Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
05.12.2018 ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕК ИЕСІ
   

 «Еңбек – бәрін де жеңбек», – деген аталы сөз бар. "Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамына қарасты «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының пайдаланыстағы жабдықтарды прокаттау-жөндеу цехының жөндеуші-слесары Бақберген Теміров өзінің ақ адал еңбегінің арқасында абырой арқалап келем деп білетін қарапайым жан. Бақберген ағаны танитындар қандайма іс болмасын оған немқұрайлылықпен қарау - табиғатына жат дүние екендігін баса айтады. Газеттің еңбек адамдары туралы айдарына кезекті кейіпкер іздегенімізде «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы басшылығы да Бақберген Көжекбайұлы туралы осындай жақсы лебізбен бізге жол сілтеген болатын.

Бақберген ағаның туған ауылы - Қарақия ауданы, Сенек елді мекені. Бір жағын тау, екінші жағын құм қоршаған Маңғыстаудың көркем мүйісінде 1957 жылы дүниеге келіпті. Ауылдан алысқа ұзаған жоқ. Кезінде стропальщик, слесарь-жөндеуші мамандықтарын игерген ол бүгінде өзі таңдаған мамандықты бүге-шігесіне дейін меңгерген тәжірибелі маман ретінде кәсіпорында үлкен абыройға ие.

– Кезінде кран авто-көлігінің жүргізушісі болып Жетібай көлік басқармасында еңбек жолымды бастаған едім. Ойым үлкен өндіріске қарай бұрыла берді. Оған да, дөңгелектеп айтқанда, жиырма жылға жақын уақыт өтіпті. Еңбегіміз өнімді, тұрмысымыз көңілді дегендей, ел қатарлы жүріп жатырмыз, - дейді Бақберген аға.

Бақберген Теміров өзі айтқандай, 2000 жылдан бері Жетібай кенорнында еңбек етеді. Өндірістегі түрлі авариялық және тосын жағдайларда ол жұмыс жасайтын жөндеуші-слесарьлар бригадасы қашанда сақадай-сай дайын тұрады. Бригададағы 15 адамның барлығы сайдың тасындай мамандар. Олар өндірістік жабдықтар мен сораптарды, мұнай-газ сақтайтын көлемді ыдыстарды, мұнай жылытатын пештер мен айырғыштарды және сұйықтық сақтайтын көлемді ыдыстарды құрастырып, жөндеу, ПТБ-10 пештерін қосып, байланыстыру, тербелмелі станоктарда алдын-ала жөндеу жұмыстарын жүргізумен айналысады. Бригада жетекшісі Бисенғали Қоджаев пен шебер Марат Бекентаев басшылық ететін ұжым мүшелері өз міндеттеріне мығым. «Жабдықтардың ақаусыз, кідіріссіз жұмыс істеуі - ортақ табысқа жол ашады, – дейді Бақберген аға. Біздің жұмыста асығыстыққа жол беруге болмайды. Сондықтан бәріміз де өзімізге жүктелген шаруаны мұқият қарап шыққан соң ғана іске кірісеміз» - деп өз бригадасы туралы мақтанышпен әңгімеледі.

Бақберген Теміров өмірде де жолы болған жан. Жан жары Қымбат апай екеуі алтын асықтай бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере сүйген бақытты ата мен әже.

...Бақберген аға өндіріс ошағына жиі келетін компания басшысы Бақыт Иманбаевтың мұнайшылар мерекесінде «бар тәжірибелеріңді жастарға үйретіңіз. Олар да еңбекке машықтансын», – деп ізгі тілегін білдіргендігіне дән риза. Қарапайым еңбек адамына бұдан артық қандай мәртебе керек?!

 

 АЛҚАЛЫ ІСТЕ – АПТАЛ АЗАМАТ

 Жетпісінші жылдары Шетпедегі елге Шамиль Наушабаевтың аты жақсы таныс болды, өз тұрғыластарының қатарында аты жер жарып тұрды десе де болады. Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген Шамиль Олжабайұлы отбасының Шетпе поселкесіне қоныс аударуына байланысты орта мектепті 1975 жылы Маңғыстау ауданынан бітіріп шығады. Бозбала күнінен жеңіл атлетика, волейбол спорт түрінен облыс, республикалық бәйгенің алдын бермейтін спортшының болашағынан жаттықтырушылары да үлкен үміт күтетін. Талай марапаттарды қанжығасына байлаған спортшы 100 шақырымға жүгіруден алдына жан салмайтын облыстағы бірден бір жеңіл атлет еді. Аудандық олимпиадаларда топ жарып облыс, респуликалық чемпионаттардан жеңіс тұғырынан көрініп жүрген спортшы тағдырын спорт саласымен байланыстыруды жөн көреді.

Арманның жетегінде Қарағанды қаласындағы педагогикалық институттың дене тәрбиесі факультетіне түскен Шамиль өзі үшін болашағын да айқындап қойған болатын. Оқуын бітіріп, елге барып балдырғандарды спортқа баулу, жеңімпаздар тәрбиелеп Шетпесінің атын шығару – бозбаланың көңіл түкпіріндегі көп мақсатының бастысы еді. Екінші курста жүргенде осы оқу орнынан әсем жанға көзі түсіп, көңілі ауып, ақыры үшінші курста көркем бойжеткенді жар етіп, желегін желкілдетіп ата шаңыраққа келін қылып түсірді.

Бүгін ойласа, қос жас тағдырдың тауқыметін аз шекпепті. Тағдырдың маңдайға жазғаны болар... Қарағандыға оқуына қайтқан Шамильдің артынан жарының көлік апатына түскендігі туралы суық хабар ілесе жетті. Қатты жарақат алған жас келіншектің бойындағы тұңғыштарынан айрылғандығы жас отбасына оңай болған жоқ. Өмірдің қиындығына тап болған кезде оқу туралы ойлауға мұрша бар ма? Жарын көтеріп, енді есін жия бергенде әскер жасына келген жігітті Отан алдындағы борышын өтеуге алып кетеді. Әскери өмірдің сынын артқа тастап екі жылдан соң оралған Шамиль Олжабайұлы оқуын жалғастыру туралы оймен институтқа барғанында ауылдан Күләш жеңгеміздің қатты науқас екені туралы тағы суық хабар келеді. Не де болса аңсаған мамандығының өзіне бұйырмай тұрғанын түсінген ол, тағдырына еріксіз көндігіп, спортшылық арманынан қол үзеді...

Жастық арман – уақыттың еншісінде... Ал қазір «Қаламқас-мұнайгаз» өндірістік басқармасының жөндеуші-слесары Шамиль ағаның өндірістің қазанын қайнатып жүргеніне де жылдардың жүзі ауыпты.

- Сол кезде бала-шағамның несібесі жібермей тұр екен ғой, - деп күліп жіберді Шамиль аға. – Бір кездегі қиындықтар артта қалды, қазір аяқтанған ұл-қыздарымнан 11 немере, 4 жиен сүйіп отырған жайым бар. Кезінде «Ұлу тас», «Қызыл тұран» карьерлерінде машинист болып еңбек еттім. Кейін, 1995 жылдан бастап «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына газшы болып орналастым. Шүкір, қазір 5-дәрежелі жөндеуші-слесарь қызметін абыроймен атқарып жүрмін. Үлкен ұлым әке жолын таңдап, «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ-да мұнайшы болып еңбек етеді.

Асып-тасу болмысына жат, кісілігі мол асыл азамат биылғы жылдың көктемінде 60 жасқа толды.

- Қай саланың болмасын өзіндік қиындықтарымен қатар артықшылықтары болады. Жер астындағы байлықты ел игілігіне жарату жолында үлес қосып жүргенімізге іштей қуанамыз,- деген Шамиль аға еңбегін бағалаған басшыларға алғыс айтуды ұмытпады. - Еңбегімді елеп, іскерлікті бағалап жүрген кәсіпорын басшыларына мың алғысымды айтамын. Ел тыныш, халық татулық-бірлікте тірлік жасап, келер ұрпаққа үлгі-өнеге қалатын адал еңбек етсек деймін! – деп аяқтады сөзін Шамиль Олжабайұлы.


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту