«Партиялық тізімдерге халықтың әртүрлі бөлігінің өкілдері, беделді, азаматтардың сеніміне ие болған отандастарымыз кіруі тиіс. Әлеуметтік партиялық лифтті қамтамасыз ету – партиямыз үшін басты міндеттердің бірі. Сондықтан партия мүшелерімен қатар қоғам өміріне бей-жай қарамайтын, дарынды да креативті барша қазақстандықты алдағы праймеризге белсенді қатысуға шақырамыз».
Елбасы, Партия төрағасы Н.Ә.Назарбаев
Қоғам дамуы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен қатар, саяси арнада да жаңа қадамдардың жасалғанын, жаңа технологиялар мен тәсілдердің айналымға енгенін қажет етеді. Бүгінгі қоғамның басты талабы ашықтық пен теңдік болса, батыс елдерінің сайлау тәжірибесінде жүйелі түрде қолданылып келе жатқан партиялық праймериз ұғымы осы сұраныстардың жауабы.
Праймериз – АҚШ саясаткерлерінен бастау алған, партия белсенділерін ашық әрі әділ таңдау тәсілі. Қазақ тіліндегі мағынасы – «іріктеу», «алдын-ала сайлау» немесе «алдын-ала дауыс беру» деген ұғымды білдіреді. Мақсаты – нақты саяси бәсекелестік негізінде ашық ойлы, әлеуметтік мәселелерді шешуге деген құлшынысы мен қабілеті бар мықты лидерлерді анықтау. Бұл, бір жағынан партияның өз ішіндегі мықтыларын іріктеуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан партиямен ниеттес қоғам белсенділерін партия қатарына тартудың бірден-бір құралы.
Праймериз туралы Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Назарбаев үстіміздегі жылы наурыз айында өткен партияның Саяси кеңесі бюросының отырысында «Бұл партия атынан мәселелерді шешетін ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік беретін дұрыс шешім деп санаймын» деген болатын. Осылайша халықаралық тәжірибе мойындалған партияішілік іріктеу тәсілін елімізде алғашқылардың бірі болып «Nur Otan» партиясы қолданысқа енгізді.
4-қазан күні Праймеризге қатысушылар мәре сызығына келіп жетті. Екі жарым айға жуық уақытқа созылған саяси додаға республика бойынша 10 990 кандидат қатысса, Маңғыстау облысынан 330 кандидат бақ сынасты. Олардың ішінде өзіміздің әріптестеріміз Маңғыстау ауданы атынан шыққан «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ бастығы Н.Сәрсенбай, жас геолог Е.Ещанов, мұнайшы-инженер Ж.Ешманов, Бейнеу ауданынан азаматтық қорғаныс жөніндегі маман Р.Түзелов, Қарақия ауданынан «Жетібаймұнайгаз» ӨБ бастығының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Б.Дусупов, қолданыстағы бұйымдарды прокаттау-жөндеу цехының басшысы Ж.Нығыметов, Ақтау қаласынан жұртшылықпен байланыс жөніндегі маман Ғ. Әбдісадық бар.
Жалпы көрсеткіш жаман емес. Компаниядан шыққан кандидаттардың бәрі де Праймериздің келесі кезеңі – партиялық тізім жасақтау сатысына жіберілді. Демек, мұнайшыдан шыққан қоғам белсенділері түрлі деңгейдегі маслихаттар мен ҚР мәжілісіне депутат ретінде қарастырылатын болады.
Қадірлі әріптестер! Баршамыздан тыңғылықты дайындық пен қажырлы еңбекті талап еткен «Праймериз» елімізде тұңғыш рет өтіп жатырған шара ретінде қай-қайсымыз үшін де жаңалық болғаны сөзсіз. Соның ішінде, саяси өмір жолына жаңа келіп жатқан өзім секілді жастарға мықты мектеп, зор тәжірибе болды деп білемін. Праймериздің әрбір сатысы өзімізді жаңа қырымыздан ашуға, діттеген мақсатымызға қол жеткізу үшін қандай дағды мен қасиеттердің болуы керек екендігіне көз жеткізуге мүмкіндік берді.
Осы орайда, өзімді қолдап дауыстарын берген барша замандастарыма алғысымды айтамын. Сіз артқан сенім мен үшін аманат. Аманатқа қиянат жоқ деп тәрбиеленген халықтың ұрпағымыз ғой, алдағы іріктеуден де сүрінбей өтіп жатсам, сенімдеріңізден шығуға тырысып, адал еңбекті ту еткелі отырмын.
Ғ.Ғ.Әбдісадық |