Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
05.02.2019 ҚАЛАМҚАС МҰНАЙЫ ҚАЛАЙ АШЫЛДЫ?

  

Қаламқас кен орнының ашылғанына – 40 жыл!

«Мұнайлы өлке» газетінің редакциясы басылымның биылғы алғашқы санынан бастап Қаламқас кен орнының ашылғанына 40 жыл толуына орай тарихи, шежірелік материалдарды жариялап отыруды қолға алды.

Қазыналы өңірдегі Өзен, Қаражанбас кен орындарын тұңғыш ашушы, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Әділ НҰРМАНОВ – Бозашы түбегіндегі Қаламқас кен орнының ашылуына да үлкен үлес қосқан ардагерлеріміздің бірі. Сол кезде «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресіне қарасты геологиялық іздестіру партиясында бас геолог қызметін атқарған ол арада 30 жылдай уақыт өткен соң, 2004 жылы өлкетанушы Отыншы Көшбайұлымен бірігіп, «Бозашы – Маңғыстаудың екінші тынысы» атты кітап жазып шықты. Бұл туындыда автор тек өзінің өмір жолдары жайында сөз етіп қана қоймайды, сондай-ақ Өзен, Қаражанбас, Қаламқас, Жалғызтөбе, Арман кен орындарының қалай ашылғандығы жөнінде де барша жұртшылыққа түсінікті, өте қарапайым тілмен, қызықты етіп баяндайды. Біз бүгін сол кітаптың Қаламқас кен орнының қалай ашылғандығы хақында сыр шертетін жерлерінен үзінділерді оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

                                      

...Көлемі айта қаларлықтай аумақты – ұзындығы 60, ені 25-30 шақырымға жететін Солтүстік Бозашы төбелі дөңіндегі бұрғылау жұмыстарын тездету мақсатында басқа жерлерден көмек алуға тура келді. Ақтөбе облысындағы Ембі геологиялық іздестіру экспедициясынан екі бұрғылау қондырғысы бригадасымен алдырылды. Енді оған өзіміздегі үш бұрғылау қондырғысы қосылып, құрылымдық бұрғылау кең көлемде жүргізіле бастады.

Бұған қоса Шымкенттен келген «Тұрлан» және Атыраудан келген екі геофизикалық партия жұмыстарын Солтүстік Бозашы дөңінің геологиялық құрылысын зерттеуден бастады. Осы зерттеу нәтижесінде алаңдардың шөгінді тізбектері анықталды. Жалпы Бозашы дөңінің Қаражанбас, Солтүстік Бозашы сияқты өз алдарына бөлек-бөлек екі үлкен дөңнен тұратындығы анықталды. Сонымен қатар бұл дөңдердегі төменгі бор қабатында және оның астындағы юра шөгінділерінде мұнайлы қабаттардың сақталғаны белгілі болды. Әрі қарата жүргізілген зерттеу жұмыстары осы Солтүстік Бозашы дөңінің оңтүстік беткейінде Жалғызтөбе, ал дөңнің солтүстік беткейіндегі Каспий жағалауында орасан аумақты Қаламқас құрылымының орналасқанын анықтады. Осы Қаламқас құрылымының терістік қанатында қазылған К-1 ұңғысынан 587 метр тереңдіктен 1976 жылы қаңтардың 30-ында алғашқы газ фонтаны алынды.

Қаламқас құрылымының ұзындығы 20 шақырымдай болса, ені 5-6 шақырымға жетеді. Оның терістік беткейі түгелдей дерлік теңіз суының астында болды. Осы Қаламқас дөңінің батыс жағалауында өз алдына бөлек орналасқан Арман биіктігінің бар екендігі анықталып, онда мұнайлы қабаттардың сақталғандығы белгілі болды. Жаңа мұнай фонтанының ашылуы аймақта кең көлемде геофизикалық жұмыстардың жүргізілуіне мұрындық болды. Ал оның нәтижесінде ашылған жаңа құрылымдардың барлығы да зерттеліп, олардың бір-бірінен қашықтықтары, орналасу шекаралары да айқындала түсті...

...Алда өте қиын, бірақ қиын да болса тағы да тәуекелге баратын жұмыс күтіп тұрды. Каспий жағалауындағы Қаламқас дөңінің солтүстік қанаты мен оның солтүстік-батыстағы жалғасы теңіз суының астында жатқандығына байланысты ол участоктердің геологиялық құрылыстары жете зерттелмеді. Бұл Қаламқас дөңіне тиянақты баға беруге кедергі келтірді. Сондықтан қалайда Қаламқас дөңінің теңіз суы астындағы өлшемдерін анықтау қажет болды. Ол үшін құрылымның белгіленген биік төбе тұсынан теңізге қарай тағы да 2-3 шақырымдай сұғынып БА-15Н қондырғысымен ұңғы қазуға тура келді. Бұл жұмысты тек қана қыс айларының аязды күндерінде ғана іске асыруға болады. Өзге уақыттарда ол жер жас сәбидің еңбегіндей былқылдап, езіліп жататыны кім-кімге болса да түсінікті. Сондықтан бұрғылау шебері А.И.Волочаевқа осы кезде Қаламқас дөңінің төбе тұсында құрастырылып жатқан №3 мұнарасынан тура терістікке, теңізге қарай 2-3 шақырым сұғынып барып қазуға тапсырма бердім.

Алексей Иванович пен участоктегі геолог Құрманғазиев Байжан мен тапсырған жұмысты орындауға кірісті. 1976 жылы 21 қаңтар күнгі таңғы байланыста олар:

- Әділ Молдашұлы, К-1 ұңғысын сіз айтқан межеге жеткізе алатын емеспіз. Екі шақырымнан артық қашықтыққа жету мүмкін емес. Одан әрі тәуекел ету қауіпті, - деді.

Келісімімді бердім. Сөйтіп, К-1 ұңғысы 1976 жылдың қаңтарынан бастап қазыла бастады.

Теңіз жағасындағы бұрғылау жұмыстарының ең қиыны сол – кей уақыттарда терістіктен соққан жел әсерінен мұнара көлкілдеген көк айдынның ортасында қалады. Енді басқа-басқа, мұнараның басына жетудің өзі мұң болады. Осындай қиын сәттерге қарамастан ұңғы қазу жұмысы бір сәт те тоқтаған жоқ. Қаңтар айының аяғына таман оның тереңдігі 560 метрден асты. 1976 жылдың 31 қаңтарында таңертеңгі сағат 10-дарда байланысқа шыққан Алексей Иванович өз жайын былай деп хабарлады: «Өткен түні түнгі сағат 11-лердің шамасында ұңғының тереңдігі 587 метрге жеткенде кенеттен шуылдап, гүрілдеген дыбыс шықты. Ұңғыдан ерітінді шапшып шығып, ыдыстардан асып төгіле бастады. Тәжірибелі бұрғышы тездетіп фонтанға қарсы қолданатын құрал – превенторды бұрғылау құбырына жалғап үлгерді. Қазір превентор арқылы жалғанған құбырдан едәуір қысыммен таза газ атып тұр. Газды факель жасап жағып қойдық», - деді ол.

Сөйтіп, Бозашы түбегіндегі үшінші үлкен кен орны – Қаламқас мұнайлы алаңы 1976 жылдың 30 қаңтарында ашылған еді. Өлкенің мұнай тарихында геологиялық іздестіру партиясы қазған К-1 құрылымдық ұңғысы Қаламқас кен орнын алғашқы ашушы ұңғы болып мәңгілікке жазылып қалды.

Осы жылдың ақпан, наурыз айларында қазылған құрылымдық іздестіру ұңғыларынан алынған керн де, каротаж материалдары да бұл алаңдағы бор және юра шөгінділерінде бірнеше мұнайлы қабаттардың бар екендігін анықтады. Көп кешікпей, осы жылдың 24 шілдесінде «Маңғыстаумұнайгазбарлау» кешенді экспедициясына қарасты М.И.Кривцов басқаратын бұрғылау бригадасы №3 терең бұрғылау ұңғысынан 847-860 метр аралығындағы юра шөгіндісінен тәулігіне 200 текшеметр өнім беретін мұнай фонтанын ашты. Бұл фонтан алғашқы А.И.Волочаев алған газ фонтанын түпкілікті растап, Бозашы түбегінде мұнай мен газдың үшінші үлкен кен орны – Қаламқастың ашылғанын бүкіл елге жария етті.

 Тұрған жерлерін түгелдей сор алып жатқан, Бозашы аймағында ашылған осынау аса үлкен Қаражанбас, Солтүстік Бозашы, Қаламқас кен орындарын жүйелі зерттеп, оларға өндірістік баға беру керек болды. Кеңестер Одағындағы бұрынғы қалыптасқан жайлармен жүре беретін болса, бұл – кезең-кезеңмен атқарылатын, көптеген жылдарға созылатын жұмыс. Оның үстіне бұл алаңдағы мұнай мен газ қабаттары 300-900 метр аралығындағы тереңдікте орналасқан. Ал біздің экспедициядағы барлау-бұрғылау қондырғылары 5000 метр тереңдікке дейін қазуға арналған. Міне, осы орасан ауыр бұрғылау қондырғыларын сор батпақты аймақта орналасқан, тайызда жатқан мұнайлы алаңдарда пайдалану өте қиынға соқса, екіншіден, оларды бір орыннан екінші орынға көшіріп-қондыру мүмкін де емес еді. Бұл жағдай экспедицияның геолог барлаушыларын күтпеген қиын жағдайға әкеліп тіреді. Сондықтан бұрын-соңды кездеспеген, айта қаларлықтай тайыз – небәрі 300-900 метр тереңдіктен табылған мол мұнайды өте қысқа мерзім ішінде зерттеп, оған өндірістік баға беру үшін тың, жаңа әдіс керек болды.

Бірқатар ізденістерден кейін экспедиция бастығы Х.Ж.Өзбекқалиев пен бас геолог В.П.Токаревке Бозашы аймағындағы тайызда жатқан мұнайлы қабаттарға геологиялық барлау жұмыстарын жүргізудің өз ойымда пісіп-жетілген жаңа әдісін ұсындым. Бұл әдіс бұрынғы қалыптасқан инструкция бойынша жүргізілетін кен орындарын барлаудағы кезеңдік әдістерді біріктіру болып табылатын. Сонымен қатар бір мезгілде жеңіл бұрғылау қондырғыларын пайдаланып, мұнай мен газ алу үшін кейбір құрылымдық ұңғыларда зерттеу және сынау жұмыстарын жүргізу. Талқыға салғаннан кейін олар менің бұл ұсынысымды қызу қолдап, тездетіп дайындап әкелуге тапсырма берді. Әдістің өте тиімді екендігі және кен орындарын өте қысқа мерзімде дайындауға мүмкіндік беретіні белгілі болды. Жеңіл бұрғылау қондыр-ғыларына бірқатар техникалық өзгерістер енгізуді де, олардың қуаттылығын күшейту мақсатында жеңіл бұрғылау құбырларын төзімді қалың құбырлармен ауыстыру жөніндегі шешімді қабылдау да басталып кетті.

Мен тездетіп бұрынғы бөлек-бөлек, үш кезеңнен тұратын – геологиялық іздестіру, барлау және өндірістік баға беру жұмыстарын біріктіріп, бір мезгілде Бозашы аймағында тайызда жатқан кен орындарына өндірістік баға беру әдісін қысқа уақытта дайындап бітірдім. Жаңа әдіс бойынша құрылымдық бұрғылау жұмыстары мен алаңның геоло-гиялық құрылысы және онда ашылған мұнайлы қабаттардың аумағы анықталып отырады. Оның артынан іле-шала мұнайлы қабаттары анықталған участоктерде барлау, бұрғылау жұмыстары жүргізіледі. Сөйтіп, ашылған қабаттардағы мұнай мен газдың қорын есептеуге керекті барлық көрсеткіштер анықталды.

Сонымен қатар ұңғыларды шегендеп бекіту жағдайында жіберілген технологиялық кемшіліктерді түзету мақсатында, болмаса қабаттағы мұнайдың ағымын табиғи жағдайда тездетіп алу үшін бірқатар ұңғылар қазылып болғасын, олардағы мұнайлы қабаттарды цементтемей, ашық забойда зерттеп, сынау ұйғарылды.

Менің және В.Токарев пен Х.Өзбекқалиев болып бірігіп жасаған жаңа әдісіміз арқасында Бозашы аймағында 1974, 1975, 1976 жылдары ашылған Қаражанбас, Солтүстік Бозашы, Қаламқас мұнайлы алаңдарына бұрын-соңды болмаған өте қысқа мерзім ішінде өндірістік баға берілді. Осы аса аумақты үш кен орнындағы мұнай мен газдың қорлары есептеліп, 1978 жылдың тамыз айында Кеңестер Одағының кен қорлары жөніндегі комитетте (ГКЗ) олар жоғары бағамен қабылданып, бекітілді.

Осы жылдың қыркүйек айында Қаламқас кен орнында «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігі мұнай өндіруді бастады. Қаламқастың алғашқы мұнайы 1980 жылдың 4 қаңтарында танкермен Баку қаласына жөнелтілді.

Иә, осылайша көп жылдар бойына геологиялық құрылысы жұмбақ болып келген, мұнай мен газ іздестіріліп, зерттелуде көрнекті геолог ғалымдардың өзі «болашағы жоқ» деп есептеген, жер бедерін сор басқан, құлазыған Бозашы аймағының енді жаңа тынысы басталды. 1974 жылы «Маңғыстаумұнайгазбарлау» кешенді экспедициясына қарасты геологиялық іздестіру партиясы алғашқы құрылымдық ұңғысын қазып, айға жетер-жетпес уақытта, қаңтардың 26-сында алғашқы қуатты мұнай фонтанын атқызғаннан кейін санаулы уақыт ішінде бүкіл Солтүстік Бозашы дөңді аймағында геологиялық іздестіру жұмыстары қауырт жүргізіле бастаған-ды.

Осы алғашқы геологиялық іздестіру кезеңінен бастап, одан кейінгі құрылымдық бұрғылануы және Қаражанбас, Солтүстік Бозашы, Қаламқас сияқты үлкен үш кен орындарының, олардың қасындағы Жалғызтөбе, Арман құрылымдарының ашылуы, оған өндірістік баға беру кезеңдерінің біріктіріліп, небәрі төрт жылда атқарылуы бұрын-соңды мұнай мен газ игеру тарихында болмаған жағдай еді.

Көрген жанның жүрегін шайлықтырып, үмітін кері кетірер, барса келместей батпақты сордың астындағы Бозашының мұнайлы аймағы осылай ашылған. Маңдайдан соққан аязы, найзадай қадалған азынаған боранды күндері де, ми қайнатар ыстығында да тайсалмай күресе білген барлаушылардың қажырлы еңбегі арқасында олар түгелдей барланып, 339,2 миллион тонна алынатын мұнай мен 17,9 миллион текшеметр табиғи газ қорларымен дайындалып, өндіріске тапсырылды.

Құрылымдық бұрғылау кезінде алынған Қаражанбас, Қаламқас мұнайларының физикалық қасиеттерімен бірге олардың құрамында аса құнды химиялық элементтер бар екендігі де анықталды. Алынған мұнай үлгілері сол кездегі Кеңестер Одағындағы ВНИГРИ, НИХИ ЛГУ, ГРОЗНИИ, КазНИГРИ сияқты ғылыми зерттеу институттарының лабораторияларына жіберіліп, зерттелді. Олардың шығарған қорытындылары бойынша Бозашы мұнайының тауарлық сапасы аса жоғары бағаланып, оның құрамында өте құнды, сирек кездесетін шикізаттардың бар екендігі белгілі болды. Мұнай құрамында аса үлкен температураға шыдайтын РГ-1, Т-6 сияқты қорғаныс өндірісіне пайдаланылатын реактивтік жанармайлармен бірге әртүрлі құрыш алуға пайдаланылатын ванадий (Ү2 О5), никель сияқты химиялық элементтер концентрация-ларының өте жоғары деңгейде екендігін анықтады. (Ү2 О5 – 440 г.тонна).

Мемлекеттің индустриялық өркендеуінде бұл элементтерді өндіріске пайдаланудың маңызы аса зор.

Құрышқа (болатқа) азғана ванадий қосудың нәтижесінде оның барлық физикалық қасиеттері жан-жақты өсіп, пайдалану мерзімі ұзарады. Көлемдері кішірейіп, құралдардың салмақтары бірнеше есе азаяды, төзімділіктері артады, т.б.

1979 жылдың тамыз айында Бозашы мұнайының құрамындағы бесокисті ванадийді (Ү2 О5) айырып алу әдісін анықтау мақсатында Мәскеу қаласындағы зауытқа 8 тонна Қаражанбас мұнайын геологиялық іздестіру партиясының геологы Серік Айтуаров апарып тапсырды. Зауытта жасалған жұмыстың қорытындысы Ленинград қаласындағы ғылыми институтта (ВНИГРИ) жан-жақты зерттелді. Мұнай құрамындағы бесокисті ванадийді (Ү2 О5) алу жолдары анықталды. Сөйтіп, «Миллион тонна Бозашы мұнайынан 440 тонна Ү2 О5 алуға болады» деген тұжырым жасалды.

Міне, осылай атағы бүкіл Кеңестер Одағына әйгілі болған Жетібай мен Өзен сияқты алып мұнай мен газ кен орындары бар қасиетті Маңғыстауда бүгінде игерілетін мұнайдың тең жартысы жаңадан ашылған Бозашы кен орындарынан өндірілуде.

Маңғыстаудың терістігіндегі Бозашы түбегінде аса үлкен жаңа мұнайлы аймақтың ашылуы Маңғыстау геолог барлаушыларының шежіресінде айта қаларлықтай орынға ие болды. Бозашы Маңғыстаудың екінші тынысы болды. Қазір Бозашыдағы алғашқы Қаражанбас кен орнының төріндегі бірінші мұнай фонтаны алынған К-12 құрылымдық ұңғысының орнында, биік тұғыр үстінде үлкен ескерткіш тақта тұр. Онда алғашқы фонтанды ашқан Әділ Нұрманов пен Санақ Таяновтың аты-жөні алтын әріптермен жазылған. Бұл тақтаны кен орнының ашылғанына жиырма жыл толуына орай мұнайшылар қойған еді.

Кеңестер Одағының көптеген жылдар бойы сынақ полигоны болған Бозашы түбегін барлауды 1974 жылдың қаңтар айында Санақ Таяновтың бұрғылау бригадасы бастаған болатын. Санақтың бұрғылау жұмыстарында жинаған тәжірибесі мол еді. Маңғыстауда ол бармаған, оның бұрғылау қондырғысы табанын тіремеген жер бар ма екен, сірә?! Ол ит арқасы қияндағы шалғай елсіз мекендерде 1962 жылдан бастап құрылымдық бұрғылау жұмыстарын жүргізді. Оның бригадасының өзі осы бір өлкедегі мұнай тарихының беттері сияқты. Қарап отырсаң, оның әрбір мүшесінің мұнай саласына сіңірген еңбегін бөлек-бөлек жыр қылып айтуға тұрарлық. Мәселен, өз ісінің майталман шебері, алғашқы геология-лық іздестіру конторы (ГПК) ұйымдасқан 1951 жылдан бастап жұмыс істеген Галидуллин Сүлеймен, Қойшыбаев Жақсыбай сияқты бұрғышылардан үйреніп, тәлім-тәрбие алған Амандәулетов Қален, Қорғанбаев Нұрғазы, Қарабалин Мақсат, Моисеев Петро, Бәлдеков Әнес секілді олардың көмекшілері болды. Олардың қатарында Түйебаев Ахмет, Сейітов Төребай, Адамбаев Теңізбай, Алашаев Шәкірат сияқты жас бұрғышы инженерлер де өздерінің алғашқы еңбек жолдарын осы бригадада бастаған болатын.

Бозашы аймағындағы бұрғылау жұмыстарының жан-жақты ұлғаюына байланысты бұл аймаққа А.И.Волочаев, Е.Төреханов басқаратын бригадалар келіп, Бозашының батпақты, сорлы аймақтарынан шыңдалып, сынақтан өтті. Барлаушылар ауыр жағдайда, қоныштарымен балшық кеше жүріп жұмыс істеді. Өткен күнде белгі жоқ. Қазір сол кезеңдерді, сол уақыттағы геолог барлаушылардың бастарынан кешірген қиындықтарды айтсаң, кейбіреулерге ертегідей көрінуі де мүмкін. Бұрғылау қондырғысына қажетті құрал-саймандар, техникалық су, керек десе ішетін ауыз судың өзі тракторға тіркеліп, сүйретпемен жеткізілді. Күннің аптап ыстығында сол темір бөшкемен шайқалып келіп, қып-қызыл болып кеткен сумен бұрғышылар таңдайын жібітетін, тамағына пайдаланатын.

Бұрғылау жұмыстарын іскерлікпен ұйымдастырып, геологиялық мәліметтерді дер кезінде жинақтап, зерттеу жұмыстарын әзірлеуде инженер-бұрғышылар мен геологтар Т.Ведзижев, А.Түйебаев, Ғ.Балмұханбетов, Б.Құрманғазиев (бұлардың бәрі де өмірден өтті), А.Ақылбаев, С.Айтуаров, А.Ишанғалиев, М.Қарабалин, С.В.Карамышева, Б.Кезбаев, топограф В.Д.Солодов өз мамандықтарына деген сүйіспеншілікті, іскерлікті көрсеткен еді.

Геологиялық іздестіру партиясын бұл жылдары тәжірибесі мол геолог барлаушы Бисен Әбішев басқарды. Бозашы мұнайын барлап, игерудегі Бисекеңнің еңбегі зор болды. Ол өзінің еңбек жолын сонау соғыстан кейінгі 1945 жылдан бастады. Ембі мұнайлы аймағында, Қазақстан мұнай бірлестігінде карта түзу, геологиялық іздестіру жұмыстарында көптеген жылдар бойы геолог, бөлімше бастығы болып, мол тәжірибе жинақтады. 1964 жылдан бастап еңбек жолын өлкедегі «Маңғыстаумұнайгазбарлау» кешенді экспедициясына қарасты терең бұрғылау бөлімшелерінде геолог, бастық болып жалғастырды. «Бисекеңнің өмір бойы жинақтаған мол тәжірибесі батпақты сорда орналасқан Қаражанбас, Солтүстік Бозашы, Қаламқас алаңдарында геологиялық іздестіру жұмыстарын ұйымдастыруда, ашылған мұнай қорларына өндірістік баға беруде сынақтан өтті» деуге болады. Осы жұмыстардың барлығын да ол тек қана өзіне тән еңбек-керлікпен атқарып шықты.

Бозашы мұнайлы аймағын игеруде экспедицияның геологиялық бөліміндегі геологтар Виктор Нечаев, Жаңбырбай Қартбаев, Болатбай Матаев, Нина Ивановна Токарева, Ізберген Көбекбаев, Шамғон Жарылғаповтар жаңадан ашылған мұнайлы алаңдарды жан-жақты зерттеп, оларға өндірістік баға беруде өздерінің ысылған маман екендіктерін көрсетті. Ал Владимир Дмитриевич Солодов кез келген уақытта барлаушыларға жобаланған ұңғылардың орындарын тиімді бағытта көрсете алатын, өз ісінің сұңғыла білгірі, «теңдесі жоқ» деп айтуға болатындай тамаша геодезист топограф еді.

Өздері ашқан Бозашының мол мұнайын барлап, оны игеруде экспедицияға қарасты геологиялық іздестіру партиясы мен өндірістік бөлімшелер – РИТС, КОКС, АТК-1, АТК-2, БПО жұмысты асқан ұйымшылдықпен және үлкен жауапкершілікпен атқарды. Қазылған ұңғыларға геофизикалық зерттеу жұмыстарын Күмбетбай Әлібеков басқаратын экспедиция (МЭГИС), оның Б.Құлжағаровтар еңбек ететін отрядтары атқарды.

Халел Өзбекқалиев жөнінде әңгіме қозғай қалсақ болды, ол туралы кез келген маңғыстаулық ұзақ-сонар сыр шертеді. Өйткені, Халекеңнің осы бір қасиетті Маңғыстауға, оның құт дарыған қойнауындағы байлықтарын игеруге сіңірген еңбегі ерекше еді ғой. Халекең өзінің қарамағындағы білікті геолог мамандардың Бозашы жағдайында ұсынған айрықша ұтымды әдістерін көрегендікпен қолдады. Әлдебіреулер секілді жоғарыға қарап жалтақтау, солардың бұйрықтарын ғана орындау оған жат еді. В.П.Токарев, Х.Ж.Өзбекқалиев және менің Бозашы мұнайын игеруде қолданған жаңа әдісіміз артынан «Методика ускоренной промышленной разведки Бузачинских месторождении нефти и газа» деген атаумен ғылыми журналда жарияланған еді.

Одақ, республика көлемінде шешілетін мәселелер Халекеңнің жұмыскерлігі арқасында тез іске асып жататын...

...Бозашының қиын табиғат жағдайларында болашаққа сеніммен қарап, ақыры оның зейнетін кейінгі ұрпаққа ұсынуда Х.Ж.Өзбекқалиев пен В.П.Токарев жетекшілік еткен, аты аңызға айналған «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресінің, кейіннен «МНГР» кешенді экспедициясының және оның құрамындағы мен және Б.Әбішев қызмет жасаған геологиялық іздестіру партиясының еңбегі ерекше болатын. Біздер салған соқпақ күні бүгінге дейін өміршеңдігін көрсетіп, жалғасын табуда.

Көптеген жылдар бойына Кеңестер Одағының әскери сынақ полигоны болған Бозашы түбегі бұл күндері айта қаларлықтай өзгерді. Облыстың үлкен мұнай өндіру базасына айналды. Түбектегі кен орындарын облыс және аудан орталықтарымен жалғастыратын асфальт жолдар іске қосылды. Олармен күндіз-түні, ерсілі-қарсылы жүк тасыған машиналар мен мұнайшыларды жұмыс орнына жеткізетін автобустар ағылады. Кен орындарының басында мұнайшыларға арналып салынған кешендер, олардың жұмыстан тыс уақыттарын тиімді пайдаланатындай барлық жағдай жасалған. Әрине, қазіргі заманға сай осындай әлеуметтік және мәдени-тұрмыстық жағдайлар оларды басқарып отырған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қаражанбас» ААҚ, «Тексако Норс Бозашы ИНК», «Арман» бірлескен компаниялары және «Нельсон Ресорсиз» компаниясының арқасында іске асқан.

Бәлкім бұл күндері осында жұмыс жасайтындардың кейінгі толқындары осы жерлерде алғашқы қондырғылардың батпақты сор үстінде тұрғанын көз алдарына елестете алмайтын болар.

Бәлкім қазіргі мұнайшылар төбеңді тесер шілденің аптап ыстығында барлық жағдайлар жасалған үйде, салқындатқыштың астында отырып, бір кездері таңдайын кептірген шөлін басу үшін даладағы тат басқан бөшкедегі суға жүгірген сол кездегі бұрғышылардың өмірін еске алып, олардың ерлігінен үлгі-өнеге алатын да шығар.

Олар да өздерінен кейінгі келер ұрпақтың осы бір ырыс дарыған құт мекенде жағдайларының одан әрі де жақсара түсуін ойлап отырған шығар.

Ал мен болсам, осыдан отыз жылдай бұрын Бозашының осы алаңдарында тобығыммен саз кешіп жүргенімді еске аламын. МАЗ маркалы машинаның үстіне орнатылған БА-15Н қондырғысын трактормен сүйреп, әудем жерге жетудің өзі мұң болып, жан-жағы азынаған вагонетканың ішінде темір пешке май-май қолдарымызды қақтап отырған кездерімді ұмытпаймын.

Бозашының алғашқы мұнайын қолыммен көсіп, еңбектің зая кетпегеніне деген ризалықтан, қуаныштан еріксіз ақтарылған көз жасымды, ақталған еңбегімді сағына еске аламын.

Еске аламын да, қашанда туған жерінің ұлтарақтай бөлігінде жан-жағынан анталаған жауға бермей арпалысып өткен, кейінгі ұрпағына аманат еткен бабалар рухына басымды иіп, сол жерде өз қолтаңбамның қалғанына риза боламын. Бекер өмір сүрмегеніме, артымда жалғасын тауып келе жатқан соқпағымның бар екендігіне кеудемде мақтаныш сезімінің болатыны да рас... 

Әділ НҰРМАНОВ,

ҚР жер қойнауын барлаудың үздігі


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту