Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
09.12.2019 ЕҢБЕГІМЕН ЕР СЫЙЛЫ

  

Ер жігіт өмірінде екі нәрседен қателеспеуі керек деген ақиқат бар. Мамандық пен жарға таңдауы дұрыс түскен пенденің мына жалғанда есебі түгел екенін басынан өткерген жанның бірі – Жұмажан ағамыз. Пайғамбар жасына иек артқан оператор Жұмажан Оразбайұлы Алагөзов мұнайшылық кәсібінен де, 39 жыл бірге ғұмыр кешкен жан жарынан да бақыт тапты. Аяқ астынан айтпай келген ажалдың құрығы түскен өмірлік серігінің қайғысынан жүрегі жаралы, көңілі қаяу оның қазіргі алданышы – түзде – жұмысы, үйде –кішкентай шақалақ немересі.

Халық даналығындағы «Халық қазанын көп қайнаттым, қолымның, кəне, қарасы, ел қазанын көп қайнаттым, етімнің, кəне, жарасы» – деген ғибратты сөз бала кезден мұнайдың исін де сезіп, бүкіл ғұмырын мұнай саласына арнап, қырық жылға жуық уақыттан бері Жетібайда жемісті еңбек етіп жүрген біздің кейіпкерімізге қаратып айтылғандай.

Он жасында Красноводск қаласынан атамекенге оралған ол Жетібайдан алысқа ұзаған жоқ. Он алты жасынан еңбекке араласты. Балаң жігіттің игерген мамандығы осы мұнай-газ саласы болды. 1983 жылы «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына қабат қысымын ұстау цехына операторы болып орналасады.

- Ол кезде өндіріс қазіргідей автоматтандырылмаған, компьютерлік құрылғы-жабдық қиялда да жоқ. Бар жұмыс қолмен жасалды. Жұмысшылар да аз еді, білектің күшін қажет ететін уақыт болды. Әсіресе, қақаған қыстың суығы мен ызғырық желіндегі бейнетті айт, - деп өткен күндерін еске алған Жұмажан ағамыз сол кездері мұнай кәсіпшілігінің қиындықтары мен тауқыметін әріптестері, қазіргі басшылар Алик Айдарбаев, Жетібай Төлеғожаев, Нағим Сағындықов сынды азаматтармен қатар көріп, ынтымағы жарасқан ұжыммен еңбек майданында шыңдалғанын айтты.

Кәсіпшіліктің өсіп-өркендеуі бір цехта, бір қызметте, бір орында тапжылмай еңбек етіп жүрген Жұмажан Оразбайұлының көз алдында. «Жетібаймұнайгаз» басқармасының жыл өткен сайын дамып, бүгінгі заманғы жаңа технологиялардың өндіріске еніп, табысының өрге озғанына куә. Жетібайлықтардың жеткен жетістігі өзімен қатар жүрген мамандардың маңдай тері мен қажыр-қайратының арқасы деп санайтын оның ұжымдастарына деген ықыласы ерекше. «Жылқы ішінде жүйрік көп, қазанаты бір бөлек, Ел ішінде жігіт көп, азаматы бір бөлек» - демекші, абыройдың жолында аянбай еңбек етіп жүрген әріптестерінің қай-қайсысына осы сөзді лайықты санайтын ағамыз солардың ортасында жүріп зейнеткерлікке келіп қалғанын да аңғармапты, келесі жылы – құрметті еңбек демалысына шығады. Бір ұл төрт қыз тәрбиелеп, перзенттерін аяқтандырған шақта қас пен көздің арасында өмірден оза шыққан жан жарын ойлап, мұң-шері басым күндерде сүйеуге жараған да осы ұжым.

Бүгінде тіренішін еңбектен тауып жүрсе де көңілі алаң. Бар уайымы - биыл мұнай-газ мамандығын игеріп келген жалғыз ұлының өз мамандығы бойынша жұмысқа ілініп кетуі. Толғауы тоқсан, саласы сан өмірдің жолында жалғыз ұлдың көсегесі көгерсе, кәсіп таңдаудан, жар таңдаудан адаспаған арманы перзентінің үстінде де сәтімен орайын тапса екен деген үмітін алғы күнге үкілеумен ғұмыр кешіп келеді. Шаңырақ көтеріп, нәрестелі болған баласының да өзі сияқты отбасын бағып-қағып, ұрпағын қанаттандырса - әке арманының орындалғаны емес пе?!

Еңбегімен ер сыйлы. Өмірі тынымсыз еңбекпен өріліп, қарапайым  кәсібімен абыройлы ғұмыр кешіп келе жатқан оператор Жұмажан Алагөзовке   бейнетті еңбегінің рахатын  ұзақ жылдар көруге жазсын деген тілек айтамыз! 

Лаура Жолдыбаева


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту