Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
04.05.2019 ДАРИЯ-ҒҰМЫР
 

Бекболат Ізтұрғанұлы – Қаламқас кенорны ашылғанда басында тұрған тұңғыш басшы. Кенорнының 40 жылдық тарихының бастауында тұрған үлкен ұйымдастырушы. Жақсының аты өшпейді. Халықтың өзі айтқандай, Бекболат Ізтұрғанұлының Маңғыстаудың ойында табанынан тозып жүріп, білім-білігін, күш-қайратын арнаған кенорындардан өндірілген миллиондаған тонна «қара алтынды» бір жерге жинаса аумағы шалқып жатқан Дария-Теңізге парапар болар еді. Үлкен жүректі азаматтың кісілік болмысы да, сүрген ғұмыры да, ел-халқына сіңірген шарапаты да дариядай шалқар.

Не жастықтан болар, не күнделікті күйбең тірліктен қол тимеді ме, әйтеуір, ағалардың бұл өмірдегі жалындап жүріп атқарған қоғамдық қызметін, туған өлкемізді дамытудағы ерен еңбектерін, жолдастық-достығын дұрыс бағалай білмегендігіңді бірден сезесің, «қап, әттеген-ай, осыны неге уақытында ескермедім екен» деп өкінесің.

Уақыт ешкімге тәуелді емес, өз заңдылығымен жүріп жатады, бүгін бармыз, ертең жоқпыз деген сияқты. Сондықтан да «мен жазбағанда, кім жазады» деген ой маған күш беріп, мектептегі сыныптасым, өмірде бір-бірімізді үлкен сыйластықпен жақсы түсініскен достарымның бірі - елге танымал азамат Бекболат Ізтұрғанұлы туралы азды-көпті білетіндерімді сіздердің назарларыңа ұсынбақшымын.

Мұнайлы Маңғыстаудың шапшаң қарқынмен дамуына өткен ғасырдың 70-80-шы жылдарында «МНГР» геолог-барлаушыларының Бозащы түбегінен Қаражамбас, Қаламқас, Солтүстік Бозащы, Қаратұрын, Жалғызтөбе сияқты жаңа мұнай кен орындарын ашуы негіз болды. Олардың өндірістік қорын өте қысқа мерзімде анықтап, тұрақты түрде мұнай өндіру ісінің «Мангышлакнефть» бірлестігіне тапсырылуы бүгінгі «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы сияқты алып компанияның тарихының басталуына негіз болғанын ұмытпауымыз керек.

Бекболат 1941 жылдың 30 мамырында Форт-Шевченко қаласында туған, сондағы орта мектепті 1959 жылы бітірді. Сол тұста мектеп пен өндіріс арасындағы байланысты жақсартуға бағытталған үкімет пен партияның арнаулы тапсырмасы бар. Осыған орай жаңадан құрылып жатқан Маңғыстау мұнайгазбарлау тресін жұмысшы кадрлермен қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған курста оқып, кәмелеттік аттестатқа қоса құрылымдық іздестіру бұрғылауының дизелші-моторшысы куәлігін алды.

Комсомолдық жолдамамен «МНГР» тресіне қарасты геологиялық барлау және іздестіру экспедициясының әуелі Жетібай, кейіннен Түбіжік маңындағы Қошанай-1 және 2-барлау ұңғыларын қазған бригаділерде өз мамандығы бойынша жұмыс жасады. Өндірісте бір жылдай жұмыс жасап, азды-көпті тәжрибе жинақтаған соң 1960-жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық институтына оқуға түсіп, оны «тау-кен» факультеті жанынан тұңғыш ұйымдастырылған «мұнай және газ кен орындарын игеру және пайдалану» мамандығы бойынша 1966 жылы үздік бітірді.

Оқу орны жолдамасымен еңбек жолын жаңадан ашылып жатқан Өзен кен орнындағы кәсіпшілікте қатардағы мұнай өндіру операторынан бастады. Ол тартылып жатқан жоғарғы кернеулі электр тогы келе қоймаған кез. Мұнай өндіру дизель-генераторлы электр станциясы күшімен атқарылатын. Қондырғылар уақытша бекітілген схемамен істейді. Терең білімді, жаңалыққа жаны құштар, бала күнінен бойына сіңген қасиеті - бастаған ісін қиындықтарға қарамай, уақытпен санаспай, қалайда түбіне дейін жеткізе істейтін Бекболат қысқа мерзім ішінде өзін жақсы жағынан көрсете білді. Орынды құрметке ие болды. Институтта мұнай өндіру технологиясы жөніндегі алған техникалық білімін өндірісте тиімді пайдалануға, сондай-ақ еліміздің мұнайлы аудандарынан келген Н.Т.Цаплев, И.В.Троян, Б.Аязов сияқты мұнайшы ағалардың бай тәжірибесін үйренуге бар ынтасын салатын. Әсіресе қыстың қатты аязды күндерінде бірінен соң бірі жарылып, мұнай беру деңгейі түсіп кететін ұңғылардағы жұмысты бітірмей кетпейтін. Бос тұру себептерін анықтау, жағдайды түзету үшін атқарылатын жұмыстарды тезірек бітіру, жер асты қабаттарындағы қысымның төмендеуіне жол бермеудің нақты шараларын күні бұрын белгілеу, механизмдер мен құрал жабдықтардың бос тұрып қалуын болдырмау, әртүрлі сервистік мекемелерден келетін арнаулы техникаларды орны орнымен тиімді пайдалану, техника қауыпсіздігі, мұнай өндіру технологиясы ережелері мен талаптарын қатаң сақтау, өрт қаупі және басқа да технологиялық жарылыс апаттарына жол бермеу сынды сан салалы істің басын біріктіру оңай емес. Дегенмен соның бәрін реттеп отыратын-ды.

Оператор, аға оператор, өндіру шебері, учаске бастығы, ал 1969-1979 жылдар арасында аудандық және орталық инженерлік-технологиялық қызметтерде ауысым бастығының орынбасары және бастығы ретінде негізгі өндірісте іскер ұйымдастырушы, қарауындағыларға талап қоя алатын білікті басшы деңгейінде танылды. Абыройлы жұмыс жасады.

1970, яғни бір жыл ішінде Өзен, Жетібайдан 12 миллион 401 мың тонна өндіріліп, осы жетістіктердің арқасында «қара алтын» өндіруден Қазақстан бұрынғы Кеңестер Одағы бойынша Азербайжанды келесі орынға ығыстырып, екінші орынға шыққан жұлдызды жылдары еді. Кеңестер Одағын таңдандырған Өзен мұнайшыларының бұл ерлік істеріне Б.Ізтұрғанұлы да өзінің қомақты үлесін қосты. Ол сала ардагерлері Р.Өтесінов, О.Бердіғожин, В.И.Тимонин, Н.Марабаев, Ә.Бүркітбаев сияқты ағаларды қатты құрметтейтінін, қызмет-тес болған Ю.С.Корчагин, В.Г.Стремский, Д.А.Горюнов және басқа да көрнекті өндіріс ұйымдастырушыларынан көп үйренгенін үнемі айтып отыратын.

Обалы не керек, Кеңес үкіметі Бозашы сынды ен далада табылған жаңа кен орындарды игеруге бар күшін салды. Бұл істі атқаруға жалпы саны 8-ден астам одақтық және республикалық министрліктер мен ведомстваларға қарасты көптеген мекемелер қатыстырылды, қаражат та жеткілікті дәрежеде бөлінді. Кен орнын игерудің кешенді жобасын дайындаумен КСРО мұнай министрлігінің бас және жетекші ғылми зерттеу жобалау институттары шұғыл айналысты. Жобалық-сметалық құжаттары дайын болған бойда Ақтаудан кен орындарға баратын асфальт жол, жоғарғы кернеулі электр жүйесі, су және мұнай құбырларын тарту жұмыстары да бір мезгілде басталып кетті. Бұл жұмыстардың орындалуын басқарма, бірлестік, министрліктермен бірге жергілікті, республикалық және одақтық партия, кеңес органдары өз бақылауында ұстады.

Бозащы кен орындарынан алғашқы мұнай өндіру Қаламқастан басталатын болып шешілді. Зерттеу қортындысы бойынша Қаламқас кен орнының өзінің қоры жөнінен Маңғыстау өлкесі бойынша Өзеннен кейін екінші орындағы алып кен орындар қатарына жататындығы анықталды.

1979 жылы наурыз айында Қаламқас және Қаражамбас кен орындарынан мұнай өндіретін «Комсомольскнефть» мұнайгаз өндіру басқармасы құрылды, оның басқару аппараты қалада орналасқанымен, негізгі өндіріс, яғни мұнайды өндіру, жинақтау және тасымалдауға қажетті обектілер кен орны басында тұрғызылатындықтан жұмыс көлемінің басым бөлігі өз күштерімен атқарылуға тиіс болатын. Жаңадан құрылып жатқан басқармаға басшылық жасауға бірлестік, министрлік ұйғаруы және облыстық партия комитетінің қолдауымен Өзен кен орнында 13 жылдай жұмыс жасап, ұйымдастырушылық жұмысымен көзге түскен, талантты жас инженер-мұнайшы Б.Ізтұрғанұлы тағайындалды. Бас инженері В.Ф.Будников, бас геологы А.Н.Мищенко, мұнай өндіру цехының бастығына Х.Н.Құсаев келді.

Бірінші басшы бірден мұнай өндіруші-операторлардан, жөндеушілерден жұмыс бригадаларын құру, геолог-барлаушылар қазған ұңғыларды қабылдау, оларды өзара құбырлармен байланыстыру, мұнай жинақтайтын, құрамындағы құм, су, басқада керексіз қосымшалардан айыратын қазандар мен қондырғылар тұрғызу, кен орынды іске қосудың сансыз көп, міндетті түрде жасалынуға тиісті жұмыстарына қызу кірісіп кетті.

Уақытпен санаспай, жанталасып атқарылған жұмыстар өз жемісін берді, көптің күші - бүкіл кеңес елі, республика қолдауымен сол 1979 жылдың қазанында жаңа кен орыннан Маңғыстау мұнай айдау магистралы құбырла-рына 5 мың тонна «қара алтын» құйылды.

1980-жылдың 4-қаңтарында Қаламқас мұнайы танкермен Ақтау портынан Баку қаласына жіберілді. Ал қазан айының басында басқарма бойынша бір миллион тонна мұнай өндірілді. Бұл дата облыс көлемінде салтанатты түрде атап өтілді. Шараға КСРО мұнай министрі Н.А.Мальцев қатысты, сол күндерде еңбек вахтасына тұрған құрамында өндіріс озаттары: операторлар мен жөндеушілер М.Өтегенова, О.Шадиров, Ә.Мұстапиндер бар, шебер К.Әлібаев бригадасы туралы мерекелік хабар бүкілодақтық орталық теледидардан берілді, одақтық және республикалық газеттерде кеңінен жазылды.

Кен орында блок деңгейлері бойынша қабаттың мұнай қайтарымын артыру мақсатында ПАВ қоспаларын айдайтын тәжірибелік бөлімше құрылды. Бекболат Ізтұрғанұлы бірлестік, министрлік мамандары және сала ғалымдарының қолдауына сүйеніп, кен орнын теңіз суының көтерілуінен сақтайтын дамба салу қажеттігін басшылар алдына бірнеше рет мәселе етіп қойды. Кейіннен, 1980 жылдың тамызында бұл мәселе де оңынан шешіліп, Қаламқас кен орнын теңіз суы шайып кетуден сақтайтын, ұзындығы 32 шақырым болатын дамба құрылысы жеделдетіп салына бастады.

Кенорындарындағы жанға жәйлі, типтік үлгідегі мұнайшылардың вахталық кенттерін арнаулы құрлыс мекемелері тұрғызғанмен, олардың жұмысын қадағалау басқарма басшысының міндеттеріне жатады. Кадр мәселесіне де үлкен жауапкершілікпен қарап, мекемеге қажетті жұмысшы, инженер техник мамандарды өзі білетін мұнайшылар арасынан алып қана қоймай, Бозащы түбегіндегі елді мекендерде тұрып жатқан жергілікті жастарды да көптеп қабылдады. Бүгінде осы жастар қазыналы түбектің тәжірибелі мұнайшылар қатарын толықтырғанын зор мақтанышпен айта аламыз.

Министрлік пен бірлестік басқарма басшылығына кен орыннан мұнай өндіруді тездету міндетін жүктеді. Бекболаттың жер қойнауына жоғарғы қысыммен ысытылған бу, әртүрлі химиялық сұйық ерітінділер қоспаларын айдайтын обектілер құрылысы бітпей тұрғанда мұнай өндіруді күштеп көбейтудің жақсылыққа апармайтынын, оны Өзен тәжірибесі арқылы дәлелдеген сөзі басшыларға, әсіресе Одақтық мұнай министріне ұнамады. Партияның Орталық комитеті, Кеңес үкіметі бекіткен директивалық межелердің міндетті түрде орындалуын қарауындағылардан талап ету, министрдің міндеті ғой. Сонымен, орындалуға тиісті жұмыстардың негізгілері бітіп жатқанмен, кейбіреулерінің іске қосылуы түрлі себептермен кешіккендігі де «сыныққа сылтау» болып, етектен тартып жатты. Осындай себептердің әсерінен көп ұзамай бастық міндетінен босап, 1981-1985 жылдары «Мангышлакнефть» бірлестігінің өндіріс бөліміне мұнай өндіру жөніндегі жетекші инженер болып ауысты.

