Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
01.06.2020 «БІЗ ӨНДІРІСТЕГІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІ ҚЫСҚАРТПАЙМЫЗ» – АЛИК АЙДАРБАЕВ
   

Нұр-Сұлтан қ.

 «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (бұдан әрі – ҚМГ, Компания) Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев жұмыс сапарымен Атырау және Маңғыстау облыстарына барды.

Сапар барысында Алик Айдарбаев қос өңірдің басшыларымен кездесті. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен COVID-19 індетінің таралуына байланысты Теңіз кен орнындағы жағдай талқыланды. Ал Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовпен кездесуде Компанияның өндіруші кәсіпорындарындағы вахталық ауысымды ұйымдастыру мәселелері қаралды.

ҚМГ басшысы жұмыс сапары барысында еншілес кәсіпорындар, сервистік компаниялар басшылары және кәсіподақ ұйымдарының төрағаларымен де жиналыс өткізді. Өз сөзінде Алик Айдарбаев індеттің алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралардың арқасында кен орындардағы жағдай тұрақты екенін атап өтті. Сонымен қатар, өндіріс орындарында алдын алу шараларын әрі қарай қатаң сақтауды тапсырды.

«Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау бойынша жұмысты жалғастырып, алдын алу шараларын қатаң сақтау маңызды. Бұл – барлық деңгейдегі басшыларға жауапкершілік жүктейді», – деді Алик Айдарбаев.

ҚМГ басшысы Компанияның қаржылық жай-күйіне де тоқталып кетті. Нарықтық жағдайдың теріс әсерін азайту үшін «ҚазМұнайГаз» дағдарысқа қарсы бағдарламаның тұжырымдамасын әзірледі.

«Қазір жағдай күрделі. Компанияны сақтап қалу үшін тиімді шаралар қабылдау қажет. Біз қаржылық жағдайды тұрақтандыруға, шығынды төмендеген кіріске сәйкес келтіруге және дағдарыстан кейінгі кезеңге дайындыққа бағытталған дағдарысқа қарсы бағдарламаның тұжырымдамасын әзірледік», – деп атап өтті ҚМГ басшысы.

Іске асырылып жатқан дағдарысқа қарсы шаралар аясында барлық компаниялар тобы бойынша шығын 146 млрд теңгеге қысқартылды. Орталық аппараттың ұйымдық құрылымы қайта қаралып, қызметкерлер саны 34%-ға оңтайландырылды. Топ-менеджерлердің жалақысы 30%-ға, орта буын басшыларының жалақысы 20%-ға қысқарды. Сондай-ақ, жыл соңына дейін барлық сыйақы мен бонустар алынып тасталды. Дегенмен, қатардағы қызметкерлердің жалақысы бұрынғы деңгейде сақталды. Бұған қоса Орталық аппаратта басшыларға арналған қызметтік көліктен бас тартылды.

«Еншілес ұйымдар туралы айтатын болсақ, өндіріс пен қызметкерлерді жұмыспен қамтылуына қатысы жоқ барлық шығындар қысқартылды. Жағдайға қарай тағы қандай шығындарды азайтуға болатынын алдағы уақытта көре жатармыз. Өндірістегі қызметкерлерді қысқарту жоспарымызда жоқ. Басты міндетіміз – жұмыс орындарын сақтап қалу. Бірлесе отырып, қиындықты еңсеретінімізге сенімдімін», – деді Алик Айдарбаев.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев еншілес кәсіпорындардың басшыларына жолдаған үндеуінде қуат көздеріне сұраныстың және мұнайға әлемдік бағаның төмендеуі Компанияға қалай әсер ететінін айтып берді. Оның айтуынша, жылдың қорытындысы бойынша ҚМГ қаржылық көрсеткіштері едәуір төмендейді деп күтіледі. Бұдан басқа, ОПЕК+ келісімі аясында Компания өндірісті азайтады, бұл мердігерлік ұйымдардың тиісті жұмыс көлемінің азаюына әкеледі.

«Сондықтан еншілес және сервистік компаниялардың басшылары қалған жұмыс көлемін жыл соңына дейін тиімді үлестірулері қажет. Мүмкін жұмыс кестесін өзгертуге тура келеді. Осы мәселені жергілікті деңгейде әлі де мұқият пысықтауымыз керек. Бірақ тағы да қайталап айтамын, барлық өндірістік қызметкерлердің жұмыс орындары сақталуы тиіс», – деп тапсырды ҚМГ басшысы.

Атырау облысына сапары барысында ҚМГ басшысы біріктірілген газ-химиялық кешені құрылысының барысымен де танысты. Қазіргі кезде жобаның дайындығы 66%-ды құрайды. Жалпы құрылыс жұмыстары аяқталып қалды. Сыйымдылық және жылу алмастыру жабдығының, металл конструкциялардың және құбырлардың монтажы жүргізілуде. Алдағы кезеңде күрделі технологиялық жабдықтың құбырларын жинақтау, монтаждау және бекіту жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Алик Айдарбаев Атырау өзен портына барып, онда Оңтүстік Кореяда жасалған аса маңызды өте ауқымды жабдықтың теңіз көлігімен жеткізу барысымен танысты.


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту