Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
29.01.2020 САЙЫН ШАПАҒАТОВ: ...ТУҒАН ЕЛ НЕ БАР СЕНЕН ҚАДІРІ АСҚАН!
     

Қазақстан демократиялық саяси ұйымдарының көшбасшы қайраткерлерінің ірі тұлғасы, «Парасат» қоғамдық-саяси демократиялық қозғалысының тұңғыш төрағасы – Сайын Нәдірұлы Шапағатов қарапайым мұнайшы-оператордан бастап ірі саяси тұлға, қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілді.

Каспийдің жағасындағы Сығынды ауылында (қазіргі Сайын Шапағатов елді мекені) дүниеге келген ол Алматы тау-кен институтының, Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай институттарының түлегі. Каспий аймақтық тау-кен комбинатында, «Мангышлакнефтегаз» өндірістік бірлестігіне қарасты мұнай кәсіпшіліктерінде еңбектің қара қазанында пісіп жетіліп, партия, комсомол, кәсіподақ ұйымдарында басшылық қызметтерде болды. Жетібай мұнайының өндірісін ұйымдастыруға қатысқан алғашқы буында әуелі шебер, артынан бөлімше бастығы болды. Өмірінің соңғы күндеріне дейін «Мангышлакнефтегаз» өндірістік бірлестігінде еңбек етті. Маңғыстауда геологиялық барлауды жетілдіру, құрылыс материалдары бірлестігін, кен байыту комбинатын құру, Астрахань – Форт-Шевченко, Гурьев – Бурунчик су жолдарын ашу, Баку – Махачқала – Красноводск пароммен жолаушылар тасуды іске асыру, Шевченко (Актау) – Гурьев, Шевченко (Актау) – Красноводск, Шевченко (Актау) – Нөкіс тас жолдарын салып, халық тұтынатын бұйымдарды жетістіруді молайту, Ақтауда спорт комплексін салу, Шевченкодан (Актау) Форт-Шевченко – Фетисова – Шақпақ Ата туристік маршрутын ұйымдастыру сынды өзекті мәселелерді Үкіметтің алдына қойып, туған өлкесінің келешегіне алаңдады. Мұның бүгінде сатылап жүзеге асып жатқанына бүгінгі ұрпақ куәміз.

1989 жылғы Өзен оқиғасынан кейін халықтың бірлігі мен татулық қарым-қатынасын сақтау, ел арасында қызбалыққа жол бермеу мақсатында «Парасат» қоғамдық-саяси ұйымын құрып, оның қатарына алдыңғы қатарлы озық ойлы жастарды біріктірді, ол үлкен қоғамдық күшке айналды. Орынсыз таратылған Маңғыстау облысын қайта құру, 1960 жылы өктемдік саясатпен өзгертілген Ақтау қаласының атын қайтаруда «Парасаттың» тарихи ролі зор.

Жұмыр жердің бетінде 51 жыл ғана ғұмыр кешкен ел ардақтысы Сайын Шапағатов тірі болғанда 2020 жылдың 4 қаңтар күні 80 жасқа толатын еді. Оның жарқын бейнесі, ұлт үшін атқарған қызметі  халқының мәңгі есінде.

«Мұнайлы өлке» газетінің бүгінгі санында қоғам қайраткері Сайын Шапағатовтың 80 жылдығына орай Қазақстанның Халық жазушысы, марқұм Фариза Оңғарсынованың Маңғыстау мұнайын игеру тұсында жазылған «Мұнаралы Маңғыстау» очерктер циклынан Сайын Шапағатов туралы тарихи жазбасын ұсынуды жөн көрдік. «Мұнаралы Маңғыстау» – журналист Фаризаның өндірісті көзімен көріп, еңбек адамдарының қандай қиын кезеңдерден өткенін байыпты баян етіп, жалпы бүтін елге, бар қазаққа ырыс болған Маңғыстауды толық таныстырып жазған шығармасы. Болашақ қос мемлекет қайраткерінің кездесуі, Сайын Ағаның арман-мақсаты, «жанымды қуанышқа құндақтаған, туған ел не бар сенен қадірі асқан» деп жырына қосқан Маңғыстауының болашағына үкілеген үміті  аталмыш очеркке арқау болған.

 БАРЛАУШЫЛАР

Тартылып қалған тандыр желіндей әжімді даланың өңіне қан жүгіріп, алабұртып жатыр. Тынбайтын тіршіліктің жүрек лүпілі оның да тұла бойына жан бітіргендей, құлазыған бейқам өмірінен біржола ада қалған сыңай байқалады. Ат тұяғының дүбірі мен жабайы аңдардың мысық табан бүлкіліне ғана бойы үйренген дала жарықтық адуын адамдардың аршынды қадамы мен алып мұнаралардың тынымсыз сырылына да жүйкесін жіңішкертер емес. Қайта өзінің төсіндегі осынау мазасыз тіршілікке жаны рахаттанғандай, көсіліп салып кең жатыр. Міне, тың алаңға тағы бір болат бұрғы сүңгіп барады. Адам қызды ауылға қырындаған жігіт, қазына дегенің қол жетпес қаса сұлу ару болса, болат бұрғы сол екеуінің арасында жеңгетай боп жүрген жігіт жолдасына ұқсайды. Сонау тылсым тереңдікке әрі үмітпен, әрі күдікпен үңіліп тұрған адамға жүрек алқындырар қуаныш немесе қабағыңды түсіріп, көңіліңді жүдетер өкініш әкелетін де сол бұрғы.

Болат бұрғының бүгінгі қадалған жері - Түркіменой алаңы. Мына жағы мұнай дариясы атқылап жатқан Өзен, екінші жағы әлі өндіріске берілмесе де, 10-15 миллион тонна мұнай қоры бар деп отырған Асар сайы. «Газ-24» жеңіл машинасынан түскен ұзын бойлы, кақпақ жауырын ақсары жігіт пен бидай өңді мұртты жігіттің жазық алаңда жалғыз өзім дегендей маңғаздана кеуде көтерген биік мұнара жанынан алғаш кездестіргендері Қанат Жұмағазиев болды. Жолаушының алдыңғысы - Өзендегі бұрғылау жұмыстары басқармасының геология жөніндегі бастығының орынбасары Сайлау Жылқыайдаров та, жанындағы осы Маңқыстаудың түлегі, бұрын Жетібайда мұнай өнімі жөнінде инженер боп істеген, қазір облыстық партия комитетінде жауапты қызметкер Сайын Шапағатов, Қуат Жұмағазиев - осы № 1 скважинаның бұрғышысы.

- Хал қалай? Бұрғы жүріп тұр ма?

- Е, бұрғы жүрмесе, біз не бітіріп тұрамыз!? – деп қулана күлді Қуат. - Үмітсіз шайтан болсын.

Сайлау мәз болып, қарқылдай күліп алды. Қуат - ылғи әзіл айтып, күлдіріп жүретін ақжарқын жігіт. Жасы да сол Сайлау, Сайындармен шамалас. 32-33-те. Барлау жұмысын бұрғышының көмекшісі болып сонау Түркменстанда бастап, Маңқыстауға кейінгі жылдары келген. Келгеннен бері бұрғылаудың атақты шебері Ленин, Октябрь революциясы ордендерімен наградталған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Ғазиз Әбдіразақовтың қарауында істеп келеді. Сайлау өткен жолы келгендегі скважинадан шыққан ешкі туралы осы Қуаттың әңгімесі есіне түсіп, соған күліп тұр. Кешкісін мастердің бөлмесінде (бұрғышылардың тұрағы - бір-бірімен тіркестірілген шағын вагонеткалар) Ғазиз, Қуат, бұрғышының көмекшісі Гүлсінай Хасанова, Сайлау - бәрі жиналып әңгіме соққан. «Кімнің қай жері ауырса, сол туралы айтады» демекші, әңгіме қалай ауытқыса да, айналсоқтап баяғы барлаудың, бұрғының маңынан шықпайды.

Мұнара басы абыр-сабыр екен: мастер Ғазизден бастап, мотористің көмекшісіне дейін осы маңда. Тегі бұрғы ауыстырып жатса керек. Үстеріне шашыраған ерітінді қара суыққа шыдамай қатып жатыр - киімдері қаудыр-қаудыр етеді. Жұмыстың оңайы жоқ: ысқырған қарлы боранда мал соңында жүрсең де, аспан жерге түскендей ыстықта елсіз далада алып құбырлар салсаң да, тып-тыныш бөлмеде болашақ қаланың жобасын сызып отырсаң да - әйтеуір қай-қайсысының да бас қатырар қиындығы баршылық қой. Ал мынау Жер астынан байлық іздеп, сол үшін үй-күйдің жайлылығын сарп етіп жүретін барлаушы-бұрғышылар өмірінде бұрғы ауыстыру дегеннің қиындығы жетеді. Жүздеген метр тереңдікке кеткен бұрғы жер қабат-тарындағы кедергілерден мұқалып, әрі қарай жүрмей қояды. Сонда осыншама тереңдікті бойлап тұрған трубаларды кері суырып, оның басындағы кішкене ғана болат долотоны алмастыруға тура келеді. Жігіттер жұмысты аяқтап қалған екен. Маңдай терін қаудырап қалған кенеп қолғабымен сүртіп демін бір алған Ғазиз моторист жігітке: «Моторды қос!» деген белгі берді. Сүйтті де қонақтарды жаңа байқағандай Сайлау мен Сайынға қарай жүрді.

- Жігіттер, не жаңалық бар? - деді де жауабын күтпестен. - Бізде сол өздерің көрген тіршілік. Әйтеуір көп қабатты мұнай қорының белгісі бар деп қуанудамыз, - деді.

- Кеше «Қауынды» мен «Жаңа орпа» жаққа барып қайттым, - деп Сайлау шылымын тұтатты. - «Қауындыда» алты скважина қазыпты. Әзірше мұнай не газ қорының көзі білінбейді. Скважинадан газ шығып, бұрғылауды қиындатып тұр. «Жаңа орпада» екі мың елу метрге жеткенде, газ қоры бары байқалды. «Ақсудан» да газ шығыпты.

- Е, қуанышты хабар көп болды ғой. Баяғыда үлкендер «Жердің беті неғұрлым жұпыны, көріксіз болса, оның асты байлыққа толы болады» дейді екен. Солар жер астынан байлық алып көрмеген, қайдан болжады екен десеңші... Маңқыстаудың әр нүктесіне бұрғыны қадаған сайын үлкендердің сол сөзін еске аламын. Қадаған сайын әй осы жерден анау Өзендей көлдететін мұнай, не Теңгенің газындай мол байлыққа тап болсақ деген үмітті сезімде боласың.

..Иә, үміт дегенің адам баласын алға ұмтылдыратын күш сияқты ғой. Жеңіске де жеткізетін сол. Үміт сәулесі жанын елтітпеген адам, тірі өлік тәрізді, өмірдің ыстық-суығы, қуаныш-қайғысынан баз кешіп, бишара бір мең-зең күйге енеді. Тасты тіліп, тау қопартатын да, жота кезіп, жапан-түздің қойнынан байлық іздететін де сол үміт. Міне, мынау жігіттердің көкірегін сол әз үміттің ақ жібек орамалымен желпіп тастап, тағы бір болат бұрғы жер қолтығына еніп барады.

- Ел ырысының тек жер қойнауында болатынын, сол байлықтың тұңғыш көзін ашып, тұңғыш қол тигізетін барлау жұмысшылары екеніне олардың осы Маңқыстауда көзі жетті. Сондықтан олар әзір төсін бұрғы тілмеген тың алаңды көрген сайын «қанша байлық жатыр екен бұл маңда, Өзен, Жетібай секілді сарқылмас мұнай қоры не Теңге мен Доңға секілді газ қоры бұл Маңқыстауда енді кездесер ме екен» деп ойлайды. Неге болса да қолы жетіп, бар құпиясын білгенше, көргенше, адам баласының құштарлығы, қызығушылығы басылмайды емес пе?! Сол іңкәрлік, сол құштарлық бұрғышыларды қажытпай, жасытпай жаңа барлау алаңдарына алып барады. «Ертең осы арадан байлық табамыз» деп ойлайды олар. Сонсын тағы да болат бұрғылар дала төсіне қадалып жатады. Өйткені бәрі сол бұрғыдан басталады ғой. Байлығы бұрғыдан басталған Маңқыстау даласының ертеңі жайлы облыстық партия комитетінің қызметкері Сайын Шапағатов былай толғанады:

- Өмір деген көз ілеспестей жылдамдықпен өтіп жатады екен-ау. Бәрі күні кеше сияқты еді. 1965 жылы Өзен мен Жетібайдың алғашқы мұнайы Отан қоймасына жөнелтілгенде жаңа ғана институт бітіріп келген едім. Алғашқы жылы Маңқыстау мұнайының жылдық өнімі 335 мың тонна болса, қазір 17 миллионға жетіп отыр. Ал оныншы бесжылдық басында бұл өнім 27 миллион тоннаға жетпек. Ол үшін, әрине, ең алдымен барлау жұмыстарын мейлінше кеңейтіп, жаңа мұнай-газ алаңдарын ашу қажет. Мұнай қорын анықтау үшін сынау жұмыстары жүргізіліп жатқан «Темірбаба», газ фонтанын берген «Аламұрын», газ белгісі байқалып отырған «Көкімбай», сондай-ақ «Бекдаш», «Жаңа орпа», «Қауынды», Солтүстік Үстірт, «Ақсу» бас-аяғы 167 мың шаршы шақырым территориясы бар Маңқыстаудан барлаушылардың аяғы тимеген нүктесі қалмай бара жатқаны да осы басты мақсаттан. Ғалымдардың болжамдары бойынша, Каспий теңізінің Маңқыстау жағында да мұнай көзі бар. Сан жылдар бойы теңіздің арғы бетіндегі бакулік бауырластар мұнай қорын Каспийден алып отырғанын ойласақ, бұл болжамның ақиқатқа ұласуы да ғажап емес. Биылдан бастап Маңқыстау барлаушылары Бакудің тәжірибелі барлаушыларымен бірлесе отырып теңіз астының байлығына шабуыл бастайды. Енді бір оншақты жылда Қаспийдің Маңқыстау тұсында анау Сумгаит секілді мұнайшылар қаласы бой көтермесіне кім кепіл!..

Жаңа облыстың алдында тұрған басты мақсат - өнімді барынша молайтудың екінші жолы - өнім беріп тұрған кәсіпорындарының еңбек өнімділігін барған сайын арттыру, ғылым мен техниканың жетістіктерін тиімді пайдалана отырып, жер астының байлығын халық игілігіне жарату үшін мол өндіру. Әлі есімде, алдыңғы жылы Өзен мұнай кәсіпшілігі мемлекеттік жоспарды орындай алмай, «о баста Өзен мұнайының қоры дұрыс есептелінбеген, ал шынында жыл өткен сайын мұнай азайып кеткендіктен, өнімнің аз болуы заңды ғой» деген сыпсың лақаптар да шықты. Содан Москвадан әдейі шақырумен ғалым-мамандар келіп, зерттеп мұнай қорының ешқандай қате есеп-телмегенін, тек көп кабатты мұнайды өндіру әдістерін жетілдіру қажеттігін анықтаған. Әйтеуір жаңа облыс болып отау тігуі Маңқыстау еңбеккерлеріне жаңа қарқын әкелді: барлау жұмыстары жөнінен де, мұнай және газ өндіру жөнінен де жоспар артығымен орындалды.

Алдағы екі жылда барлаушылар Оңтүстік Жетібай, Қарамандыбас, Асар секілді жаңа алаңдарды өндіріске берумен қатар, бұрғылаудың облыс бойынша жалпы көлемін 350 мың метрге жеткізуді жоспарлап отыр. Облыс отау тіккеннен кейін-ақ барлаушылар мен бұрғышыларға қызмет ететін біріккен мекемелердің құрылуының барлау жұмысы үшін үлкен маңызы болды. Әйтпесе, шартарапқа созылған Маңқыстау даласының әр түкпіріне машинамен қатынау біраз қиындықтарға кездестіретін. Қазір қай барлау нүктесіне барамын десең де, «АН-2» самолеттері әзір, барлаушылар мен бұрғышылардың ерттеулі аты деуге болады.

«Маңқыстаудағы барлау-бұрғылау жұмыстары» дегенде көп адамдар тек мұнай мен газға ғана қатынасты деп ойлайды. Себебі осынау сырт көзге сүреңсіз, бірыңғай сұрғылтталып, қатпар-қатпар таулары уақыттың өзі салған әжіммен мылжаланып жататын Маңқыстау даласының қойнында темір де, мыс пен мырыш та, тіпті алтын мен күміс кендерінің де белгілері барын екінің бірі біле бермейді. Бірақ сейсмикалық барлау жұмыстарының қорытындысына қарағанда, бұл дала осы байлықтардан да құралақан емес.

Маңқыстау байлығы хақында сөз болғанда, көп ауызға алына бермейтін, бірақ мән-маңызы зор тағы бір сала бар. Ол - Маңқыстау карьері. Бұл даланың таулары туралы ақындар «мүжік-мүжік қатпарланған төбелер» деп жүр. Сұлулыққа бас иіп, әсем дүниемен рухтанатын ол жандарды айыптауға болмайды, себебі олар шындықты ғана айтады ғой. Сол мүжік таулардың өзі халық игілігі екенін көпшілік біле бермеуі мүмкін. Ал бұл таулардың тасы - табиғаттың өзі дайындап қойған құрылыс материалы. Шетінен барып ал да, үй саласың ба, сарай саласың ба - қалай бер. Әсіресе, Жетібайдағы карьердің тасын айтсаңшы! Түсі қызғылт, ал беріктігі  ең жоғары сапалы цементтен құйғандай ғой. Москвадағы ВЦСПС-тің, Киевтегі Ғылым академиясының үйіне, Алматыдағы В. И. Ленин атындағы сарай мен Үкімет үйінің құрылысына Жетібай карьерінің материалы пайдаланылуы тектен-тек емес. Мұндай арзан құрылыс материалдарын өндіретін карьерлер Бейнеуде, Форт-Шевченкода, Ералиевте және Шевченко мен Өзенде бар. Маңқыстаудың әр нүктесінде қала тұрғызсаң да, құрылыс материалынан мұқтаждық көрмейсің.

 

О, жомарт менің мекенім!

Сонау бір сұрғылт қатыгез дала-шатқалдан

көл-көсір байлық ақтарған.

Ұлдарың көзін ілмейді сенің қамыңмен,

олардың отты көкірегі тұнған тәтті арман.

Көрем мен сенің аласармас асқақ тұлғаңды

қиялда жүрген сәулетті болашақтардан.

 

Ақын дегендер де тегін халық емес-ау. Осы кімнің өлеңі еді? Өмірдің асау арнасына түсіп алып, кейде күнделікті жұмыс бабымен жүргенде байқай бермейсің: туған өлкеңнің өркен жайған бүгінін көріп, оның бұдан да сәулетті болашағы үшін күш-қуатың мен ой-арманыңды жұмсаудың өзі қуаныш екен-ау...

 

Фариза Оңғарсынова,

«МҰНАРАЛЫ МАҢҒЫСТАУ» очерктер циклынан.

1969-1970 ж.ж.

 

 Ой-пікірлер:

 

Аз ғана өмірінде бүтін бір ұрпақтың жүрегінде өшпестей із қалдырған, өз халқына қызмет етуде барлық жаңалықтар мен жақсылықтар үшін үлгі болған үлкен тұлға.

Әбіш  КЕКІЛБАЕВ, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның Халық Жазушысы

 

Сайын Шапағатов – жалғыз Маңғыстаудың ғана емес, күллі қазақтың асыл перзенті. Өмірінің соңына дейін күреспен өткен адам. Сол Маңғыстауда көрсеткен күресі арқылы барлық басқа аймақтарға үлгі-өнеге бола білді. Өйткені «Парасат» қозғалысы құрылғанда басқа жерлерде ондайлар мүлде жоқ еді. Ол Тәуелсіздікті соншалықты аңсады. Бірақ оған санаулы күндер ғана қалғанда көз жұмды. Оған дейін аянбай, тынымсыз жұмыстар жүргізді. Сондықтан Сайын Шапағатов Қазақстанның есейіп, ұлттық рухының көтерілуіне көп еңбек еткен адам деп білемін. Тарихи тұлға!

Темірхан МЕДЕТБЕК, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

 

Сайын Шапағатов өз кезеңіндегі қазақтың алғашқы ұлтшыл-демократтарының бірі болды. Сайын ағамның өзінің мұнай туралы, мұнайшылар жайында, Қазақстанның жер асты байлығы туралы кішкентай кітапшасы болды, қолында сонысы бар. Елдің, жердің байлығы, ұлттың рухани байлығы, жоғы мен бары, мемлекет мүддесі жөнінде керемет әңгімелер айтты. Айта-айта келіп, сөзінің соңында «біз тәуелсіздікті тезірек алуымыз керек. Ұлт соған дайын болуымыз керек. Ұлан-ғайын жерді аз ғана халық өз бірлігімен, білім-білігімен игеретін кез келді» деген бағытта шешіле сөйледі. Ол тек қана эмоцияның, сезімнің адамы емес, білікті саясаткер ғой. Соның бәрін жан-жақты қамтып айтты... Ол сонымен қатар Мәскеуге, халық депутаттарының съезіне, Колбинге үсті-үстіне телеграммалар жіберіп, ел ішіндегі ахуалды, бұқара жұртшылыққа қатысты үрдістерді баян етті. Онда ядролық қаруды сынауды тоқтатуды, қазақ жерінде жапа шеккен Арал, Балқаш, Каспий, Орал өңірін құтқару жұмыстары жөнінен мәселе қоюға шақырған үндеулерді қызу қолдаған. Ең бастысы – Маңғыстау өңірінің экологиясы, әлі күнге дейін зарарсыздандырылмай келе жатқан улы көл, атом электр стансасының қауіпсіздігін қамдау сияқты проблемалар көлденең қойылған. Ашық карьер Маңғыстаудың ауа-райын бұзды. Ең сорақысы – уран өндірісіне кедергі келтіреді деп төбемізге келген бұлттың өзін тарату мәселесі тұрды. Оны әдейі атып, жаңбыр жауғызбайды. Онсыз да жауын-шашыны аз өңірге осындай қасақана қиянат жасалды. 1991 жылы Маңғыстау облы-сының қайта құрылу салтанатты жиналысына келген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Парасат» қозғалысы және оның төрағасы Сайын Нәдірұлы Шапағатовтың қоғамдық жұмыстарына жоғары баға беріп, болашақта облыс басшылығының «Парасат» қозғалысы облыстық Кеңесімен санаса-ақылдаса отырып, облыстық деңгейдегі мәселелерді бірлесіп шешу қажет екенін айрықша айтқаны ел есінде. Бұл «парасаттықтар» үшін, жалпы жұртшылық үшін алдағы толағай табыстарының басы болды, оларға ерекше серпін берді.

Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы

 

Сайын Шапағатовтың аты аталғанда көз алдыңа қара халықтың арын арлап, жоғын жоқтаған ақберен Азамат келеді. Тұла бойынан туған жерінің өзімен біте қайнасқан даласының иісі аңқыған, өзі арман еткен жемісінің дәмін көп тата алмай, «тар жол тайғақ кешудің» қиын соқпағында өмірден ерте кеткен ерекше бір болмыс иесі келеді. Өйткені ол бүкіл бітім болмысымен «Ата қоныс – ар үшін, әке мен бала, жар үшін, арыдан қалған із үшін, артынан туар біз үшін» (С.Адай) арпалысуды арман етіп, өз халқының тарихы мен мәдениетіне, өткені мен бүгініне қанып, суарылған, шыңдалған нағыз сегіз қырлы семсер еді!.

Отыншы КӨШБАЙҰЛЫ,  жазушы-өлкетанушы


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту