Үстіміздегі жылы Қазақстан мұнайының 120 жылдығы, Қаламқас кенорнының 40 жылдығымен қатар тағы бір аса маңызды оқиға – «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына қарасты ірі өнеркәсіптік құрылымның бірі - Асар кенорнына 50 жыл толды. Айтулы оқиғаға орай 2019 жылдың 22 қазан күні «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының Асар кенорнында жаңа жұмысшылар жатақханасы ашылды. Жатақхана құрылысы үстіміздегі жылдың мамыр айында басталып, іргесінің алғашқы тасын «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясының Басқарма Төрағасы қалаған болатын. Салтанатты шараға Алик Айдарбаев қатысып, мұнайшыларды жаңа қонысымен құттықтады.
- Қадірлі асарлықтар! Май айында осы жатақхананың бірінші тасын қалап кеткен едім. Бүгін ашылуына арнайы келдім. Былтырдан бері осы кенорында берілген нысандардың барлығы - Ұлттық Компанияның әлеуметтік саясатының игі нәтижесі. Бұл Асар кенорнының даму болашағы ескеріліп жасалып жатқан маңызды әлеуметтік шаралар.
Жаңа екі қабатты тұрғын кешен 50 адамға арналған. Жатақхана талапқа сай қажетті барлық тұрмыстық қажеттіліктермен жабдықталған. Жатақхананың әрбір қабаты санитарлық тораптармен қамтылған, бөлмелер қажетті жиһазбен жабдықталған, әр қабатта телевизорлар орнатылған.
Сондай-ақ бұл күні Асарда медициналық пункт ашылды. Мұнда алғашқы дәрігерлік көмек көрсету, мұнайшылардың денсаулығын күнделікті бақылап отыру үшін барлық жағдай жасалған.
Соңғы екі жылда 86 адамдық жатақхана, жасанды шағын футбол алаңы, кітапхана, тренажер залы, сондай-ақ жаңа кір жуу орталығы, 75 адамдық жаңа асхана ашылды. Алда үшінші жатақхананың құрылысы басталып, 2020 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беріледі.
Бүгінде Асар кен орнында вахталық әдіспен 150-ге тарта қызметкер еңбек етіп келеді. Тәуліктік орташа мұнай өндіру көлемі 1500 тоннаны құрап отыр. Жалпы, кенорны ашылғаннан бері Асарда 5 млн. 600 тоннада астам мұнай өндірілген. Қалдық қор – 6 277,740 мың тонна. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша, кенорнының болашағы өте зор. Сондықтан Асарда «Интеллектуалдық кенорны» жобасын енгізу бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Бұл жоба мұнайдың төгілген жерлерін жедел анықтап, кемшіліктерді тез арада жоюға, өндірістік құрал-жабдықтарды бақылауға, шығындарды азайтуға, жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Кенорын қазіргі таңда күрделі жаңғыру үстінде, өндіріс процестері оңтайланып, жұмыс пен тұрмыс жағдайы жақсарып келеді.
|