Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
09.11.2020 COVID-19: ДЕРТТІҢ АЛДЫН АЛУ МАҢЫЗДЫ
 

Короновирус, яғни COVID-19 індеті бүкіл әлемдік деңгейдегі денсаулық сақтау министрлігін қатты алаңдатып отыр. Осы індеттің 1-ші толқыны кезінде әлем бойынша бірнеше миллиондаған адамдар осы ауруға шалдығып, еңбекке жарамсыз болғандары, өлімге ұшырағандары, аз мөлшері жазыл-ғандары бар екені мәлім.

Бұл індетке көпшіліктің аса көңіл аудармай, денсаулықтарына салғырт қарап, дер кезінде дәрігерге қаралмағандары кездесті. Ерекше айтатын мәселе - індеттің асқынған түрімен күресу, оны емдеу, сауықтыру мүмкіндігі өте төмен. Аурудың алдын алуға және бұл індет келген жағдайда қандай шараларды білу тиіспіз. Осы жөнінде баршаңызға арнап мәліметтер жариялауды дұрыс деп есептедік.

Алғашқы вирус белгілері инфекциядан кейінгі COVID-19 3-ші күн вирус жұқтырғаннан кейін пайда болады.

● 1-кезең : Денедегі шаншу

Көз шаншуы

Бас ауруы

Құсу

Іш өту

Мұрыннан су ағу, бітелуі

Көз қызару

Дәретке шығарда қышыну

Қызу белгілері

Тамақтың ауыруы.

● 2-кезең: Дәм және иіс жоғалту

Аз күш жұмсау арқылы шаршау

Кеуде ауруы

Құрғақ жөтел

Бел, бүйрек ауырсынуы

Жүйке жүйелеріне әсер етуі.

● 3-кезең-емдеу

9-шы күні сауықтыру кезеңі, ол 14-ші күнге дейін созылуы мүмкін.

Өзіңді және айналадағы адамдарды қорғаудың ең жақсы тәсілі – қолдың гигиенасы мен респираторлық гигиенаны қатаң түрде сақтау. Айналадағы адамдармен мүмкіндігінше кемінде 1 метр қашықтықты сақтау қажет. Жақын маңда жөтеліп немесе түшкіріп тұрған адам болған жағдайда бұл шараны сақтау өте маңызды болып табылады. Кейбір инфицирленген адамдарда ауру белгілері болмағандықтан немесе ауру жеңіл түрде өткендіктен, барлық адамдармен физикалық ара-қашықтықты сақтау - COVID-19 тараған аймақтарда болатын адамдарға ең дұрыс шешім болып есептеледі.

Өздігінен оқшаулануды COVID-19 клиникалық белгілері бар адамдардың айналадағы адамдарды, соның ішінде жақындарына жұқтырмау мақсатында өз еркімен қабылдағаны маңызды. Өздігінен оқшаулану кезінде COVID-19-дың жоғары дене қызуы, жөтел және басқа да белгілері бар адам үйінде қалады, жұмысқа, оқуға немесе қоғамдық орындарға бармайды. Бұл өз еркімен немесе дәрігердің ұсынысымен жасалады. Келесі іс-әрекеттер тәртібін ұстану қажет:

- Аурудың жеңіл түрі бар адамдар өздігінен оқшаулану керек (медициналық көмек көрсету керек емес)

- Жақсы желдетілетін, кең, санитарлық торабы бар бір бөлмеде болу керек, қолды гигиеналық өңдеуге қажетті заттармен қамтамасыз етілуі тиіс.

- Адамдармен, тіпті отбасы мүшеле-рімен 1 метр арақашықтықты сақтаңыз.

Егер ентігу сияқты белгі пайда болса, онда міндетті түрде тез арада мүмкіндігінше телефон арқылы дәрігер көмегіне жүгіну қажет. Жақсы көңіл-күй мен сергектікті сақтауға тырысыңыз: жақын адамдарыңызбен телефон немесе интернет желісі арқылы байланыста болыңыз және үйде дене шынықтырумен айналысыңыз.

Өзіндік карантин – COVID-19-ды жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болған адамның клиникалық белгілер болмаса да оқшаулануы. Өзіндік карантин барысында денсаулығыңыздың жағдайы мен клини-калық белгілерді өз бетінше бақылауыңыз қажет. Карантин COVID-19-ды жұқтыр-ғандармен қарым-қатынаста болуы мүмкін, бірақ ешқандай клиникалық белгілері жоқ адамдарды физикалық оқшаулау немесе қызметін шектеу дегенді білдіреді. Оқшаулану ауру таралуының алдын алу мақсатында COVID-19-дың клиникалық белгілері бар науқастардың қарым-қатынасын шектеу. COVID-19-ды жұқтырған уақыттан бастап, клиникалық белгілердің пайда болуы арасындағы кезеңнің ұзақтығы 5-6 күн, бірақ 1 күннен 14 күнге дейінгі аралықта болуы ықтимал. Тұрмыстық дезинфекциялаушы заттармен көптеген бұйымдардың бетін өңдегенде вирус толығымен жойылатыны туралы біз білуіміз керек. Зерттеу мәліметтері бойынша COVID-19 вирусы пластмасса мен тот баспайтын болат бетінде 72 сағат, мыста 4 сағаттан кем және картон бетінде 24 сағаттан кем тіршілік етеді. Дүкенде айналаңыздағы адамдармен 1 метр ара-қашықтықты сақтаңыз және қолыңызбен көзіңізді, ауыз және мұрныңызды ұстамаңыз. Мүмкіндігінше азық-түлік себетінің немесе арбаның тұтқасын қолданар алдында антисептикпен өңдеңіз. Дүкеннен келген соң және азық-түліктерді сұрыптаған соң қолыңызды мұқият жуыңыз.

Қазіргі таңда COVID-19-ды азық-түліктер немесе олардың қаптамасы арқылы жұқтыру жағдайлары тіркелмеген. COVID-19-ды азық-түліктер немесе олардың қапта-масы арқылы жұқтыру туралы ешқандай дәлел жоқ.

COVID-19 респираторлық ауру және оның таралу жолы адамнан адамға, инфицирленген адам түшкірген немесе жөтелген кезде бөлінетін тамшылармен тікелей қатынас арқылы жүзеге асады. Коронавирустар тағамдарда көбейе алмайды. Олардың көбеюі үшін тірі жануар немесе адам қажет. Жемістер мен көкөністерді ағынды сумен жуу жеткілікті. Азық-түліктердің қаптамасына қажетті материалдарды дезинфекциялау қажет емес, бірақ қаптамаларды ұстаған соң және тамақтану алдында қолды тиісінше жуу міндетті. Күнделікті тұрмыстық жуу және дезинфекциялаушы заттар үйдің бетіндегі вирустарды тиімді жояды. Үй шаруашылығын тазалау және дезинфекциялау үшін 0,05% натрий гипохлориді (NaClO) мен этанол (70%-дан кем емес) негізіндегі өнімдер сияқты беткейлік вирулицидтік дезинфекциялаушы заттарды пайдалану керек.

COVID-19-дың екінші толқыны жойқын болуы мүмкін, оның қайталану қаупі бар. Бұл туралы ДДҰ Еуропалық аймақтың бюросының директоры Хан Клюге мәлімдеген. Қазіргі таңда короновирустың 2-ші толқынына дайындық жүріп жатыр. Әзірге оның нақты қашан болатыны белгісіз. Қарапайым тәжірибеге сүйенсек, күз айларында вирустың өршитін әдеті бар. Сақтанудың барлықшараларын қолға алуға тиіспіз. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, індеттің 2-ші толқыны желтоқсанда басталуы мүмкін.

Мамандар күзден бастап тұмау сынды маусымдық жұқпалы аурулардың өршитінін ескеріп, қауіптің еселенетінін болжайды. Бұл кезеңде COVID-19 және респираторлық вирустық инфекциялардың ара-жігін ажырату қиынға соғады. Егер екі түрлі сырқат қатар келсе, адамның денсаулығына айтарлықтай қауіпті. Ауруды асқындырып алмау үшін ақпараттық жұмыс жүргізіп, халыққа түсіндіру қажет. Адамдар міндетті түрде дәрігерге көрінуі тиіс, оның қандай инфекция жұқтырғанын тек медицина маманы ғана анықтай алады. Ауыр сырқаттарды ауруханада, жеңіл түрлерін үйде емдеген жеткілікті. Созылмалы сырқаттары бар адамдардың жағдайын жіті бақылауда ұстау қажет. Ғалымдар клиникалық сынақтардың барлығын жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр, яғни індетке қарсы екпе екі рет егілу ұсынылады. Қазақстандық екпе тек келер жылы дайын болуы мүмкін.

Бұл індет кімдерге қауіпті? Адамдарда қан қысымы, қант диабеті, жүрек қан тамырлары, бүйрек, жүйке жүйелері, артық салмақ, буын аурулары, өкпе және тыныс жолдары, жалпы созылмалы сырқаттары бар болса, жасы ұлғайғандардың бұл індетпен күресу қабілеттері төмен екендігін мықты ескеруге тиіспіз. Ауру белгілері білінген жағдайда емханаға тіке жүгірмей үйде отырып, дереу дәрігерден телефон арқылы кеңес алғаныңыз өте маңызды. Ауыра қалған жағдайда тез емделіп сауығу үшін сізге тек дәрігер ғана көмек ете алады. Сақтану шаралары бүкіл ақпарат құралдары арқылы беріліп жатыр. Жас балаларды, жанұя мүшелерін, туыстарыңызды, айналаңыздағы барша жандарды денсаулықты қорғай білу үшін тиісті медициналық шараларды сақтауға шақырамын.

Қорытындылай келе, COVID-19 екінші толқынынан сақтану үшін барлық тиісті гигиеналық және эпидемиологиялық ережелерді қатаң сақтауға міндеттіміз. Денсаулықтарыңыз мықты болсын, ауырмаңыздар!!!

 

Г. Отарғұлова,

«MEDITERRA» ЖШС терапевт-дәрігер


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту