі сіңген ардагерлер мен мұнайшылар және қонақтар қатысты. Мерекеде жер байлығын ел игілігіне жаратқан мұнайшылардың еңбегі еленіп, жетістіктері бағаланды.
Салтанатты жиында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры Лю Цзиньчэн және Бас директордың әлеуметтік және әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары Жетібай Тулеғожаев көпшілікті ел тарихындағы мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
— Құрметті мұнайшылар, қадірлі әріптестер! Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіздіктен асқан бақыт, Егемендіктен асқан мәртебе, Азаттықтан асқан салтанат жоқ. Осыдан 27 жыл бұрын Қазақстан халқының тәуелсіздігі арқасында әлем картасында жаңа тәуелсіз мемлекет - Қазақстан Республикасы пайда болды. Елдің егемендігін дүние мойындады. Содан бастап рухани мұрасы мол, экономикалық қуаты зор Қазақ елі әлемде өз орнын алуға ұмтылып, өркениеттік дамуға үлесін қосып келеді.
«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы ұжымы осы жылдар ішінде талай экономикалық дағдарыстардан мүдірмей шықты. Бұл орайда ел егемендігін нығайтуға қосқан үлесімізді мақтанышпен айта аламыз. Әсіресе Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары орын алған экономикалық ауыр жағдайларды еңсере білдік. Бүгінде инновациялардың ағынына ілескен компания жер асты байлығын игеруде жаңа технологияларды қолдану арқылы Қазақстандағы алдыңғы қатарлы өндіріс орнына айнала білді.
Соңғы жылдар ішінде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жыл сайын 6 миллион тоннадан астам мұнай өндіруге қол жеткізіп отыр және өндірілген мұнайдың көлемін жылдан-жылға ұлғайтуда. Осы жылы да мұнай өндіру жоспарын артығымен орындаймыз деп болжап отырмыз. Өндірістің өркендеуі, жеткен жетістіктеріміз, бағындырған белестеріміз, қадірлі мұнайшылар, Сіздердің қажырлы еңбегіңіздің арқасында қол жеткен жетістік. Компанияның Отанымыздың экономикалық қуатының қарқынды дамуына қосқан сүбелі үлесі деп есептеймін.
Құрметті әріптестер! Сіздердің қажырлы еңбектеріңізге алғысымды айта отырып, жанұяларыңызға береке-бірлік, дендеріңізге саулық тілеймін. Бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді Жетібай Тулеғожаев.
Салтанатты сәтте қызу еңбек қарқынын қалыптастырған ардагерлер - Мұратбай Жақсығатов, Есқабыл Баймағамбетов, Сапарғали Жанұзақов, Тілектес Ізтілеуов, Нұрмұхан Қанатбаев, Бөгенбай Кожиков, Сәмен Нұрхасанова, Дари Тоқжанова, Қалабай Төлегенов, Ақдовлет Шупашевқа «Ақтау қаласына - 55 жыл» төсбелгісі тапсырылды. Бұдан өзге еңбек ұжымының озаттары да «Самұрық-Қазына» АҚ Құрмет грамотасы, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ Құрмет грамотасы, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Құрмет грамотасы мен Алғыс хатымен марапатталды.
Құттықтау тілегін жалғаған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тарғын Мысамбаев еңбек ұжымына табыс тілеп, кәсіподақтың дамуы мен өркендеуіне өз үлесін қосқан қызметкерлерге айрықша сый-сияпат жасады. Осы қатарда, Жетібай Тулеғожаевқа «Мұнай-газ кешені қызметкерлері салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Салалық кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» медалі табысталды.
Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шара Асар, Қаламқас кенорнында жалғасты. Сән-салтанатқа толы мерекелік шараны мұнайшы өнерпаздар әсем әнмен әрлеп, күмбір күймен көмкерді. Осылайша, мереке күні ел экономикасының еңсе тіктеуі жолында талмай қызмет етіп жүрген еңбек адамдары ыстық ықыласқа, шадыман шаттыққа бөленді.
Компаниядағы биылғы Тәуелсіздік мерекесінің мазмұны терең, әсері ерекше болғанын айрықша атап өткен жөн. Тәуелсіздік мерекесі ұжымды бірлікке, барды қастерлеуге, тарихты тереңірек ұғынуға жетелегені, бұған қоса, әрбір қызметкерді жақсылыққа жігерлендіріп, көңілдерін көкке өрлеткені ақиқат.
|