1985-1998 жылдарда «Қаражамбас» мұнайгаз өндіру басқармасында бастық орынбасары, техника қауыпсіздігі жөніндегі бас техникалық жетекші қызметтерін атқарды. Бұл жерде мынаны баса көрсеткен дұрыс болар, осы басқарма да 13 жылдан астам уақыт еңбек етіп, оның облыстағы алдыңғы қатарлы мұнай өндіруші мекемеге айналуына Бекболат қосқан үлестің орыны орасан.

1999-2007 жылдар арасында зейнеткер болса да, өндірістегі қызметін жалғастырып, Солтүстік Бозащы кен орнында мұнай өндіріп жатқан америкалық «Тексако Норс Бузачи» компаниясында, кейіннен «Бузачи оперейтинг LTD» болған мекемеде еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі жөніндегі жетекші супервайзер жұмысын атқарды. Осы бағыттағы қызметін 2007 жылы Доңға кен орнын игеріп жатқан шетелдік кәсіпорында, ал 2008 жылдан бастап, жауапкершілігі шектеулі «Көктем» мекемесінде техника қауіпсіздігі жөніндегі бөлім бастығы болды. Денсаулығы сыр бере бастаған 2013 жылдың аяғында мұнай саласындағы үздіксіз еңбегін 54 жылдық еңбек өтілімен аяқтады.

Б. Ізтұрғанұлы біріккен кәсіпорындарда қызметте жүріп, көп ізденді, бұрынғы көргендері мен білгендерінің үстіне жаңа тәжірибелер мен білімдер жинақтады. Мұнай өндіруші шетелдік фирмалар қолданып жүрген озат технологиялармен танысты. Оның, әсіресе, Қытайға 2 рет іс сапармен барып ондағы зауыттарда мұнай айдау технологиясына қатысты шығарып жатқан осы заманғы құрал-жабдықтары мен өндіру станоктары, кен орындарын басқарудың жетілдірілген автоматтандыру жүйесін көруінің де әсері көп болды. Бірнеше рет Мәскеу, Баку және Алматы қалаларында кәсіби білімін көтеретін курстарда оқып, білімін жетілдірді.

Бектұрған Ізтұрғанұлы, жоғарыда жазғанымыздай, киелі Маңғыстаудың негізгі мұнай, газ кенорындары: Өзен, Қаламқас, Қаражамбас, Солтүстік Бозащы, Доңға және басқаларынан «қара алтын» өндіруді ұйымдастыруға басынан бастап қатысқан, өлкенің көрнекті мұнайшыларының бірі және олардың ішінде бірегейі екендігін облыс жұртшылығы жақсы біледі. Ерен еңбегі үшін оған әртүрлі жылдарда жоғарғы Отан марапаттары: медальдер, төстік белгілер, құрмет грамоталары мен облыс әкімінің алғыс хаттары берілді.

Б.Ізтұрғанұлы қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысты. Жаңаөзен - республикадағы моноқалалар қатарына жатады, оның салынуы және дамуы Өзен кен орнын игерумен тікелей байланысты. 14 жылдай кеніште жұмыс жасап, өндірістің барлық саласынан өткен ол елдік шаруаларға белсене араласты. Облыс көлеміндегі маңызды оқиғалардың басы-қасында жүрді. Туған өлке тарихында өзіндік орны бар, тарихи-мәдени ескерткіштер санатына кіретін «Сисем ата», «Қонай батыр», Ақшымырау маңындағы қорымдарда батырлар бен билер, ел ақсақалдары жерленген жерлерді тыянақтау, тазалау, түнек үйлер тұрғызу және қоршауларын қалпына келтіру жұмыстарына тікелей қатысты. «Бегеш» қорымында тұрғы-зылған түнек үй, басына жол салу, қасынан өтіп жатқан Ақтау-Қаламқас жоғарғы кернеулі электр линиясынан ток тарту сияқты жұмыстарды жолдас-жора, тумаластары және балаларын қатыстырып, өзі басы-қасында жүргенін, сол шараларға қатысқан көпшілік көрді және біледі. Ақтау қаласында тұрғызылған Адай ревкомының төр ағасы Тобекең (Тобанияз Әлниязұлы) ескерткішіне мемлекет тарапынан азды-көпті қаржы бөлінгенмен, оның қысқа уақытта салынуына себепші болып, барынша көмегін тигізушілер қатарында, сол қоғамдық қордың төр ағасы Бекболат та жүрген еді.

Облыс көлемінде өтіп жатқан қоғамдық сипаты бар тыңдауларға, әсіресе экология, табиғат апаттары, қоршаған ортаны қорғау мәселеріне де белсене қатысып, өзінің ойлары мен ұсыныстарын нақты дәлелдермен тұжырымдады. Өткен ғасырдың 90-ншы жылдарының аяғында шетелдерде пайдаланудан шығарылған, құрамында уран элементінің қалдықтарды бар зиянды қоспаларды Маңғыстаудағы ашық жатқан карьерлерге әкеліп төгу, бетін жабу арқылы қаражат табуды көздегендерге батыл қарсы шықты. Пікірін тек бас қосу тыңдауларында айтып қана қоймай, «Жас алаш», «Ар» газеттеріне мақала да жазды, Ш.Есенов атындағы Ақтау университеті студенттерімен кездесуде оларға мән-жәйді нақты мысалдармен түсіндірді.

2006-шы жылдың басында Ақтауда атом электр станциясын салу туралы мәселе қызу талқылаудан өтіп жатты. Болашақта оны салуға дәмесі бар мекеме өкілдері Ақтауға келіп, оның қауіпсіздігін, сүңгуір қайықтарға орнатылғанын, бұл реактордың қоршаған ортаға залалы жоқтығын айтып, көпшілікті сендірмекші болды. Мұнай мен газдың ортасында отырып, басымызды қауіп-қатерге тігудің қажеті жоқтығын Бекболат орынды дәлелдеді. Оның «Өнеркәсібі, ғылымы жоғарғы дәрежеде дамыған, білімді мамандары жетіп артылатын Германияның өзі Жапониядағы Фукисима жер сілкінісінің зардаптарынан қорытынды шығарып, атом энергиясын пайдаланудан бас тартып отыр. Ақтаудағы БН-350 тоқтатылғанмен, реактордың ішінде «бықсу» үрдістері әлі жүріп жатыр, олар бұдан былай да «бықсый» береді, оның күнделікті көрсеткіштерін реактор жобасын жасаған Мәскеудегі ғылыми орталыққа хабарлап отырмыз. Термоядролық бомбаға қажетті плутоний элементін шығаратын реакторды тоқтатуға бөлінген шет ел қаржысы әлдеқашан таусылды. Ендігі шығын «Казатомпром-МАЭК» есебінен, яғни электр тогын пайданушылар, біз бен сіздің есебінен төленеді. Бұл салада мамандарымыз жоқ деуге болады, бұрын істегендердің көбі егемендік алған жылдары еліне кетті. Сау басымызға сақина тілеп алғанша, түлеген түбегіміз және қарт Каспийдің астындағы мұнай мен газды пайдалана бергеніміз дұрыс болатын шығар» деген ұсынысын қатысушылар қызу қуаттады.

«Бозашының қысқы күндердегі құбылмалы ауа райы, мезгіл-мезгіл соғатын тұзды дауылдары, жаңбырдан кейін мидай иленіп жататын сазбалшықтары, терістіктен соғатын өткір желден қыстың бет қаратпайтын аязды күндері Өзен табиғатынан аспаса, кем емес. Осыған, жазда тымық күндері болып тұратын бытықана, шыбын-шіркейі, соналарын қосыңыз. Сондықтан да айлық табыстарымыз Өзен мұнайшыларынан кем болмауы керек деген бозашылықтар талабын түсінемін. Кімге бағынатына қарамай, Маңғыстау мұнайшыларының жалақысы бір-біріне қарайлас немесе тең болғаны дұрыс» деп ойлайтындығымды кейбір басшыларға айтып едім, олар мені жақтырмаған сыңай танытты. Содан-ау деп ойлаймын, кәзір кейбіреулері (бұрынғы шәкірт-терім) мені көргенде қашақтайтын болып жүр, тіпті мерекелік даталарда болатын кездесулерге бірде шақырады, бірде ұмытып кететін науқасқа ұшырап жүрген сыяқты» деген еді.

Жалпы, Бекболат қатар құрбы, сыныптастарының алдында беделді болды, мектепте үздіктер қатарында оқыды. Оқытушылар оны жақсы көрді, білімімен санасты, сол кездегі мектеп директоры Б.Қощанов ағайымыз, оны еркелетіп, сабақты бастарда «түйте сақал, бала шал, сыныптың дайындығы қалай?» деп күлімсірейтін. Ол, әсіресе математикаға жүйрік болды. Фортта 10-шы сыныпты бітіретін жылы үйлері мектептен алыс Таскескен, Бөгет, қаланың сырт жағында тұратын оқушылар Бекболаттың үйіне жиналып, оның ертемен шығарған есептерін көшіріп, бірге дайындық жасайтынбыз. Бұл туралы сыныптасы, марқұм Шәрелхан Әленов оның 70 жасқа толған мерей тойында:

Сыбырлап құлағына аспан-дана,

Октябрь көшесінде өскен бала.

«Төрт» алса ренжитін сап-сары боп,

Қалай да оқимын деп беске ғана.

Алдынан алтын қақпа ашылардай,

Есепке бас қатырды өші бардай.

Бес қылтан ағарады желкесінде,

Бүгінде төбесінде шашы қалмай,-дегеніне бәріміз де орынды, дәл айтылған деп, қоштаған едік...

Беріде, мектеп бітіруіміздің 20, 40 және 50 жылдық кездесулерімізге дайындық және өткізу барысындағы жұмыстарға белсене араласты, жағдай айтпай, тапсырысты бөліп алып, тәуір өткізуге барын салатын. Қолы ашық, мүмкін-дігінше жолдастарға көмек, тіпті қалтасынан жәрдемдесуге де дайын тұратын. Қатарлары, ұжымдастары, ағайын-тумаластарының отбасын-дағы қуаныштары мен бастарына түскен қиындықтарына да көмектесіп, мүмкіндігіне қарай ортасында жүретін.

Әкесі, майдан даласында қаза тапқандықтан, анасы-Бибатпа шешеміз жалғызбастылығына қарамай, үлкен 2 қызы мен Бекболатты, өмірдің сол кездегі барлық тауқеметіне төзіп, қатарларынан кем болмасын деп жүріп өсірді, оқытты, ел қатарына қосты.

Ал, Бекболаттың отбасына келсек, жұбайы Нұрмолдина Айкүлән, мамандығы математика пәнінің оқытушысы, зейнеткер, 4 ер баласы мен келіндері, 8 немересі бар. Олардың алды үйленді, одан 2 шөбересі бар. Кіші бала-келінінің қолында, әдемі қарт әжелік дәуренді бастан өткізуде. Балалары мұнай өндіру және оған қосымша қызмет көрсететін мекемелерде жасайды, олар 2017 жылы облыстық «Еңбек жолы» конкурсына қатысып, «Үздік еңбек әулеті» атағын жеңіп алды.

Еңбек жолын геологиялық барлау және іздестіру саласынан бастап, жарты ғасырлық ғұмырын қазыналы түбектің жер асты байлығы - мұнай мен газды талмай іздеп, тауып, еселеп өндіруге жұмсаған, көрнекті өндіріс ұйымдастыру-шысы Бекболат Ізтұрғанұлының пәниден бақилыққа аттанып, мәңгілік орны Бегеш қорымында жатқанына да, міне, 4 жылдай болыпты. Б.Ізтұрғанұлының жарқын бейнесін есте қалдыру үшін, облыста ол еңбек еткен мұнайшылар мекемелері ұжымдары, бірге қызмет жасасқан әріптестері мен шәкірттері алдағы уақытта бірқатар игі шараларды қолға алуы керек деп ойлаймын. Ақтаудағы тұрған үйіне ескерткіш тақта орнату, Жаңаөзендегі мұнайшылар, Құрықтағы геолог-барлаушылар және облыстық өлкетану мұражайларында тақырыптық стендтер шығару, «Мұнайшы» қоғамдық қорының қолдауымен ғұмырнамалық кітап бастыру, тағы басқалары деген сияқты. Бұл шаралар оған қажет болмағанмен Маңғыстаудың мұнайлы өлкеге айналуына өзінің лайықты үлесін қосқан, ардагер мұнайшы Бекболат Ізтұрғанұлы сияқты алып ағалардың жасампаз өмірі жолын білу, сондай болуға талпыну кейінгі жас ұрпаққа керек, біздің жастарымызға зор тәрбиелік мәні бар деп есептеймін.

Сатыбалды Нұрлыбекұлы,

геологиялық барлау және мұнай

іздестіру саласының ардагері, зейнеткер.


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту