Есқабыл Исаұлы Баймағанбетов 1948 жылы 21 желтоқсанда Атырау облысына қарасты Құлсары қаласының қасындағы Қосшағыл деген жерде дүниеге келді. Ол – «қара алтынды» халық игілігіне жаратқан, бақытын еңбекпен тапқан мұнайшылар әулетінің ұрпағы. Яғни өзі де, әкесі Иса да, оның әкесі Баймағанбет те – мұнайшылар, Атырау мен Маңғыстау өңірлерінің мұнай саласын дамытуға қомақты үлес қосты.
Еңбек жолын 1965 жылы Атыраудың Ембі ауданындағы «Құлсарымұнай» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Мұнайлы кәсіпшілігінде слесарьдың көмекшісі, артынан слесарь болып бастаған Есқабыл 1967-69 жылдары Кеңес Армиясы қатарында азаматтық борышын өтеді. Әскерде жүргенде алғырлығының арқасында қатардағы жауынгерден бөлімше командирі деңгейіне дейін өсті. 1975 жылы Қазақ политехникалық институтын мұнай-газ өндірісі құрал-жабдықтарының инженер-механигі мамандығы бойынша бітірген соң сол кездегі «Маңғышлақмұнай» бірлестігінде қатардағы жұмысшы, сосын аға шебер, инженер болып болып жұмыс жасады. Өзінің адамдармен тіл табыса білетін көпшілдігі мен ашық-жарқын мінезімен көзге түскен жас маман бірте-бірте сатылап өсіп, Жаңаөзен қалалық партия комитетінің нұсқаушысы болды, кейін кәсіподақ комитетінің төрағалығына көтерілді.
Өз саласын жетік білетін маман ретінде жүздеген адамның ішінен таңдап алынған ол 1980 жылдың қаңтар айында Жетібай технологиялық көлік басқармасының (ЖУТТ) бастығы қызметіне тағайындалды. Осы қызметте жүрген кезі оның барлық жақсы қасиеттерінің жан-жақты қырынан ашылып, жарқырай көрінген тұсы болды. Кәсіби маман ретінде біліктілігі мен ұйымдастырушылық қарым-қабілеті арқасында Есқабыл Исаұлы кейін «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ аталған «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігінің автокөлік және арнаулы техника саласын айтарлықтай жетілдіріп, биік белеске көтеру үшін аянбай еңбек етті.
Сөзіміз дәлелді болу үшін бірер мысал келтіре кетейік. 1983 жылы ол басшылық ететін ЖУТТ кәсіпорнында мұнай саласында алғаш рет арнаулы техниканы жөндеуде агрегатты-ағындық тәсіл қолданысқа енгізілді. Соның нәтижесінде арнаулы техникалар мен автокөліктердің аралық жөндеу кезеңі ұзартылды, конвейерлік жүйенің есебінен профилактикалық техникалық байқауға кететін уақыт үнемделді. Бұл тәсіл қазіргі таңда да облысымыздағы көптеген мекемелер мен кәсіпорындарда күні бүгінге дейін табысты жүзеге асырылып келеді. Е.Баймағанбетов басқарған жылдары Қазақстанның мұнай өнеркәсібінде тұңғыш рет екі сағат жұмыс уақыты мен жүздеген тонна жанар-жағармай материалдарын және бірнеше миллиондаған теңге қаражатты үнемдеуге мүмкіндік беретін ведомостволық автожанармай стансасы салынды. Сондай-ақ оның тікелей бастамасымен Маңғыстау облысында алғаш рет ірі жүк көліктері мен арнаулы техникаларға арналған автокөлік жуу орталығы салынды. Үкіметтің азық-түлік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өндірістік бірлестікте бірінші болып ЖУТТ кәсіпорнының базасында қызметкерлерді азық-түлікпен қамтамасыз ететін қосалқы шаруашылық ашылды. 1987 жылдың наурыз айында электр желілерінде ақау болып, бүткіл Қаражанбас, Қаламқас кен орындары мүлдем жарықсыз қалды. Бұл жолы да Е.Баймағанбетов басқаратын көлік бригадасы апат зардаптарын жою ісіне белсене қатысып, аз уақыт ішінде кеніштерді жарықпен қамтамасыз ету жұмысын жолға қойды.
Мекемені басқарған 9 жылдың (1980-1989 жж.) ішінде бесжылдықтар қорытындысында оның ұжымы 3 рет Маңғыстау облысы, 2 мәрте Қазақстан Республикасы бойынша социалистік жарыстың жеңімпазы болып, бір рет КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің Ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. Сол кездегі Үкімет пен партияның тапсырмаларын қалтқысыз орындай жүріп, халық шаруашылығын дамытуға барлық күш-жігерін сарп еткен ол басқаратын ұжым ешқашанда мұнайшылар мен бұрғышылардың, құрылысшылардың жұмысын ақсатқан жоқ, әрдайым олармен тізе қосып, қоян-қолтық, тығыз байланыста жұмыс жасап, тек кәсіпорынның ғана емес, өлке экономикасының да өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.
Есқабыл Исаұлы тек кәсіпорынның өндірістік мәселелерімен ғана шұғылданбай, осы мекеме орналасқан сол кездегі Ералиев (қазіргі Қарақия) ауданы халқының мәдени және тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерін шешуді де үнемі басты назарда ұстады. 1980-89 жылдар аралығында бірнеше рет Ералиев аудандық және поселкелік кеңесінің депутаты болып сайланған кездерінде ол 40-қа жуық жергілікті жастарды мұнай кәсіпшілігіне жұмысқа кіргізді. Оларды жұмыс орнына апарып, алып келетін көлік мәселесін де шешіп, Ералиев пен Жетібай кенттерінің аралығындағы 60 шақырым қашықтыққа күнделікті арнайы автобус қатынатты. Депутаттық мандатын пайдаланып, жүгіріп жүріп, Жетібай мен Мұнайшы кенттерінің халқын ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында өндірістік қуаты 3000 текшеметрлік Еділ суын тазартатын қондырғыны орнатуға қол жеткізді. Осыған дейін 30 жыл бойы ешкім басын ауыртып көрмеген проблеманы қолға алып, 1982 жылы жеке өзінің мұрындық болуымен Мұнайшы кентінің халқына үш телеарнаны тамашалауға мүмкіндік беретін үлкен бұрғылау мұнарасын орнатты. Сөйтіп, жергілікті тұрғындар алыстағы Алматы мен қиырдағы Мәскеудің хабарына үйлерінде отырып-ақ қаныға алатын болды. Е.Баймағанбетовтің белсенді түрде атсалысуының арқасында Ералиев (қазіргі Құрық) елді мекенінде балабақша мен №6 орта мектеп, «Малютка» балалар үйі, мұнайшыларға арналған тұрғын үйлер салынды. Балаларға арналған мекемелерді тек салып беріп қана қоймай, оларға ұдайы материалдық және техникалық көмек көрсетіп отыруды Есақаң өзінің абыройлы азаматтық борышы санады. Осының барлығы облыстық және аудандық партия комитеті мен атқару комитеті тарапынан жоғары бағаланып, жергілікті халықтың ықыласы мен ризашылығына бөленді.
Одан кейін №2 өндірістік қызмет көрсететін Орталық базаның бастығы қызметін атқарған жылдары күрмеуі қиын күрделі мәселелерді шебер шеше білген қабілетінің арқасында Есқабыл Исаұлы бас-аяғы екі жыл уақыттың ішінде осыған дейін ешқандай пайдасыз, шығыны көп мекеме саналып келген кәсіпорынды 1990 жылы «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігінің экономикалық қуаты ең мықты басқармаларының біріне айналдырды.
Өндірістік бірлестікте жұмыс істей жүріп, «Құмкөлмұнай» МГӨБ-ын құру жөніндегі КСРО Мұнай-газ өнеркәсібі министрлігінің шешімімен 1989 жылы Қызылорда облысындағы Құмкөл кен орнына жіберіліп, онда Құмкөл техникалық көлік басқармасын (КУТТ) құрып, мекеменің қаз басып, қалыптасуына ерен еңбек сіңірді.
1995 жылы ол «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның көлік және әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-президенті болып тағайындалды. Бұған дейін қожыраңқырап кеткен көлік мекемелерінің жұмысын жандандыруда жаңа басшының принциптілігі мен табандылығы бірден байқалды. Мұнай кәсіпшілігіне қызмет көрсететін арнаулы техникалардың жұмысын шұғыл ұйымдастыру арқылы мұнай өнімділігін арттыру үшін көлік кәсіпорындарына түгел дерлік қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілді. 1996 жылы «БТТ», «Мұнайшы» ЖШС-ларының негізінде көтергіш қондырғыларға күндіз-түні, тәулік бойы тоқтаусыз қызмет көрсететін сервистік бригада құрылды. Бұл кешенді бригада негізгі өндірістен өз алдына бөлек болды, оған арнайы слесарьлық жөндеу шеберханасы мен арнаулы техникалар бөлінді. Нәтижесінде көтергіш қондырғылардың тоқтап қалуы 52,8 пайызға азайып, жер асты ұңғыларын жөндеу көлемі ұлғайды. Соның арқасында мұнай өндіру қарқынының төмендеуі тоқтап, 1996 жылы нөлдік деңгейге дейін жетті. Жер асты жөндеулерін жүргізетін көтергіш агрегатты бір ауысымнан тәуліктік жұмыс кестесіне көшірудің нәтижесінде 1996 жылы жөнделген ұңғылардың саны 82-ге жетіп, көрсеткіш өткен жылғыға қарағанда 22,7 пайызға артты. Жұмысшылар мен қызметкерлерді Қаламқас, Жетібай кен орындарына таситын автобустар мен жеңіл автокөліктер бұрынғы МУТТ кәсіпорнынан алынып, жаңадан құрылған «Арай» ЖШС-не берілді. Реформа өз жемісін берді. Автомашиналардың техникалық жарамдылығы мен санитарлық жағдайы 1,7 есеге артып, күрт жақсарды. Қайта жаңартудың нәтижесінде екі жаңа кәсіпорын құрылып, жүздеген жұмыс орны ашылды, бригадалардың тұрмыстық жағдайы жақсарып, бұрғышылар мен құрылыс-шыларға, мұнай өндірушілерге қызмет көрсету сапасы артты. Соның арқасында мұнай өндіру деңгейі де көтерілді.
Есқабыл Исаұлы вице-президент болып тұрған кезде тек өндірістік ахуал ғана емес, мұнайшылардың тұрғын үй және әлеуметтік жағдайы да жақсара бастады. Оның тікелей қадағалауы мен қатаң талап қоя білгендігінің арқасында 1996 жылы Қаламқас кен орнында 728 орындық 14 жатақхананың құрылысы бой көтерді. Бұған дейін де «ММГ» АҚ-ның құрылыспен айналысатын кәсіпорындарында құрылыс материалдары мен мол мүмкіндік, зор күш-жігер бола тұра, құрылыс қарқыны өте баяу, жылына 1-2 жатақхана салумен ғана шектелетін. Табанды талапшылдық, іскер ұйымдастырушылық бұл саланы да бір сілкінтіп алды. Сол қарқынмен кен орнында 500 орындық екі асхананың құрылысы аяқталды.
Тағы бір айта кетерлік оқиға. 1995 жылы Каспий теңізінің деңгейі көтеріліп, Қаламқас кен орнын су баса бастады. Ал бұл еліміз мұнай қорының 70 пайыздай бөлігінің су астында қалып, жоғалу қаупін тудырды. Осы кезде Е.Баймағанбетов басқарма басшылығының тапсырмасымен шұғыл шараларды қолға алып, «ММГ» АҚ-ның бүкіл техникалық күш-қуатын күндіз-түні тәуліктік жұмыс кестесіне көшірді. Соның арқасында кен орнын су басудан қорғайтын дамбы құрылысы өте қысқа мерзімде аяқталып, кенішке төнген апат қатері жойылды.
Есқабыл Исаұлының бастамасымен осыған дейін мұнайшыларды азық-түлікпен қамту жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмаған Жұмысшыларды жабдықтау басқармасымен (УРС) арадағы келісімшарт тоқтатылып, оның орнына «ММГ» АҚ-ның жанынан осы мәселемен және әлеуметтік қызмет көрсетумен айналысатын арнайы басқарма (УСР) құрылды.
Әлеуметтік мәселелермен тікелей айналысатын басшы ретінде Е.Баймағанбетов Маңғыстау өңірінің қаржылық қиыншылыққа ұшыраған көптеген мекемелеріне, орталықтан шалғай елді мекендерде тұратын ауыл халқына, мектептер мен балабақшаларға, жекелеген тұрғындарға, аз қамтылған отбасыларына үнемі көмек қолын созып отырды.
Ел үшін еткен еңбек елеусіз қалған жоқ. Сонау 1972 жылдан бері бірнеше рет «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігінің «Құрмет грамоталарымен», қаржылай сыйлықтарымен, аудандық және облыстық партия комитеттерінің «Алғыс хаттарымен», 1986 жылы Қазақстан Республикасының, 1987 жылы СОКП Орталық Комитетінің, КСРО Министрлер Кеңесінің, Бүкілодақтық Кәсіподақтар мен БЛКЖО Орталық Комитетінің «Құрмет грамоталарымен» марапатталған ол 1986 жылдың 30 шілдесінде КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің шешімімен «Мұнай өнеркәсібінің үздігі» атағына ие болды. Кеңестер Одағы тарағаннан кейін де ел экономикасын дамытуға қосқан сүбелі үлесі үшін Тәуелсіз Қазақстанның бірқатар наградаларын төсіне тақты. 1999 жылы «Қазақ мұнайына – 100 жыл!», 2001 жылы «Қазақстанның Тәуелсіздігіне – 10 жыл!», 2011 жылы «Маңғыстау мұнайына – 50 жыл!», 2013 жылы «Маңғыстау облысына – 40 жыл!», 2018 жылы «Қарақия ауданына – 45 жыл!» мерейтойлық медальдарын иеленді. 2014 жылы ҚР Мұнай-газ өнеркәсібі министрі Ұ.Қарабалиннің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Ақиқатын айту керек, барлық пенде баласы секілді Есақаңның да бүкіл өмір жолы түп-түзу, тақтайдай теп-тегіс, тек қана қызық пен қуанышқа толы болған жоқ. Шаттығы мен қайғысы алма-кезек, алшылы-шікті ауысып түсіп жататын алмағайып тіршілік оған да ауыртпалығын аз салған жоқ. Әсіресе ана бір жылдары аяқ астынан апатқа ұшырап, қыршынынан қиылған ұлы Ермектің қазасы оның қабырғасын қатты қайыстырып кетті. Дегенмен, Алланың ісіне амалы бар ма, «Өлгеннің артынан өлмек жоқ», тірі адам тіршілігін жасайды ғой. Қазір шүкір, елдің алды болып, ортадан оза шауып кетпесе де, ағайын-туғаны мен ақ-адал ниетті дос-жарандарының ортасында ел қатарлы есен-аман жүріп жатыр.
Кейінгі жылдары, зейнеткерлікке шыққанша Жаңбыршы кен орнындағы «Ақтау-транзит» мекемесі бас директорының орынбасары қызметін атқарған Есақаң бүгінде Орта Жүздегі Арғын руының қызы, жұбайы Сақыпжамал екеуі ұл-қыздары Мұрат пен Гүлнарадан тараған бала-шағасын қызықтап, бақытты ғұмыр кешуде. Бүткіл өмірінің 45 жылын еліміздің мұнай саласын өркендетуге, оның 35 жылдан астамын «Маңғыстаумұнайгаз» кәсіпорнын дамытуға арнаған ардагер ағаны мерейжасымен құттықтап, алдағы уақытта да зор денсаулық пен отбасы бақытын, ұзақ өмір қызығын тілейміз.
Арнаулы тілшіміз
|