Биыл Ұлы Жеңіс күніне – 74 жыл. Сыршыл ақын Сырбай Мәуленов жырлағандай, «күркіреп күндей өтті ғой соғыс». Сол соғыста қазақ жауынгерлері ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Бейбіт өмірдің қадір-қасиетін шын ұғындырған 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы соғыс және тыл ардагерлеріне биік құрмет көрсетіп, жылдағы дәстүрмен мерекелік кеш ұсынды.
Ардагерлерді құрметтеу «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Қалбай Ізмұхановтың соғыс ардагері Қайыр Қыдырбаевты қабылдауынан басталды. Компания басшысы ардагерге мұнайшылардың атынан ыстық лебізін жеткізіп, сыйлық табыстады. Кездесуге қатысқан Жас мамандар кеңесінің өрелі жастары Қайыр ақсақалды қаумалай қарсы алып, қошемет пен құрмет көрсетті.
Таңертеңнен бастап үлкен мәжіліс залына жиналған компания ұжымы кездесуге келген тыл және ауған соғысы ардагерлерін тік тұрып, құрметпен төрге оздырды.
Жеңіс күніне арналған салтанатты жиналыс "Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамының құрылуына және дамуына белсене араласқан соғыс және еңбек ардагерлері – майдангерлерді еске алуға арналған бейнекөрініспен басталып, бір минут үнсіздік орнады.
41-дің жазында соғыс басталған сәтте Маңғыстаудан 1080 азамат жауға қарсы аттанды. Соның ішінде аман оралғандар қатарында кейіннен түбектің мұнайын игеруге бүкіл ғұмырларын арнаған кешегі жауынгерлер де бар еді. Бейнекадрдан қан майданды көзімен көріп, соғыс отын қолымен өшірген, марқұм ардагер қариялардың көзге де, көңілге де ыстық бейнесі Расул Гамзатовтың атақты "Тырналар" әнінің әуенінде ұзап бара жатқандай көзге жас әкелді... Ақиық ақын Мұқағали айтқандай, «Бірі мініп келместің кемесіне, бірі күтіп әнекей жағада тұр» дегеннің ақиқаты осы екен ғой...
Салтанатты жиынды «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының Бас директорының міндетін атқарушы Чэнь Цюань және Бас директордың бірінші орынбасары Қалбай Ізмұханов ашып, ардагер қарттарды Жеңіс күнімен құттықтады.
«Қадірлі ардагерлер! Сіздерді Жеңіс күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жеңістің, бейбітшіліктің орнауында сіздер жұмсаған күш-қайрат орасан. Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт тілеймін» деді Чэнь Цюань.
«Сіздер ел басына күн туғанда Отанымызды абыроймен қорғадыңыздар. Соғыстан кейін елдің өркендеуі жолында аянбай еңбек еттіңіздер. Сіздер Маңғыстаудағы мұнай өндірісінің, облысымыздың дамуына сүбелі үлес қостыңыздар. Сондықтан да сіздерге тәуелсіз ел үшін, бейбіт аспан үшін, бақытты ұрпақ үшін тағзым етеміз. Сіздердегі биік рух, Отанға деген махаббат, батырлық бүгінгі жас ұрпаққа үлкен үлгі. Жыл сайын Жеңіс күні мерекесі ұрпақтар сабақтастығын арттыра түседі. Соғыс және тыл ардагерлерінің ерен еңбегіне, тәуелсіздігіміз бен тыныштығымызға қуанамыз. Сіздердің ерліктеріңіз біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Бізге сыйлаған бақытты ғұмыр үшін алғысымыз шексіз. Жастарды аға буынның ерлік, елдік істерін бағалауға, қадірін білуге, қастерлеуге шақырамыз», - деді Қалбай Ізмұханов.
Мерекелік кешке соғыс және еңбек ардагерлеріне теңестірілген ауған соғысының, тәжік-ауған шекарасында әскери соғысқа қатысушылары, Чернобыль апаты зардабын жоюға қатысқандар және Семей полигоны аймағында тұрған жандар қатысты.
Ерлік пен қайсар рухтың арқасында келген қасиетті һәм қасіретті Ұлы Жеңіс өскелең ұрпақ жадында мәңгіге сақталады. «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы «Жас мамандар кеңесінің» өнерпаздары мен Жұртшылықпен байланыс бөлімінің қызметкерлерінен құралған шығармашылық ұжым мерекелік концерт ұсынды. Өнерлі жастар сахна төрінен соғыс жылдарындағы әскери-патриоттық әуендерді шырқап, ардагерлер рухын асқақтатып тастады.
Салтанатты кештен соң «Маңғыстаумұнайгаз» ұжымы мен соғыс және тыл ардагерлері «Мәңгілік алау» монументіне барып, оқ пен оттың ортасында опат болған боздақтардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Соғыс көрген қарт сарбаздар зұлматты жылдар өткен тарих қойнауында қалуын, жастардың бейбіт заманда бақытты ғұмыр кешуін тілеп, ақ батасын берді.
«Шырақтарым, елеп, ескеріп шақырғандарыңа, құрметтеп жатқандарыңа рахмет. Жеңіс күні құтты, бейбітшілігіміз баянды болсын!» дейді ардагер Қайыр Қыдырбаев.
Қайсар рухты батыр аталарымыз сақтаған бейбітшілік – ұрпаққа берілген баға жетпес сый әрі ұлы аманат. Аманатқа адал ұрпақ аға буын алдындағы міндетін ұмытпақ емес. Жыл сайын 9 мамыр мерекесінде «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы ардагер қарияларды айрықша құрметтеп, қамқорлық көрсетеді. Бүгінде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ есебінде екі Ұлы Отан соғысы және оған теңестірілген 57 тыл ардагері бар. Соғыс және тыл ардагерлеріне биыл басқарма тарапынан 90 айлық көрсеткіш көлемінде қаржылай көмек берілді. Осыдан бес жыл бұрын компания жанынан құрылған «Жас мамандар кеңесінің» мұнайшы жастары «Қартқа құрмет – жасқа міндет» тұрақты жобасы аясында ардагерлер үйін аралап, ән-күйден мерекелік шашу шашып, қаржылай көмек көрсетуді игі дәстүрге айналдырған. Жас мамандар кеңесі Жеңістің 70 жылдығында «Өзім үшін және сол боздақ үшін» үндеуін жариялап, жеті соғыс ардагеріне бір күндік еңбекақыларын аударған болатын. Қариялардың мұқтаждықтарына қарай көмек көрсетіп, үйлеріне күрделі жөндеу жүргізіп, жиһазбен қамтып бергені үшін ақсақалдардың ақ батасын алған жастар сол серттеріне берік.
Биыл да мұнайшы жастар ардагер Қамқа Үмбеталинаның үйіне мерейлі мерекесімен құттықтай барып, «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаевтың және «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы атынан екі себет сый-сияпат табыстады. Жастар қаржылай көмектерін ұсынды. Әжейдің сұрауымен өнерлі жас мамандар «Еділ мен Жайық» әнін әуелете шырқады. Ерекше толқып, көзіне жас алған Қамқа әжей «Маңғыстаумұнайгаз» басқарма басшылығының бар ғұмырын елі мен жеріне арнаған ардагерлерді елеусіз қалдырмай, көрсеткен қамқорлығына шексіз ризалық білдірді.
Ұлы Жеңіс мерекесі құрметіне компания басқармасы ардагер қарияларға дастарқан жайып, бейбіт өмір сыйлаған ардақты жандарды төрге оздырды. Ардагерлер майдан шебінде көрген қиын-қыстау кездер туралы естеліктерін айтып, бейбіт күннің берекесі тарқамауын тіледі.
Жайық НАҒЫМАШ
|