Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
01.03.2019 ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

  

Ақпан айының 27 күні Астана қаласында «Nur Otan» партиясының төрағасы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен партияның 20 жылдығына орайластырылған кезекті XVIII съезі өтті. Оған өңірлік конференцияларда сайланған делегаттар, Парламент депутаттары, мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары, азаматтық қоғамның, үкіметтік емес ұйымдардың және жастар құрылымдарының өкілдері, барлығы екі жарым мыңнан астам адам қатысты.

Жиын күн тәртібі Партияның «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын қабылдау; Саяси кеңес пен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамын бекіту; Партия жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу; сондай-ақ Партияның саяси кеңесі мен Орталық бақылау-тексеру комиссиясы жұмыстарының қорытындылары жөніндегі есептерін қабылдау туралы төрт сұрақты қамтыды.

Алғашқы болып сөз алған Мемлекет басшысы Қазақстанның өткен 20 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып, елімізде болған барлық оң өзгерістердегі «Nur Otan» партиясының рөліне былай деп баға берді:

– Баршаңызды «Nur Otan» партиясының 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! 1999 жылғы 1 наурыз егемен еліміздің жылнамасына партиямыздың негізі қаланған күн ретінде енді. Тарих өлшемімен қарағанда бұл – көп уақыт емес, бірақ біз үшін тұтас дәуірге барабар. Ғасырлар тоғысындағы күрделі экономикалық жағдай тез арада дұрыс таңдау жасауымызды талап етті. Тәуелсіздігімізді нығайтып, мықты мемлекет құру үшін бізге батыл әрі маңызды реформалар жасау керек болды. Әйтпесе, өркениет жолына бастайтын әлемдік даму көшінен қалып қоятын едік. Осындай ұлы мақсатты көздеген «Nur Otan» партиясы халықтың сенімін ақтап, орнықты ілгерілеуімізді қамтамасыз ететін бірден-бір саяси күшке айналды.

Артынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев азаматтардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру және Қазақстанды әлеуметтік бағыттағы мемлекет ретінде дамыту Үкіметтің басты мақсаты екенін басып айтып, сол үшін Ұлттық қордан 2 триллионнан астам қаражат бөлінетіндігін жеткізді.

– Біз қиын кезеңдердің өзінде әлеуметтік міндеттемелерімізді орындадық. Елімізде әрдайым әлеуметтік салаға мол қаржы бөлініп келді, бұл көрсеткіш алдағы уақытта бірте-бірте арта беретін болады, – деді Елбасы.

Нақтырақ айтсақ, алдағы 2 жылдың ішінде Мемлекет басшысы:

- Көп балалы отбасылардың әрбір балаға алатын жәрдемақысын 21 мың теңгеге жеткізуді тапсырамын. Осындай отбасыларға жеке жәрдемақы берілгенде көп балалы аналардың жәрдемақысын, мүгедектік үшін жәрдемақыны және басқа да берілетін әлеуметтік көмектерді есептемеу керек. Әйтпесе бәрін есептей келгенде, олар ауқатты отбасы болып саналып кетеді;

- 1 шілдеден бастап бюджет саласындағы жалақасы ең аз адамдардың жалақасын 30 пайызға өсіруді;

- Аймақтардағы атқарушы орган қызметкерлерің айлығын 25 пайызға өсіруді;

- Мүгедек бала асырап отырған ата-анадар мен отбасыларға, асырушыларға берілетін жәрдемақыны 30 пайызға асыруды;

- Әрбір тұрғын мықты денсаулығы мен бәсекеге қабілетті білімі болуы үшін денсаулық сақтау саласын дамыта түсу үшін қосымша 120 млрд. теңге бөлуді және 17 аймақта 17 үздік оқу орнын қалыптастыруды;

- Үкіметке «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы әлеуметтік аз қамтылған жандарға арналған аренда жүйесіндегі 40 мың пәтер салуды, бұл үшін 7 жыл бойы жыл сайын 50 млрд. теңге бөліп тұруды, сондай-ақ көп балалы мен толық емес отбасыларға, мүгедек баласы бар адамдар үшін тұрғын үй несиесін ТҚЖБ арқылы 3-5 пайызбен беруді;

- Өңірлердегі инфрақұрылымды жақсартуға 120 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Партияның дәрежесін көтеріп, ел алдына жұмыс жасайық. Партияның экономикалық бөлімін, мониторинг кабинетін құрамыз. Халыққа көмек көрсету бағдарламасын күшейту керек. Сондықтан, «Nur Otan» президент әкімшілігімен бірге квартал сайын жауапты органдардың есептерін маған жеткізіп отыруын бұйырамын. «Nur Otan», "Атамекен" бірігіп, мақсатты бағдарламаны жүзеге асырулары керек – деп, әлеуметтік саясатты одан әрі жүзеге асыру, жұртшылықтың күнделікті мәселелерін шешу ісі Партияның басым бағыттарының бірі болып қала беретіндігін атап өтті.

Бұдан бөлек, Елбасы жергілікті атқарушы органдардың жұмыс тәртібін де сынға алды, мәселен:

- Қазір әкім жылына бір рет есеп беретін болды. Бұл не деген сөз? Әкім халықпен бір күн емес, күнде кездесуі керек. Халықпен кездесу үшін бір жыл күтудің қажеті қанша?! – деп, әкімдерді көрсеткіш қуалап, популизммен айналыспауға шақырды. Елбасының пайымдауынша, маңыздысы – есеп емес, аймақтағы халықтың жағдайы. Президент әкімдердің халықпен кездесу форматын ауыстыру керектігін және болашақта кездесулерді қалай өткізу керектігін ойластыруды тапсырды.

Екі мыңнан астам адам қатысқан жиын жаңғырудың жаңа кезеңіне жол ашқандай. Тапсырмалар берілді, қаражат бөлінді. Енді қалып тұрғаны жұмысты жеріне жеткізіп орындау, партияластар болып сол жұмыстың сауатты орындалуын қадағалау. Кездесу соңында Елбасының мықтап тапсырғаны да осы болды. Бұл - әрбіріміздің мүддеміз!


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту