Ағымдағы жылдың 19 сәуірінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқармасының төрағасы Қайыргелді Қабылдин, Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ еңбек ұжымымен кездесіп, кездесу барысында қызметкерлерге компанияның жаңа Бас директоры - Әсет Маратұлы Мағауовты таныстырды.
Кездесуді ашқан Қ.Қабылдин бұрынғы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басшысы А.С. Айдарбаевтың «ҚазМұнайГаз» компаниясының Барлау және өндіру жөніндегі Басқарушы директоры болып тағайындалғанын айтып өтті.
- Біріншіден, мен Алик Серікұлына «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры лауазымында атқарған жұмысы үшін алғысымды білдіремін, - деді Қ. Қабылдин. – Ол алғашқы еңбек жолын 1985 жылы Жетібай кенорнында операторлықтан бастаған еді. Алик Серікұлы Айдарбаев жаңа лауазымда да өзінің кәсіпқорлығын, білімін және іскерлігін көрсетіп, жаңа жетістіктер мен көрсеткіштерге қол жеткізетініне сенімдімін. 15 сәуір күні Директорлар кеңесінің шешімімен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директорына Әсет Маратұлы Мағауов тағайындалды. Әсет Маратұлы қай қызметте де өзін білгір де дарынды маман ретінде көрсете білді. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры қызметінде де ол өзін жақсы тұрғыдан көрсетіп, «ҚазМұнайГаз» компаниясының білдірген сенімін ақтайды деп ойлаймын.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Алик Айдарбаевқа жасаған жұмысына рахмет айтып, жаңа қызметіне табыс тіледі.
- Алик Серікұлы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басқарған кезең ішінде компанияда позитивтік оң өзгерістер болды: жаңа технологиялар енгізілді, жаңа инженерлік шешімдер қолданыла бастады, компанияның және тұтас алғанда, аймақтың да әлеуметтік мәселелерінің дамуына басты көңіл бөлінді, - деді өз сөзінде Қ. Көшербаев.
Қырымбек Көшербаев Алик Айдарбаевқа Маңғыстау облысы әкімінің алғыс хатын және киелі Бекет Ата қорымы бейнеленген суретін сыйға тартты.
- Әсет Маратұлы - мұнай-газ саласының тәжірибелі әрі білгір маманы, - деп жалғастырды сөзін Қ. Көшербаев. – Жаңа Бас директордың барлық бастамаларына табыстар тілеймін.
Алик Серікұлы Айдарбаев Әсет Маратұлы Мағауовты жаңа қызметімен құттықтап, өз міндеттемелерін абыроймен орындайтынына сенім білдірді.
- Бүгін «ҚазМұнайГаз» басшылығы, Маңғыстау облысының әкімдігі «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметіне жоғары баға берді, - деді А.С. Айдарбаев. – Мен бұны «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бүкіл ұжымына берген баға деп санаймын. Мен «ҚазМұнайГазға» жұмысқа ауысып бара жатқаныммен, біз ортақ жұмысты жалғастырамыз. Мен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ ұжымына өз ризашылығымды білдіремін, көп рахмет сіздерге, құрметті әріптестер, барлық жақсылықтар тілеймін!
Жаңа Бас директор Ә.М. Мағауов өзінің осы қызметке тағайындалуын өзіне артқан үлкен сенім мен жауапкершілік деп бағалайтынын атап өтті.
- «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ – жақсы дәстүрлерге бай компания, - деді Ә.М. Мағауов. – Компанияның қалыптасу және даму тарихы баршаға мәлім, әр түрлі кезеңде «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында Қазақстанға танымал көрнекті мұнайшылар еңбек етті. Мен «Маңғыстаумұнайгаз» ұжымының атына айтылған талай жақсы сөздер мен лебіздерді естідім. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компания алдына қойған міндеттерді біз бірлесіп шешіп, Алик Серікұлы бастаған өндірістік және әлеуметтік міндеттерді абыроймен жүзеге асырамыз деп ойлаймын.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ ұжымы атынан Бас директордың бірінші орынбасары Сунь Синъюнь, «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ бастығы Нұрпейіс Сәрсенбай және Автоматтандыру, ақпараттық технологиялар және байланыс департаментінің жабдықтау жөніндегі инженері Ольга Мирошникова сөз сөйледі.
- Мен Алик Серікұлын жаңа қызметке тағайындалуымен шын жүректен құттықтаймын, - деді Сунь Синъюнь. – А.С. Айдарбаевтың басшылығымен жұмыс жасаған компания әлеуметтік саланың дамуына және өндірістік міндеттердің шешілуіне үлкен үлес қосты. Алик Серікұлы Қоғамның дамуына жақсы негіз салып кетті. Жаңа Бас директордың басшылық етуімен компания үдемелі қозғалысын жалғастырып, біз жарқын нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенемін!
Н. Сәрсенбай пен О. Мирошникова А.С. Айдарбаевқа жаңа қызметіне сәттіліктер мен табыстар тілеп, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жаңа Бас директорын құттықтады.
Есназар Султанов |