Желтоқсан айының 13 және 14 жұлдызы күндері еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында Компания жастары мен «Нұр Отан» партиясы «Маңғыстаумұнайгаз» бастауыш партия ұйымының белсенділері біріге отырып Компаниямызда дәстүрге айналып үлгерген «Қартқа құрмет – жасқа міндет» қайырымдылық акциясы мен Компания құрылымдық бөлімдері қызметкерлері арасындағы «Брейн-ринг» зияткерлік ойынын өткізді. Шаралар елдігіміздің 27 жылдығына және «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына арналды.
Біз бүгін қаншалықты аяқты алшаң басып, арқаны кеңге салып жүрсек мұның бәрі әуелі Алланың бұйырмысы, содан соң бүгінде құрметті еңбек демалысына шығып отырған аға буын өкілдерінің қажырлы еңбегінің жемісі. Қазақта «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» деген аталы сөз бар. Қазақ елінің басты байлығы - жерінің астындағы қазбасы емес, жердің үстіндегі қариялары. Осы орайда, қартын сыйлаған елдің қазынасы мол болар деген бастамамен Тәуелсіздік Күні қарсаңында жас мұнайшылар Кеңесінің тұрақты шарасы «Қартқа құрмет – жасқа міндет» қайырымдылық акциясы жүзеге асырылды.
Шара барысында жастар, Партия мүшелері жігерлі жылдарын Компанияның өркендеуіне – Тәуелсіздігіміздің тұрақтауына сарп еткен бір топ сала ардагерлерін мерейлі мерекелермен құттықтап, қалалық әкімдік атынан Ақтау қаласының 55 жылдық мерейтойына арналған естелік төсбелгілер мен Компания Басқармасы атынан сыйлықтар тапсырды.
Алғаш боп ат басын тіреген жеріміз - еңбек жолын «Жетібаймұнайгаз» өндіру басқармасынан бастаған «Батыр ана» Сәмен Нұрхасанова апаның шаңырағы болды. Сәмен апа қызметін қатардағы мұнай-газ өндіру операторынан бастап, «ҚР жер қойнауының құрметті барлаушысы атағына» дейін жеткен мықты маман, білікті ұстаз. Сапалы еңбегі үшін жоғары наградаларға ұсынылып, елдің ықыласына бөлене білген мұнайшы. Бүгінде немерелер мен жиендердің ортасында бақытты күн кешіп, рулы елдің анасына айналып отырған жайы бар. Сәмен апаға Ақтау қаласының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Ақтау қалалық филиалының төрағасы Ғ. Ниязовтың атынан Ақтау қаласының 55 жылдық мерейтойына арналған естелік төсбелгі мен жас мұнайшылардың атынан 30 000 теңге көле-міндегі сыйақы табысталды.
Одан әрі құттықтаушылар әр жылдары Компанияда қызмет еткен Ұлы Отан соғысының ардагері Қамқа Үмбеталиқызы, Збира Сатыбалдиева апаларымыз бен Нұрмұхан Қанатбаев, Қалабай Төлегенов ағаларымыздың табалдырығынан аттап, шаңырақтарындағы шаттықтың куәсі боп қайтты. «Бейнет түбі – зейнет» демекші, кен игеру кезеңі мен қайта құру заманындағы қиындықтар, сондай-ақ тоқсаныншы жылдардың тоқырауына шыдас беріп, өндірістің тасын орға жықпаған майталман мұнайшылар тұрмы-сының көтеріңкі күйі қуантты. Іргелері бүтін, көңілдері тоқ екен. Тосын сый жасап келген жастарға таңырқап, балаша қуанып жатты. Екпінді еңбек жылдарынан естеліктер тарқатып, ардагерлерін қашан да назарынан тыс қалдырмайтын ұйымшыл мұнайшылар ұжымына ыстық ықыластары мен аталық ақ баталарын жолдады.
«БРЕЙН-РИНГ» - ОЙШЫЛДАР ОЙЫНЫ
Мерекелік шаралар желтоқсан айының 14-күні Компания құрылымдық бөлім қызметкерлері арасындағы «Брейн-ринг» зияткерлік ойынымен жалғасты. Додаға әдеттегідей «Қаламқас», «Жетібай» және «Ақтау» командалары қатысты. Ойын Тәуелсіздік күні мерекесі мен «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына арналғандықтан сұрақтар желісі де осы бағытта өрбіді.
Үш кезеңде қырық бес сұрақты қамтыған ойын тартысты да тартымды болды. Кейбір сұрақтардың жауабын ойыншылар ойлануға берілетін уақытты пайдаланбастан айтып жатса, кейбірі жауаптарда мүдірді. Мәселен, «Мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы?» деген сұраққа зияткерлер «Халық» деп мүдірместен жауап қатса, «Қамшыгер деп кімді айтамыз?» деген қарапайым сұраққа жауап таппай қалып жатты.
Таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған бұл доданың бергенінен әлі де берері көп. Ойыншылар әрбір кезеңге дайындық үстінде үлкен ізденіске ден қойып, ойын кезіндегі сұрақтар арқылы да өздері үшін жаңалық ашып жатады. Бұдан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.
Сонымен, жоба тұсауы кесілгелі бері үш жылдың ішінде алғаш рет ойын жеңімпазы болып «Ақтау» командасы танылды. Ал «Жетібай» мен «Қаламқас» командалары сәйкесінше екінші және үшінші орындарға тұрақтады. Кезеңнің үздік ойыншысы атағы қырағылығымен көзге түскен қаламқастық Райымбек Түзеловке бұйырды. Жеңімпаздардың барлығына естелік кубоктар мен қаржылай сыйақы табысталды.
|