«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ (бұдан әрі – Маңғыстаумұнайгаз) жұмыстарға тапсырыс беруші ретінде Маңғыстау облысындағы «Қаламқас» кен орнының №8237 ұңғымасында 13 наурыз күні болған апатты тергеу нәтижелері бойынша мердігерлік ұйым «Си Бу» Инженерлік Бұрғылау Компаниясы» ЖШС (бұдан әрі – Си Бу) қабылдаған шаралар туралы хабарлайды.
Апат фактісі бойынша Си Бу компаниясының басшылығы тергеу аяқталғанға дейін кінәлі адамдарды жазалау және алдағы уақытта осындай апаттарды болдырмау бойынша бірқатар шаралар қабылдады, оның ішінде:
- 14 адам жұмыстан босатылды;
- 4 қызметкерге сөгіс жарияланды;
- жұмыс істеп тұрған зиянды қалдықтарды шығармайтын жабдықтар (ЗҚШЖ) тексерістен өтті;
- ЗҚШЖ-ға қызмет көрсету жұмыстары және ЗҚШЖ-ны тығыздау бойынша екі сатылы бақылау күшейтілді;
- ЗҚШЖ-ны тексеру бойынша қызметкерлердің жеке штаты бөлінді;
- сыйымдылықтардағы сұйықтық деңгейінің сигнал беру датчиктері орнатылды:
- барлық қызметкерлер үшін қосымша нұсқама өткізілді;
- газ, мұнай және су қосындысының жер бетіне шығуы және өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша қызметкерлер қайта даярлаудан өтті.
Бұдан басқа, Энергетика министрлігі мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының өңіраралық басқармасының 2019 жылғы 19 сәуірде шығарған көмірсутек саласындағы қызмет түрлеріне берілген мемлекеттік лицензияның күшін тоқтата тұру туралы әкімшілік іске Си Бу компаниясы қарсы шағым түсіруде.
Маңғыстаумұнайгаз мердігерлік жұмыстарға тапсырыс беруші ретінде өз тарапынан мамандандырылған комиссияға апаттың себептерін тергеуге көмек көрсетіп, болашақта мұндай төтенше оқиғаларды болдырмас үшін бар күшін салды. Комиссия өткізген тексеру жұмыстарының материалдарын құқық қорғау органдарына тапсырды. Бұл органдардың құзыретіне Си Бу компаниясын лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдау жатады.
Айта кетерлігі, Си Бу компаниясы Маңғыстау облысындағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі болып табылады, қазіргі таңда онда 909 адам еңбек етеді.
Маңғыстаумұнайгаз лицензиядан айыру туралы шешім заңда бекітілген тәртіппен қабылданатынына және барлық мүдделі тараптардың пікірі ескерілетініне сенімді. Си Бу компаниясы лицензиясынан айырылған жағдайда, Маңғыстаумұнайгазда мұнай өндіру жөніндегі өндірістік жоспарды орындамау қауіпі туындауы мүмкін екендігін атап айтқан жөн. Бұл өңір экономикасына кері әсерін тигізеді. Бүгінгі таңда Маңғыстаумұнайгаз Қазақстанның ең ірі мұнай-газ өндіруші кәсіпорындардың бірі болып табылады және облыстағы мұнай өндірудің 31%-нан астамын және республика бойынша 8%-ын қамтамасыз етеді. Маңғыстаумұнайгаз компания қызметкерлеріне, олардың отбасы мүшелеріне және өңір халқына жан-жақты қолдау көрсете отырып, әлеуметтік жауапкершілік саясатын ұстанады.
|