Бүгін, 10 сәуірде «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы Басқармасында кадрлық ауыс-түйіс өтіп, компания Бас директорының бірінші орынбасары қызметіне осыған дейін «Технологиялық көлікті басқару және ұңғымаларға қызмет көрсету» жауапкершілігі Серіктестігінің директоры қызметін атқарған Қалбай Ажимбайұлы Ізмұханов тағайындалды.
Компания ұжымының жалпы жиналысында «Қазмұнайгаз» Ұлттық Компаниясы Басқарма Төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Жақып Марабаев жаңа басшыны ұжыммен таныстырып, Қалбай Ажимбайұлының ұзақ уақыт мұнай өндірісі саласында табысты еңбек етіп келе жатқан білікті маман, тәжірибелі өндіріс ұйымдастырушы, кәсіби деңгейі жоғары жетекші екендігін атап өтті. Маңғыстау облысы экономикасының көшін бастайтын, орасан еңбек және жасампаздық ерлікке толы тарихы бар «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының тарихи сабақтастығын лайықты жалғастыратынына, кәсіпорынның онан әрі дамуын жаңа биікке көтеретіндігіне сенім білдірді. Сондай-ақ бұрынғы басшы Бақыт Иманбаевтың компанияның экономикалық-әлеуметтік дамуына сіңірген зор еңбегін жоғары бағалап, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Жиында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сакеев компанияның облыстың экономикалық күш-қуатын арттыруға ғана емес, облыс халқы алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін, осы салада атқарып жатқан жұмыстарын ерекше атап өтіп, жаңа басшылардың алдына уақыт талабына сай жаңа міндеттер қойды.
Қалбай Әжімбайұлы Ізмұханов Қазақ политехникалық институтының түлегі. РФ Президенті жанындағы Халық шаруашылығы және Мемлекеттік Қызмет Академиясын «МВА: менеджмент және халықаралық бизнес» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында ұңғыларды жерасты жөндеу операторлығынан бастап, цех шебері, инженер-технолог, мұнай-газ өндіру цехының бастығы, бас инженер – басқарма бастығының орынбасарлығына дейінгі кәсіби баспалдақтан өтті. «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Қарақұдықмұнай» ЖШС («ЛУКОЙЛ Оверсиз Холдинг Лтд» операциялық компаниясы) сияқты ірі компаниялар тобында, сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ жүйесінде басшы қызметтерде болды. 2017 жылдың 13 шілдесінен 2109 жылдың 10 сәуіріне дейін «Технологиялық көлікті басқару және ұңғымаларға қызмет көрсету» жауапкершілігі шектеулі Серіктестігінің директоры болып жұмыс жасады.
Осыған дейін «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының Басқарма мүшесі, компания Бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарған Бақыт Иманбаев Қазақ мұнай-газ зерттеу-жобалау институты Филиалының директоры болып тағайындалды.
|