Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
29.04.2019 ЕРЛІГІ ЕЛДІҢ ЕСІНДЕ

     

Сәуір айының шуақ шашқан мамыражай күні жас мамандар кеңесінің жылдық жоспарында бекітілген кестеге сәйкес өлкенің өнегелі азаматы, даңқты мұнайшы Қайып ата Азанбаевтың шаңырағында болып, көрісіп қайтты.

Қайып ата бар саналы ғұмырын түбектің тұрмысын түлетуге арнаған болмысы бекзат азамат. Маңғыстау мұнай-газ саласында атаның қолтаңбасы айқын. 1961 жылы 5 шілдеде Жетібай кентінде №6 ұңғыда Н.М.Петровтың бригадасында бастан-аяқ бұрғылау жұмысын атқарып, Маңғыстаудың мұнайын тұңғыш ашуға қатысқан, тұңғыш фонтанның басы-қасында болған атақты жан.

Маңғыстаудың алғашқы мұнай бұрқағына куә болған ардагер мұнайшы атаның сол күндер туралы естелігі бір кездері былай деп хатқа түскен екен:

- ...Маңғыстаугаз барлау тресі 1957-1960 жылдар аралығында геологияның барлау жұмыстары күрделеніп, 1960 жылы Жетібай терең бұрғылау барлау басқармасы болып өзгертілді. Терең бұрғылау барлау басқармасының бастығы Хасан Тәжиев, инженер Қуан Қазиев, геологы Тевяшов Вадим болып іске кірісті.

№6 ұңғы Н.Петров бригадасына жергілікті бұрғышылардан жасақталды. Бригада құрамында: Б.Бажиков, С.Шонтыбаев, К.Берікбосинов, К.Куанышбеков, О.Кабжанов, С.Смагулов, К. Азанбаев, Н.Қанатбаев, С.Бисенов, Н.Шуковский, Т.Өмірбаев, Ш.Саханов, К.Өтегенов, И.Сүйіндіков, И.Байжанов, Аяғанов, Бопыловтар болды. Осы ұңғы 2300 метр тереңдікке жеткенде болжамды тереңдіктен НКТ жіберіп жатқанда 1960 жылдың 5-шілдесінде қараңғы түнде мұнай фонтаны атып кетті.

Мұнайды тұңғыш көруіміз. Бәріміз таңғалып тұрмыз. Фонтан 41 метрлік мұнарадан асып, 5-6 шақырым жерден қара тұман құсап жоғарыдан көрініп тұрған екен...»

Ол кез Қайып атаның 21-ге енді шыққан кезі еді. Оқуды жаңа бітіріп, қызметке жуырда ғана араласа бастаған жас жігіт сол кезде Маңғыстау мұнайының одан арғы шежіресі оның өмірінің өлшеміне айналады деп ойлмаған да шығар. Десек те, Қайып Азанбаев өмірлік бағытын осы саладан тауып, өндірістің өзегіне кірпіш болып қаланды. 1995 жылға дейін мұнайдың қара қазанында бірге қайнап, геологиялық барлау саласында: Түбіжік, Жаңбыршы, Бозашы, Қызан, Қоңырорпа, Қошақ кен орындарын, Қарасаз-Таспас, Жетібай, Қарамандыбас, Асар, Ақтас, Тасболат, Қаламқас, Қаражанбас, Қарақұдық сынды тағы басқа ондаған алаңдарды бұрғылап, мұнай мен газ кендерінің көздерін ашып, барлау жұмыстарын жүргізді. Ел қазынасын еселеп, халықтың ықыласына бөленді. Осы ерен ерлігі үшін Қайып ата «ҚСРО жер қойнауын барлау үздігі», «Қазақстан Республикасы жер қойнауының құрметті барлаушысы», «Еңбек ардагері» атақтарымен, Қазақ ҚСРО Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен, «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Геология, мұнай-газ барлау саласындағы еңбегі үшін» естелік белгілерімен марапатталған.

Міне, осындай жақсы адам бүгін жанымызда. Тек, бір өкініштісі – Қайып атаның денсаулығы сыр беріп, соңғы жылдары ерекше күтімді қажет етуде. Сол себепті Ақтау қаласындағы пәтерінен Сайын елді-мекеніне көшіп барыпты. Қаланың тынымсыз тірлігінен, ауылдың жайы мен таза ауасы атамызға пайдалырақ болады деген ұл-қызының қамқорлығы... Жаратқаннан шипасын сұраймыз! Өз кезегімізде, атамыздың бір керегіне жарар деген ниетпен «Қартқа құрмет – жасқа міндет» шарасы аясында Кеңес бюджетінен бөлінген 30 000 теңгені және «Мұнайлы өлке» қайырымдылық қорынан 70 000 теңгені, жалпы 100 000 теңге көлеміндегі қаражатты әжеміздің қолына табыстадық.

Айтпақшы, біз барған сапар атаның туған күніне таяу түсті. Жастардың ниет-тілегінен болар... Амал мерекесімен құттықтап, көрісеміз де қайтамыз деп барып, мерекелік дастарханға дөп түстік, ән-күй арнап, атаны сексен жасымен де құттықтап қайттық. Шаңырақ – берекелі. Жанында өмірлік серігі Тыныш әже, қыздары мен ұлдары, жанына жалау болған немересі – Мерей.  Есіктен  кіріп жатқанымызда алдымыздан  құлыншақтай құлдырап жүгіре шығып  «урәә, үйге қонақ келді»   жүрегі жарыла қуанған  кішкентай Мерей  шаңырақтың ажары мен базары екен. Ақ халатты абзал жан Тыныш апамыз ағамызбен өткен жылдарын, достары марқұм Көшербай Әлібаевты еске алып, жастықта қосылып салған «Ақбақайды», «Қараторғайды» шырқағанда көңіліміздің жайлауына көктем қонғандай болды.

Ақсақалдың шаңырағынан шығып бара жатып Мұқаңның:

Неменеге жетістің, бала батыр?

Қариялар азайып бара жатыр.

Бірі мініп келместің кемесіне,

Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр. – деген төрт жолы тіліме оралды. Шіркін, таулардың биіктігін қасында жүргенімізде бағалай алсақ қой?!  Тұтас елдің, бүгінгі ұрпақтың несібесін еселеген, ырысын тасытуға бүкіл ғұмырларын арнаған Қайып Ағалар аман болғай!

 


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту