"Әкем, анам және мен – спорттық жанұя". Осындай атаумен «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мұнайшылар арасында спорттық сайыс ұйымдастырды. Оған Қаламқас, Жетібай кен орындарымен қатар орталық аппараттан және Компания қамқорлығындағы Н.Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейінінен алты команда қатысып, сайыста бақтарын сынады.
Аталмыш шараға балалар мен ата-аналар зор қызығушылықпен қатысты. Алғаш болып сайыс шымылдығын ашқан Компания бас директорының әкімшілік және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Жетібай Төлеғожаев:
- «Жерде бала қуанса, көкте періште қуанады» деген сөз бар. Бұл өмірдің базары да, ажары да – біздің бүлдіршіндеріміз. Сондықтанда барлық жылы сөз, ыстық тілек мына тұрған бүлдіршіндерге арнап айтылуы қажет. Біздің Компания әрқашан бүлдіршіндерді назардан тыс қалдырмайды. Өткен жылы компания Басқармасы мен Жас мамандар кеңесінің қолдауымен Жетібай, Мұнайшы ауылының аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың 20 бүлдіршініне сый-сияпат үлестірген еді. Міне, бүгін де осындай игі шара жалғасын тауып отыр. Қаламқас, Жетібай кен орында жұмыс жасайтын қызметкерлеріміз Қазақстан мұнайының 120 жылдығы мен «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының 40 жылдығына орайластырылған аталмыш шараға қатысып жатыр. Сәттілік тілейміз!» - деп, қатысушыларға лебізін білдірді.
Құрамында Кәсіподақ төрағасы Тарғын Мысамбаев, адам ресурстарын басқару департаменті директорының орынбасары Лаура Іңірбаева және компаниядағы спорт бапкері Самат Темірқасов бар әділқазылар алқасы танысырылып, сайыс ережелері түсіндірілді.
Сайыс бағдарламасы бойынша бірінші турда отбасылар таяқшаларды эстафеталық әдіспен бір-біріне беру, допты кедергілерге тигізбей жүгіру, секіртпелер арқылы жарысу, қапшықпен секіру арқылы шымырлықтары мен шапшаңдықтарын ортаға салды. Солардың бірі Қаламақастың намысын қорғап жүрген Қосбаевтар отбасы. Олар мықтылардың арасынан үздік болып танылып, бас жүлдені жеңіп алды:
- «Рамазан айымен тұспа-тұс келген балалар мерекесі құтты болсын! Сайыс тартысты әрі қызықты өтті. Бүгінгі жеңіс тек біздің отбасының ғана емес, биыл 40 жылдығын тойлайтын барша Қаламқастық әріптестерімнің жеңісі! Осындай шара жиі ұйымдастырылып тұрса игі» - деді бірінші орын иегері, «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ инженер-энергетигі Ислам Қосбаев.
Екінші орын Н.Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейінен қатысқан Сақашовтар отбасына бұйырса, үшінші орынды Қаламқастан қатысқан екінші команда – Бисеновтар жанұясы еншіледі.
Компанияның ортаға қойған сыйлықтары да бағалы. Жүлделі орындар велосипед алса, сайысқа қатысып, белсенділік танытқан «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасынан келген Тастеміровтер мен Жапарбаевтар, орталық аппараттан Илмуханбетовтер отбасылары өздігінен сырғанайтын самокаттарға ие болды. Ата-аналарға алғыс хат пен гүл шоқтары, тәттілер тарту етілді. Сондай-ақ, Компаниядағы кәсіподақ төрағасы Тарғын Мысамбаев қатысушы барлық командаларға қаржылай сыйлық жасады.
Мерекелік шарада аниматорлар балалардың көңілін көтеріп, әр түрлі ойындар ұйымдастырды. Бүлдіршіндерге тәттілер таратылып, мұнай саласындағы күміс көмей әншілер өз өнерлерін көрсетті.
|