Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
07.03.2019 НАБАТТЫҢ БАҚЫТЫ

  

Қайтпас қайрат пен жігер-табандылықты талап ететін мұнай өндірісінде  ерлермен тең тер төгіп,  абыроймен келе жатқан  жанның бірі  -  Набат Қайнарова. 

Түркменстаннан атакүлдікке -  Бейнеу елді мекеніне қоныс аударғанда Набат он жаста болатын. Орта мектепті үздік бітіріп, Ақтау қаласындағы училищеде «химик-технолог» мамандығын меңгеріп шыққан жас маманның маңдай тіреп келген  жері - Қаламқас.  Алғашқы алты айда НИЛ-де өлшеуші болған кейіпкеріміздің аса жауапты  учаске - мұнайды өткізетін зертханада 38 жылдан бері жұмыс істеуі талай жылғы еңбегінің бағалануы болса керек.

- Техникалық тұрғыдан өте сауатты болуды талап ететін бұл жұмыс кез келгеннің ырқына көне бермейді. Күн өткен сайын құбылып, сәт сайын шығатын жаңа технологиялар тұрмысымызға дендеп еніп жатқан шақта, бүтіндей бір алып компанияның зертханасында абыройлы еңбек ету тек білімді әрі білікті  маманның ғана қолынан келеді. Артылған сенім мен үкілі үмітті  қашанда ақтай білген Набат Абдықызы жүрген ортасына қадірлі,- деді «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ ҒЗжӨЖЦ басшысының орынбасары Сүйіндік Уәлиев.

Набат Қайнарова - мұнайшы кәсібін талбесікке сүйеніп сәбиін тербете жүріп, берекелі шаңырақтың қазанын қайната жүріп меңгерген жан. Жапандағы кәсіпшілік, вахталық ауысым, бір күн үй – бір күн түз... Соған қарамастан  балаларын өсіп-жеткізді. Бір отбасының көсегесін көгертті, жапырағын жайды, өрісін кеңейтті. Отағасы мен бес қыз тәрбиелеп, немере-жиен сүйіп отырған Набатты жары Өтегенмен  табыстырған да - Қаламқас кенорны.  Көрген қиындық пен бейнет – бүгін көрген түстей.

Вахталық әдіспен қызмет ету әйел адамға оңай деп кім айтты?! Набаттың отының басы мен ошағының қасына алакөңіл қылмай, шаруасын тап-тиянақтай қылып баққан енесіне, көп балалы шаңыраққа келін болып түскен тағдырына  алғысы шексіз. 25 жыл келін болған ол бір үйде төрт келін тәрбиелеген кемеңгер енесін жұртқа  үлгі  қылып айтады.

Отағасы Өтеген Балжігітов те 1979 жылдан бастап Қаламқас кенорнында еңбек етті.  Дәнекерлеушілік жұмысынан ба екен,  көз жанары нашарлаған ол  денсаулығына  байланысты қазір үйде.  Қаламқаста  өткен, әсіресе кенорынның алғаш  ашылған жылдары туралы тебіреністі естеліктері мол. Әу бастағы еңбек жолын иен даладағы шағын вагондарда, ағаш жатақханаларда бастаған ол Қаламқастың  түзінде абыройлы жолды жүріп өтті.  Береке-бірлігі жарасқан шаңырақтың қазығы Өтекеңнің кеңдігі мен азаматтығы өз алдына.

Бақыт деген жардың жанарында, бал бөбегіңнің шадыман күлкісінде, ошағыңның маздай жанған отында. Мынау жалпақ әлемдегі дүнияның байлығы – отбасыңның бақыты. Өтеген Балжігітов ағамыз бен Набат апайдың шаңырағында тәрбиеленген әр перзентінің  өз өмірлік жолы жалғасуда. Соның ішінде  анасының тәлімін, еңбек жолын жалғастырғаны - Үміт. Химик-технолог мамандығын меңгерген ол - бүгінде Жаңаөзен қаласындағы белді кәсіпорында лаборант. Тынымсыз еңбектің арқасында абыройға жетіп, өз ісіне берілген ата-ананың тау-тұлғасы перзенттерінің алдында әрқашан биік.

...Әдеттегідей Қаламқастан асыға жеткен Набат апайды  бүгін де думанды төрі сағыныштың ыстық құшағына алды. Өтеген ағамызды қаумалаған бала-шаға  көңілін  көктемнің нұрына бөлегендей бір мамыражай сәтке біз де куә болдық. Мейірлене иіскеген екі айлық немересінің тәтті исі  Набат апайымыздың  жан-жүрегін елжіретіп, өзінің Қаламқасына жүретін келесі сапарына ғана емес, бүкіл тірлігіне күш-қайрат құйғандай.  Ана бақыты деген осы емес пе?!


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту