«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттарымен кездесу өтті. Компания қызметкерлерімен кездескен халық қалаулылары елімізде жүзеге асырылып жатқан бірқатар бағдарламалар мен жаңа жобалардың тиімділігін түсіндірді.
- Парламент қабырғасында қабылданған заңдар мен жаңа бағдарламалар ел игілігіне қызмет етуі тиіс. Біздің өңірдегі сапарымыздың негізгі мақсаты - Елбасы жүктеген міндеттердің дұрыс орындалуын қадағалау. Сонымен қатар қарапайым азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдап, мәселелердің шешімін табуына ат салысу, жәрдемдесу, - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова.
Кездесуде ҚР Парламент Мәжілісінің ең жас депутаты Геннадий Шиповских «Жас кәсіпкер» бағдарламасының жастарға берер пайдасына тоқталды:
- Елімізде «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы он бір мың жоба іске асып, он алты мыңға жуық кәсіпорын іске қосылды. Алдағы уақытта «Бизнес-2020» бағдарламасы арқылы жастарға берілетін несиенің көлемі екі есеге ұлғаятын болады, - деді.
Кездесуде «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы Жас мамандар Кеңесінің жетекшісі Бауыржан Ходжаев Мәжіліс депутаттарына компания жастарының жұмысы туралы баяндап, бейнеролик көрсетті.
Парламент депутаттары да мұнайшылар мен жұмысшы жастардың ұсыныстарын назарға алып, тарқасты.
|