...«Егер жер шарындағы шөл атаулының барлық түрін, жалаңаш құзар шың қара тауларды, жапан түздің не ақшағаладай ағараңдап, не батар күннің нарт қызыл нұрындай жалқынданып, алыстан көз арбап тұратын көркем мұнаралары мен алдырмас қорғандары бар «сиқыр тас шахарларын», құм шағылдар төккен әшекейлерді, сорлардың сан-сапат түрлерін, шыңдар мен құзарттардың теңдесі жоқ не керемет үлгілерін өз көзіңізбен көргіңіз келсе, тастай боп дыңылдап жататын айдын тақырларды өз аяғыңызбен басқыңыз келсе, бояулардың не ғажайып сесі мен реңкін, ағын сулар аямай шимайлаған ою-өрнектерді, құба түзде құландай жортқан жебір желдің қолынан не келетінін, шөлдің тағы басқа талай ғаламаттарын қызықтағыңыз келсе, - Маңғыстаудан артық жерді бәрібір таба алмайсыз. Шөл табиғатының алуан-алуан құбылыстарының бәр-бәрі осы бір асыл қазына жиған алтын сандықтай аядай өлкеден түгел ұшырасады. Алтын сандықтағы қыруар байлыққа әлі ешкімнің қолы тиген жоқ. Уақыты келгенде, ит арқасы қиян Маңғыстау пайдалы қазбаларды өндіру мен өңдеудің аса ірі орталығына айналып шыға келеді... Бұл өлке ұйықтап жатқан арудай өзінің оянар сәтін күтуде».
Айтудай-ақ айтқан емес пе?
СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, СССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, география ғылымдарының докторы Б.А.Федерович өзінің 1954 жылы шыққан «Шөл дидары» атты кітабында осылай деп жазған-ды.
Баяғыда, 1951 жылы тау үстінде елсізде екеуден-екеу келе жатқанда Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті Қаныш Имантай ұлы Сәтпаевтың тапсырмасымен Маңғыстау қазба байлықтарын зерттеп жүрген геологиялық экспедицияның жұмысымен танысуға келген академик Иван Иванович Боктың маған айтқаны да осы тақілеттес әңгіме болса керек.
Ауыл мектебінің төртінші класын бітірген мен ол кезде үлкен ғалымның айтқанына түгел түсінгем жоқ, бірақ біздің өлкені мақтап тұрғанына түсіндім.
Туған жерді мақтаған әңгіме де өзің жақсы көретін ғазиз жанды мақтаған әңгімедей құлағыңа ерекше жағымды естілетінін сонда ұқтым.
Содан бері ширек ғасыр уақыт өтіпті. Ол екі ортада асыл қазына жиған алтын сандықтың қақпағы айқара ашылды. Ұйқыдағы ару оянды.
Ол, шынында да, айтса айтқандай, ауыз ашып, көз жұматындай екен.
...Сөйтіп Қазақстан жұлдызын аспандата көтерген алыптардың бірі – Маңғыстау ХХ ғасыр кереметтерінің ұлы санатына қосылды.
Қазақстан көрмесін көрген канадалықтар пікір кітабына «Байқоңыр. Әуезов. Маңғыстау!» деген үш ауыз сөз жазыпты.
Ол бұрынғы шет аймақтың бүгінгі шырқап өскеніне қайран қалған сүйініш сезімі еді.
Үш заңғар биік. Біреуі ғылыми ойдың, біреуі рухани мәдениетіміздің, біреуі адам жасампаздығының асқар биігі.
***
...1961 жылы 5 июль күні Жетібай дөңінде мұнай фонтаны атқаны талай ғасыр саяхатшыларының аузына ілігіп жүрген Маңғыстау «алтын сандығының» ашылған күні болды.
Осы жолдардың авторы сол бір тұста Маңғыстауды аралап, мұндай барлаушылардың қостарында боп қайтқан-ды. Сол сапарда алған әсерлеріміз көз алдымызда әлі тұр.
Шығыс жақтан әуелі таң сәрінің селдір пердесін түре серпіп, жер ананың иығынан тырмыса созылған аппақ ақ сүйрік саусақтар көрінеді, сосын көкжиекті нұр шапаққа бөлеп, шұғыла шашқан алтын шаш жайылады, артынша-ақ күлім қағып күміс дидар жарқ етеді, күн шығады. Әдетте нұр сәуленің осынша салтанат құрған шағында жан-жануар, дүйім тіршілік мәз-мейрам болар еді, жапырақ біткен жайқалып, гүл біткен ырғалып, құс біткен сайрар еді. Бұл өлкеде олай емес, шығыс жақтан күн шыққаннан-ақ сауырын шоқ қарып бара жатқандай құба дөңдер басын жерге салып, бүк түсіп сұлқ шөгіп жатып алады. Таулар да шілде тамыздағы жылқыдай мойындарын көлеңкеге беріп, күн көзіне кірбіңдеп, теріс айналып кеткен секілді. Шөп біткен тым-тырыс, иықтары салбырап мүлгіп қалыпты. Қайсысына қарасаң да жүздерінде кірбің. Сол жақтан бұларды талай рет қанға бөктіріп қырып-жойып кеткен қарақшы біреу қайта көрінгендей күн шығыс жаққа ешқайсысы беттемейді, төбелеріне сәуле емес, семсер төніп тұрғандай бәрі де бүкшиіп, бұғып алыпты. Бұларға күннің көзі – нұрдың көзі емес, удың көзі сияқты; тіршіліктің барша төлін емізіп келе жатқан енесі емес, баршасының мойнын жұлып келе жатқан жендеті тәрізді.
Бұл өлкеге күн де қатыгез, мейірімсіз; күні бойы шалып-шарпып, нәр сөлін түгел сорып ап батады да кетеді. Көзі қанталап, ашумен батады. Бағанадан бері тынысы тарылып, қаталап қалған тіршіліктің дені енді жайыла бастайды. Самал соғып, шөп басына да жан бітеді. Таулар мен дөңдер де енді еңсесін көтеріп бұрынғыдай емес, зорайып, қарауытыңқырап көрінеді. Бұл өлкенің бірінші жауы – күн. Осындай от қарыған өңірде, көсенің иегіндей тақыр жонда, қозының еті піскенше таң атып қалатын келте түнді саялап, жол шегіп, осы аймақты зерттеп шыққан ескі ғалымдар бұл жерді бірауыздан машақаттар өлкесіне сайды. Парақтары Маңғыстаудың сары жон адырларындай сарғыш тартқан бұл өңір жайлы ескі кітаптарды ақтарып отырсаңыз олардың авторларының қай-қайсысы да табиғат қытымырлығынан көрген жәбір-жапаларын айтқанда желдей есіп кетеді.
Міне, біз сол өлкедеміз. Біз жүріп келе жатқан жол Маңғыстаудың ғаламатымен де, машақатымен де егжей-тегжейлі таныстырып келеді. Маңғыстау өңірінің күре тамырындай кәрі жолдан қазір жаңа бір тарам айрылады. Ең жолаушысы көп жол да – сол тармақ. Ол Жетібайға баратын жол.
Жетібай! Аты жер жарған Жетібай – шетсіз-шексіз мидай жазық дөң. Аз ғана жыл бұрын көл-көсір осы дөңнің үстінде қажет десеңіз бір отар қой да бағылмапты. Сауырына із түспестен құла-дүз болып құлазыпты да жатыпты. Баяғы бір заманда бұл жерде де ел жайлап, халық мекен еткен дегендей аннан-мұннан көнетоз күмбез молалар мойнын созып қалады. Кеше ғана моладан басқа көзге түсер ештеңесі жоқ атырапта бүгін барсаңыз бұрғышылар мұнарасы құжынайды. Тентек шаңытқа әлі тиым салына қоймапты, бұрқыратып жүр. Қаратаудың бойындағы ыстық ыстық па, мұнда келсеңіз тандыр пештің ішіне түсіп кеткендей боласыз. Сая біткеннен саяқ шығарып ап, саршатамыз күн білгенін істеп бағады. Осындай ыстықта терілері күйе піскен бауырсақтай күреңіткен жап-жас жігіттерге толы машиналар ерсілі-қарсылы ағылып жатыр. Бұлар скважиналарға бара жатқан, содан қайтып келе жатқан вахталар. Оларға мынау қайнап тұрған шілде түк әсер етпейтін тәрізді. Төңірегіміз – мігірсіз қозғалыс. Сол қозғалыстың тоғысар жері – Жетібай поселкесі. Ол егіз біткен екі дөңестің арасындағы құжынаған жер кепелер. Қарасын көріп қомсынсаңыз да осында пәлен мың халық тұрады. Жұмыс күші болса көп керек. Ағылып келіп те жатыр. Келген бойларында зып етіп кіріп кетер баспана жоқ. Сонда да келіп жатыр. Сонда да бұрғылау істері тоқтап көрмепті. Жұмысшылар скважина басынан қайтқан соң мемлекеттен құрылыс материалдарын алып, өздеріне үй салады, алды аңдап-аңдап тұрып та қалыпты. Дегенмен, әлі аз. Бойдақтарды былай қойғанда, бала-шаға, үй ішімен шатырларды баспаналап жатқандар қанша! Алғашқы барлаушылар келіп орныққан кезден қалған шәлтік жер кепелермен қоштасқан абзал. Жетібайдың қазіргі бір қиянатын шегіп отырған қиыншылығы – осы, тұрғын үй мәселесі. Бізге Жетібай терең бұрғылау экспедициясының бас инженері Александр Захарович Васин жолдас өздері жатқан үйді апарып көрсетті. Бұл да белшесінен жерге батқан жер кепе екен. Үш төсек тұр. Біреуі бас инженердікі, біреуі экспедиция бастығынікі, біреуі бас геологтікі. Жаңбыр жауғанда басшылардың төсектерінде түні бойы тамшы асыр салып шығатын көрінеді. Ең мықты деген баспананың сиқы осы.
Біз Жетібайдың көшелерін аралап болған соң бұрғышылардың еңбегімен танысқымыз келді. Бас инженер бізді алдымен бүкіл Маңғыстаудың алтын діңгегі атанған атақты «Алтыншы буровойға» әкелді. Ақ шаңыт боп жататын алатағанақ дөңнің кеудесінде қап-қара көл жатыр. Өткен жылы июль айында Маңғыстаудағы тұңғыш мұнай фонтаны осында атты. Түнгі сағат екінің тұсында бүкіл Жетібай машинаға іліккені машинамен, ілікпегені жаяулатып осында тартыпты. Оларды осы жерде аспанға шашып атқан адуын фонтан қарсы алды. Ол осы өлкеге тасталатын «Маңғыстау мұнайын игеріңдер!» деген жаңа дабыл, жаңа ұранның соңына қойылған леп белгісіндей боп, көк қойнына шаншыла шапшыпты. Биіктігі 50 метрден асып кеткен фонтан – ұзақ жылдардағы барлау-зерттеудің алғашқы нәтижесі. Бұл скважинаның көрсеткіштері Маңғыстаудың келешегін дәлелдеп берді. Мынау безбүйрек ұшан дала жылдар бойы қыруар байлықты, миллиондаған тонна мұнайды бауырына басып, жасырып келіпті. Мұнай болған қандай қандай, күкірті жоқ, өндеуге таптырмайтын таза мұнай! Құрамында парафин бар. Кейінгі жылдарға дейін мұнайдың құрамындағы парафин де бір қырсық атанып, қарлы қаратау боп келген екен. Қазір ғалымдар оның пайдасы болмаса зияны жоқ деп тауыпты. 2383-2389 метр тереңдік аралығынан атқан бұл скважина диаметрі 12 миллиметр штуцерден (тесіктен) атқанда сөткесіне жүздеген тонна мұнай береді екен. Бұл фонтан атқанда вахтаға тұрғандарды жетібайлықтар ерекше құрмет тұтады. Олар: бұрғышы мастер, 1957 жылы Грозный мұнай институтын бітірген жас инженер Николай Петров, бұрғышы Бейсенғали Бажиев, бұрғышының жәрдемшісі Найзабек Толтырбаев, машинист Ермұхан Таужанов, жұмысшы Борис Сүлейменов. Қазір Бейсенғали қарт пенсияға шығыпты. Николай мен Найзабек жаңа скважина бұрғылап жатыр, ал сол атақты вахтаның ең жас мүшелері Ермұхан мен Бористі Гурьевте көрдік. Олар Жетібай мұнайы жайлы диплом қорғағалы жатыр екен. Диплом алған бойда Маңғыстауға аттанбақ.
Жетібайдан соң Өзен дабылдата бастады. Онда 1248-1261 метр тереңдіктен мұнай мен газ атыпты. Бұл екі қос батыр ертеңгі шалқығалы тұрған мол байлықтың көш басшылары. Жаңа мұнай аудандарын игеру үшін бұл алаңдардағы бұрғылау жұмыстары күшейтіліпті. Осы жылы өткен жылғыдан екі есе көп скважина қазылып жатыр. Келер жылы тағы екі есе көбеймек. Ол үшін бұрынғы Жетібай, Өзен разведкалары терең бұрғылау экспедициялары болып үлкейтіліпті. Маңғыстау мұнайы мен газының қоймасы тек Жетібай мен Өзен болмасқа керек. Енді терең бұрғышылар Беке-Басқұдық, Қарашажы, Табас алаңдарына барып мұнара орнатпақ. Сонда бүкіл түстік Маңғыстаудың өн бойы бұрғышы мұнараларына толмақ. Мұнай мамандары ашылған мұнай алаңдарын қазірден бастап игере беруді ұсынып жүр екен. Неде болса, өте жақын арада бұл арада тек барлаушылар ғана емес, мұнайшылар да еңбек ететін болады.
Ата жұртынан табылып жатқан қыруар қазынаны игеруге жергілікті жастар қызу кірісіпті. Кешегі шопан жастар қазір бұрғышы атаныпты. Бұрғышы Табылған Құлжанов Жетібайдың бір пұшпағын жайлаған «Ақ шұқырдан», ал электрик Өсербай Сейітмағамбетов сонау Бозашыдағы «Тұщықұдықтан», оның әріптесі Аймұқан Таужанов Жетібайға тиіп тұрған Ондыдан. Үшеуі де Гурьевтің мұнай техникумын бітіріпті. Оларға еріп парталасы – бұрғышы Шамел Камалов та осында келіпті. Жетібайда бұрғылау жұмыстары басталғалы осында жұмыс жасап келе жатқан Сабыр Бисенов пен Сапарғали Жанұзақов биыл Бүкілодақтық политехникалық институтының мұнай факультетіне сырттай оқуға түсті. Мұндай жастар Жетібайда өте көп...
1962 жыл. |