Бүгін таңертең облыстық Бекет Ата мешітінде Рамазан айының аяқталуы мен Ораза айттың басталуына орай айт намазы оқылды.
Орталық мешітке ниет етіп келгендердің саны 3000-нан асып жығылды. Мұсылман жамағаттың көптігі соншалықты, мешітке сыймағандар кіреберістегі алаңда намаз оқыды. Адамзат баласын сыйластық пен бауырластыққа шақыратын ұлы мейрамға «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы екі үй тігіп, дастархан жайды. Облыстық мешіттің бас имамы Смаил Сейітбеков, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сақиев, қала әкімі Ғалымжан Ниязов бастаған бір топ зиялыларды Компания басшылығы қарсы алып, ақ дастарханға шықырды.
- Барша мұсылманды аса құрметті мерекелердің бірі – Ораза Айт мейрамымен құттықтаймын. Отыз күн тұтқан оразаларыңыз, оқыған намаздарыңыз, тілеген тілектеріңіз қабыл болсын! Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы артып, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, егемендігіміз мәңгі баянды болғай! Әмин! - деп тілегін білдірген бас имам мереке аясында «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамымен қатар жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен тағы үш үй тігілгенін айтты.
«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы Бас директордың бірінші орынбасары Қалбай Ізмұханов төзімділік пен сабыр сақтап, Рамазан айын оразамен өткізген жерлестерге ыстық ықыласын білдірді. Әр шаңыраққа жан жылуы мен ізгілік нұрын тіледі.
Сондай-ақ, мерекеде түрлі спорттық жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар құнды сыйлықтармен марапатталды.
|