«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (бұдан әрі - ҚМГ) Қаламқас кен орнының ұңғымасында болған жағдай туралы төмендегіні хабарлайды:
2019 жылғы 13 наурызда «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға қарасты Қаламқас кен орнының күрделі учаскесінде ұңғыманың құрылысы барысында кен орнының орталық бөлігіне тән техногендік сипаттағы газ-су аралас табиғи бұрқағы шыққан. Наурыздың 13-24 күндері мамандар күрделендірілген бұрғылау ерітіндісімен ұңғыманы жуу жөніндегі жұмыстарды, сондай-ақ грифондарды жою үшін жөндеу-оқшаулау жұмыстарын жүргізді. 2019 жылғы 25 наурызда сағат 05:46-да (Нұр-Сұлтан қ. уақыты бойынша) 8237 ұңғыманың аумағында жер бетіне шыққан газ-су қоспасының ошағы жана бастады. «Семсер – Өрт сөндіруші» ЖШС жауынгерлік тобының шақырылған орынға келу уақыты 05 сағат 58 минут. Құрбан болған және зардап шеккендер жоқ.
2019 жылғы 25 наурызда сағат 14:30-ға қарай өртті ауыздықтау үшін қосымша Ақтау қаласының МӨҚҚ 6 өрт сөндіру тобы келіп жетті: 4 автоцистерна, 1 жылжымалы сорғы стансасы, 1 газ-су сөндіруші автомобиль.
Қазіргі уақытта өрт шыққан жерде Маңғыстау облысының ТЖД, «Семсер – Өрт сөндіруші» ЖШС және «Файр протекшн ЛТД» ЖШС жеке құрамының 53 адамы және өрт сөндіру техникасының 12 бірлігі жұмылдырылған. Өртті сөндіру барысында жанған жерді тасымалданатын лафеттік оқпандармен сөндіру үшін бірнеше рет талпыныстар жасалды, алайда өрт ошағына кірме жолдардың жоқтығына байланысты өртті ауыздықтау мүмкін болмады.
Оперативті өрт сөндіру штабын Маңғыстау облысы ТЖД бастығы Қ.Б.Базарбаев басқаруда. Штаб құрамына «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Б.А. Иманбаев, ҚМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы С.К.Қазақбаев, КӘАҚҚ РОШ Маңғыстау филиалының (бұрқаққа қарсы қызмет), «СиБу» ЖШС өкілдері және басқалар кірді.
|