«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мәжіліс залында мемлекет және қоғам қайраткері, компаниямыздың бұрынғы басшысы Ләззат Кетебайұлы Қиыновтың жас мұнайшылармен кездесуі өтті. Шара Ләззат Кетебайұлының 70 жылдық мерейтойын атап өту аясында ұйымдастырылды. Кездесуге жастармен қатар Компания бас директорының бірінші орынбасары Қалбай Әжімбайұлы Ізмұқанов, бас директордың орынбасарлары және құрылымдық бөлім басшылары қатысты.
Ләззат Кетебайұлы Қиынов еңбек жолын «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында қарапайым оператордан бастап, мұнай және газ вице-министріне дейін көтерілген мұнайшы маман. Маңғыстау облысындағы бірқатар мұнай кеніштерінің көзін ашуға, қазақ мұнай-газ өнеркәсібінің бүгінгі биігіне жетуіне орасан зор үлес қосқан шебер ұйымдастырушы, білікті басшы. Өндірісте шыңдалған Ләззат Кетебайұлының бойындағы іскерлік қасиеттер оған ел басқару ісіне де жол ашты. Елбасының тағайындауымен Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ең қиын кезеңдерде екі мәрте Маңғыстау облысы әкімінің қызметін атқарып, өлкенің дамуы жолында қажырлы еңбек етті. Техника ғылымдарының докторы; «Парасат», «Отан» ордендерінің иегері.
Еліне еңбегімен сыйлы болған азаматтың әңгімесі де ерекше келеді екен. 70 жылдық өмірлік тәжірибе елегінен өткен ой орамдары жастардың біраз сұрағына жауап болып қайтты. Ағамыз азаматтық борыш, перзенттік міндет, ғылым-білім, жолдастық, мансап тақырыбында әңгіме өрбітіп, қатардағы мұнайшы оператордан мұнай министріне дейінгі өмірбаянынан сыр шертіп берді.
- Өмірде оңай қызмет, жеңіл сала жоқ, - дейді Ләззат Кетебайұлы, - әр кәсіптің өзіне тән қиындықтары бар. Ал жетістіктің кілті еңбекқорлық пен табандылықтан құралады. Кімде кім таңдаған саласында үздік болуға ниеттенсе сол саланың қыр-сырын толық меңгеруге, кетігін жамап, жеріне жеткізуге табандылықпен еңбек етуі тиіс. Абырой да, мансап та, атақ та, міне, осы жолдың жемісі. Мен де өз кәсібіме адал болдым. Министр боламын, қайраткер атанамын деген мақсатым мүлде болған жоқ. Қайта өндірістің қауырт тірлігін кабинеттердің іш пыстырарлық үнсіздігінен артық көріп, кезінде жасалған біраз лауазымды ұсыныстардан бас тарттым. Алайда өмірдің өз дегені, саған таңдаған жолы болады екен. Уақыты келгенде басшылық лауазымдарға, мемлекеттік қызметке ауысуға тура келді. Тағдыр жетеледі мені, маңдайыма жазғаны осы болар. Ендігі бір ойым, осы еткен азын-аулақ еңбегіме ел-халқым риза болса екен деймін?! Қолымнан келгенше қайырымды тигізуге тырыстым. Боламын деген жігіттердің белін буып, бәйгеге қостым. Ешкімнің несібесіне араласып, бағымен таласқаным жоқ. Тек абыройлы қызметке ғана тырыстым. Сендерге де сондай болуды тілеймін, - деді сөз соңында Ләззат Кетебайұлы.
Иә, ағамыздың әңгімесін қорыта келе жетпістің белесіне көтерілген Ләззат Кетебайұлының еліне берері әлі де көп деген ой түйдік. Жылдар бойы жинақталған мол тәжірибе, баға жетпес білім елдің ертеңі үшін керек-ақ. Елағасының әрбір сөзі даналық, көкірегі хат. Қазақтың қариясын қазынаға теңеуі осындай ағаларға берген бағасы болар.
Жасыңыз құтты, жарқын күндеріңіз көп болсын, Елағасы!
|