Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
09.12.2019 БАҚЫТЫН ТАПҚАН МҰНАЙДАН

  

Компания жетістіктерін мұнай игеру жолында еңбек етіп жатқан өндіріс батырларынсыз елестету мүмкін емес. «Мұнайлы өлке» газетінің тілшілері «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының Асар кенорнында:

Мұнайшы кәсібінің баяғы даңқы қайта оралды. Қазір заңгер, экономист, менеджеріңмен қатар тұрғанда мұнайшының аты озып тұр. Мұнайшылықты таңдаған адамның мұнайға аз-кем күнге емес, осы жерден өмірлік несібесін айыруға келетіндігін мойындамайтын жан жоқ шығар. «Адыра қалған аспаннан, сұрадық жаңбыр Құдайлап» дейтін Маңғыстаудың жылдың төрт мезгіліндегі алақұйын мінезіне бір төзсе мұнайшы төзіп келеді. Сонда да олардың ата кәсіптен азар да безер болып жүргенін көрмейсің. Ходжанепес те сол ажарын даланың аптабы қарыған мұнайшының бірі.

Таң атысымен кеңсені бетке алады. Түнімен кірпік қақпай мұнай өнімін бақылап отыратын инженерлер аға технологтың бұл ғадетіне әбден бой ұсынған.

-   Ау, амансыңдар ма, түн тыныш па, әйтеуір ? Ұңғылар қалай, не өзгеріс бар? – дейді   әдеттегідей.

- Технологиялық параметр-лерде өзгеріс жоқ. Қысым бірқалыпты. Мұнай өндіруде іркіліс байқалмады, - деп жігіттер де істің барысынан хабар беріп жатады...

Жауапқа  көңілі толса да, үстелдің бетін тұтас жауып жататын инженерлердің түні бойы толтырып шыққан етектей қағазына бір үңілмей кетпейді . Біреулерге тек құжынаған сандар болуы мүмкін. Ал оның көзімен қарағанда мына көсіліп жатқан қағаз – Асардың тынысы. Өндірілген мұнай көлемі қанша?   Сулылығы, қысымы қандай? Бәрі сайрап тұр. Соны өз көзімен көрмейінше, көңілі көншімейді. Кісіге сенбегендігінен емес, әрине. Бұл қырық жыл бойғы тәжірибе, өндірістің ащылы-тұщылы сабағы қалыптастырған дағдысы.

Ходжанепес Кемалов 1958 жылы Ашхабад қаласында дүниеге келген. Маңғыстауға көшкен 1962 жылы әкесі Әбдіғали УКРС-мекемесіне бұрғышы болып жұмысқа орналасады. Жеті бала тәрбиеленген шаңырақта әке маман-дығына деген қызығушылық басым болды. Үш інісімен бірге мұнай саласын таңдаған Ходжанепес 1978 жылы әскерден оралысымен автошколды оқып алады. 1979 жылы АТП-3 мекемесінде жүргізуші болып еңбек жолын бастаған ол 1983 жылы «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқар-масындағы ЦНИПР-ға оператор болып орналасады. 1993 жылы Өзен мұнай техникумын техник-технолог мамандығы бойынша бітірген маман сол жылдардан бастап, қай қызметті атқарса да абырой-беделіне сөз келтірген емес. Көпті көрген, іс-тәжірибесі мол Ходжанепес ағамыз 2007 жылдан бері Асар кенорнында аға технолог болып еңбек етіп келеді. Мұнай-газ саласының дамуы жолында өзіндік үлесі бар мұнайшы, Қазақ мұнайының 120 жылдық төсбелгісінің иегері, бірнеше алғыс хаттармен марапатталған қарапайым еңбек адамы.

-Жер қойнауын игеріп, қазынасын игілікке жаратқан ел әрдайым дәулетті. Тек ерінбей еңбек етсең болғаны. Бұл Ходжанепес Кемаловтың өмірлік қағидасы. «Тек еңбек арқылы, тер төге жүріп жұмыс істегенде ғана берекеміз артып, мерекеміз көбейеді. Тұрмысың жақсарып, елдің еңсесі көтеріледі. Қара қазан оттан түспесе, бала-шағаға білім беріп, қатарға қоссаң, төрің тілекші адамнан арылмаса, жұртың аман-есен, бейбіт өмір кешсе, басқа бақыттың керегі не?!», -деп өзінің өмірлік тәжірибесімен бөліскен үш бала мен төрт немеренің атасы өткенге салауат, бүгініне шүкіршілігін айтудан бір сәтке танған емес.


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту