Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
09.06.2020 ЕҢБЕГІ ЕСКЕРТКІШКЕ БАРАБАР
 

Мұнайшы Хадиша Нұрашева туралы мөлтек сыр

 

Хадиша Нұрашеваның кіндік кескен  атакүлдігі - Жетібай кенті. Ол дүниеге келген 1965 жыл Жетібай мұнайының даңқы алысқа озған тарихи кезең еді. Мұнайшы Демеудің шаңырағында өсіп келе жатқан кішкене бүлдіршін қызбен бірге Маңғыстау да түлеп, Жетібайға ілесе, Қаражанбас, Қаламқас сияқты ірі мұнай-газ кен орындарына қоса жер-ананың төсінен жеделқабат кенорындар бірінен соң бірі ашылып жатты. Байлық шыққан жерден несібеге қоса атағы жер жарған мұнайшылардың аты да дүмпіп тұрды. Хадишаның ғана емес Жетібайдың тоқал тамдарының арасында  шыбықты ат қылып мініп, онсыз да шаңы бір басылмайтын шолақ көшелерді құйынға қосылып шаңытып жүретін  бала біткеннің естігені де, бойына сіңіргені де осы мұнай мен мұнайшының хабары. Үйде де әкесі Демеудің Жетібайдағы алғашқы мұнай бұрқағы туралы, өзінің көзбен көргені, куә болғаны да өз алдына ертегі іспеттес бір хикая. Әкесі сонда бала қиялында баяғының отпен алысқан батырларындай көз алдында зорайып бара жататын...

Құдды иіліп, сәлемін салып тұрған жаңа түскен жас  келіндей қырдың төсінде качалкалар да бала қызбен бірге күн санап көбейіп жатты. Осының бәрі жеткіншек  Хадишаның өмірлік ұстанымын айқындап берді десе болады. Балаң арманына тезірек жеткісі келіп, 9-сыныпты бітіре салысымен, облыс орталығындағы №11 қалалық кәсіптік техникалық училищесіне оқуға асықты. Таңдағаны – мұнай газ операторы мамандығы. Оқуды оқи жүріп, Жетібай мұнай-газ өндіру басқармасынан өндірістік тәжірибелерден өтті де 1983 жылы осында келіп №1 мұнай газ өндіру цехына орналасты.

О тұста өндіріске келген жас маманды тәжірибелі мамандардың қарамағына бекітіп тастап, тәлімнен өткізеді. Хадишаның бағына өз ісінің хас шеберлері  Нафира Медетбаева мен марқұм Кесікбай Қонысбаев ағай тап келді. Өздеріне  шәкірт болып бекітілген жас маманға мол тәжірибелерін, барлық білім-біліктерін, мұнай саласының сырын бүге-шүгесіне дейін санасына сіңіріп, еңбекке деген құштарлыққа баулыған ұстаздарының алдынан үйренгені әлі күнге сабақ. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, талапты маман аз уақыт ішінде ысылған кәсіп иесіне айналды.

Ол кездегі өндіріс бүгінгі өндіріс емес, жағдайы мәз емес. Күні-түні качалка аңдыған, май алып, май тапсырып жататын мұнайшылардыкі бір жанкешті тірлік еді. Жұмыстың қиындығын да көрді, үй көрмей кететін, топтық қондырғының басында түнеп, қонып қалған кездері, қыстағы үскірік аяз бен шілденің шыжыған ыстығындағы керзі етікпен жүрген  бейнет қазір көрген түстей. Бүгінде техниканың дамыған заманының рахатын көріп жатқаны бар, басшылықтың барлық жағдаймен мұнайшыны қамтамасыз еткені бар - жұмыс процесі анағұрлым жеңілдеді.

Өзі еңбек ететін 23-топтық қондырғының жұмысы қарқынды. Негізгі қызметі – мұнай өндіретін ұңғылардың сальниктерін, ременьдерін қадағалау, қысымды өлшеу, ұңғылардың кідіріссіз жұмыс жасауын қамтамасыз ету, качалкадан құйылып келіп, арнайы ыдыстарға келіп құйылған мұнайды есептеп әрі қарай жолдау сияқты толассыз тірліктер. Хадиша Демеуқызы осы бағытта жүктелген міндеттерді тиянақты атқарып келеді, білімін жетілдіріп оқып, жаңа техниканың тілін меңгеріп, сапалы жұмыс жүргізіп жүр. Өндірістік процесті ұйымдастыруда өзін біліктілігі жоғары  маман ретінде танытты. Жоғары кәсіптік деңгей және өз ісіне деген жауапкершілік оған жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Ол бар жиған тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп, енді баяғы Нафира апай мен Кесікбай ағайы сияқты өзі де жас мамандарға да тәлімгер болуда. Қанында бар тұрақтылық пен еңбексүйгіштігінің шығарған ұшпағы - ұжым арасында зор құрмет пен беделге ие. Қарамағына келген жастар осы жерде тапжылмай 38 жыл жұмыс істеп келе жатқанын естіп, Сізге осы топтық қондырғы басынан «ескерткіш» қою керек деп әзілдейді екен.

- «Жас кезімде жұмыстың қиындығын айтып, ата-анама наз қылып арызды көп айтатын едім. Содан бір күні әкем: «Балам, адам-пенденің басына не келіп, не кетпеген?! Барлығына көн, шыда. Сол кезде ғана сен діттеген мақсатыңа жетесің, ақ адал наныңды жейсің», деген еді. Айтқанындай, бүгінде осы жерден астатөк мол нәсібімді жеп, аузымыздан ақ май ағып отырған жайым бар. Шүкір, бәріне де тәубе деп отырамын деген  Хадиша апай бізбен әңгімесін онан әрі сабақтап:

- Мұнайшы болсам деп бала күнімнен аңсаған арманыма жетуім бір жетістігім болса, ана атануымды да Құдайдың берген басты бақыты  деп білемін. Үкілеген үмітім қызым – Айгерім, 7-сыныпта оқиды, оқу үздігі, мәнерлеп оқудың шебері, кино-байқауларға жиі қатысып жүреді, актерлік жолды армандайды. Бар тілегім – баланың бақыты, елімнің амандығы, туған Жетібайымның әлі де сонша буын ұрпаққа берер ырысынан арылмауы», - деп  сөзін түйіндеді.

Хадиша Нұрашеваның ұзақ жылғы еңбегінің  еленгені  - «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Құрмет грамотасы, «Қазақстан мұнайына 120 жыл» медалі, «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы» және тағы да сол сияқты бірнеше марапаттары.

Отбасына ұйытқы болған, замандастарына сыйлы, өзінен кейінгілерге ақылшы болған – ана Хадиша, мұнайшы Хадиша  апамыз осындай адам. Осындай жандар барда – еңсе биік, көңіл шуақты. Лайым, аман жүріңіз Жетібайдың Хадишасы!


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту