Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
10.11.2020 МҰНАЙШЫЛАР ӘУЛЕТІ
 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2016 жылдан бастап Елбасының «Жалпы еңбек қоғамын құру» идеясын жүзеге асыру мақсатында еңбек әулеттері мен өндіріс жұмысшылары арасындағы республикалық «Еңбек жолы» байқауын өткізіп келеді. Биыл Маңғыстау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы өткізген «Еңбек жолы» конкурсының өңірлік кезеңінде мұнайшылар династиясы арасында Жақсығатовтар отбасы – «Үздік еңбек әулеті» номинациясында жеңімпаз атанып, «Еңбек жолы» байқауының республикалық кезеңіне жолдама алды.

Әлқисса, өткенге көз салсақ.. Отағасы Жақсығатов Мұратбай Жақсығатұлы – 1944 жылы 1 қаңтарда Маңғыстау ауданы, Орта-Еспе елдімекенінде, қазіргі Қаламқас кенорны маңында дүниеге келген. Бұл мекен – балық ұжымдық шаруашылығының орталығы болатын. Әкесі арнайы білім алмаса да, 27 жасында колхоз басқарған басқарма болды. Көз көргендердің айтуынша, ол кісі темірдей тәртіппен өскен, негізі мықты парасатты адам еді. Ал анасы отбасының жағдайын жасады.

Мұратбай аға 1951 жылы сол Орта-Еспеде мектепке барып, кейін Форт-Шевченко қаласының Е.Өмірбаев атындағы орта мектептен орта білім алып шықты. 1961-63 жылдары «Маңғыстаумұнайгаз» тресінің, Жетібай барлау алаңында бұрғышының көмекшісі болып еңбек жолын бастады. Екі жыл жұмыс жасап, 1967 жылы Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институтында мұнай-газ кенорындарын пайдалану және кешенді механикаландыру мамандығы бойынша бітіріп туған түбегіне оралды. «Маңғышлақмұнай» бірлестігінің Жетібай кенорнына келіп жұмысқа орналасты. Осы мекемеде мұнайды өндіру операторынан бастап шебер, цех аға инженері, мұнай-газ өндіру өндірісі бастығы, өндірістік-техникалық бөлім бастығы, кәсіподақ ұйымының хатшысы, басқарма бастығының орынбасары, "Жетібайнефть" МГӨБ партия ұйымының хатшысы лауазымын жұмыстарын атқарды. Ғасырлар тоғысында Мұратбай аға өндірістік-техникалық бөлім жұмысына қайта оралып, ұңғымаларды жөндеу бойынша арнайы құрылған технологиялық қызметті басқарды. 2010 жылы сол жерден - мұнай-газ ұңғыларын жөндеу және күрделі жөндеу қызметі бастығы қызметінен зейнеткерлікке шықты. «Маңғыстаумұнайгаз» жүйесіндегі қырық жылдан астам еңбегі бағаланып, жеке басының өнегесі арқылы барлық істі өрлетуге, өркендетуге өлшеусіз сіңірген еңбегінің арқасында мемлекет пен Компания тарапынан еңбек адамы лайықты болған барлық марапатқа қол жеткізді. Одан кейін де ардагердің тәжірибесі мен білімі сұранысқа ие болып, қазіргі уақытта Мұратбай Жақсығатұлы жас мамандарды өнеркәсіптік қауіпсіздік негіздеріне оқытуда.

Мұратбай аға өңірімізде мұнай игеріле бастаған қиын кезеңді бастан өткерген алғашқылардың қатарында болды. Ағай сол шақты былайша еске алады:

– Ол кездері жұмыс бастап кету оңай соққан жоқ. Жұмысқа жан-жақтан арнайы мамандар шақырылды. Нысандар енді салынып жатқан. Байланыс жоқ, жұмысшыларға арналған асхана жоқ. Техника бұзылған жағдайда байланыс жоқ болғандықтан оны хабарлау үшін жаяу кетеміз, ұжымда ең жасы мен, жасым 17-де. Жол мәселесі де қиын болды. Жол деген аты ғана, ойдым-ойдым. Ол кездері жұмыс өте жай жүреді, себебі техниканың шамасы сол болатын, бірақ жұмысты адамдар өте адал жасайтын. Барлығы қолмен жасалады, жұмыс өте ауыр, екі брезент қолғапты қабаттап киген күнде де канаттың үзіктері қолға кіріп кететін. Кей уақытта жұмыстың реттері болады - инструментті көтеріп түнімен тікеңнен тік тұрасың. Бір күні түнде буровойда жарық сөніп қалды. Бұрғылаушы ауылға барып мастерге айт, таңертеңге дайындасын деп жіберді. Қыстың күні болатын. Жетібайда түнгі сағат 12-ден кейін жарықты өшіріп тастайды. Қолыма бір шелек керосин, бір коробка спичка және екі факель берді. Екі факель берген себебі ит-құс бар, егер кездесіп жатса факель жақ, қасқыр ешқашан отқа жақындамайды деді. Содан сағат екінің шамасында шығып, оншақты километрдей жүріп, ауылға да жеттім, таң да бозарып атты. Сондай сынақтардан өттік. Бірақ соған қарамастан, тынымсыз алға ұмтылдық, түбекті ғасырлар бойғы ұйқысынан оятып, жерасты қазынасын игеруді жүзеге асырдық. Қазір жағдай түзелді. Көптеген мәселе шешімін тапқан, – дейді ол.

Бүгінгі күні кәсіпке баулыған жандарды еске алса - Социалистік Еңбек Ері атағын алған Салық Рысқалиев - ең алғашқы ұстазы. Жақсымбетов Әбілқайыр, Ленин орденін алған Қожахметов Қадыр, Тоқжанов Жолдас секілді тәлім тәрбие берген кісілер көп болды. Мұратқан аға «Олар ғұмыр бойы бір орында отырмайтын, бір мезет демалмай жұмыс жасай беретін сүйегі асыл кісілер еді» , -дейді.

Жұбайы Жақсығатова Айшамен де табыстырған мұнай. Гурьев техникумын бітіріп, Жетібайға жолдамамен келген Айшаның әкесі де, ағалары да мұнайшы екен. Ол алғашқы еңбек жолын еңбекті нормалау инженері болып Жетібай кенорнында бастады. Еңбекті нормалау жөніндегі жұмыстар өндірістің тиімді жағдайларын анықтау, оларды нормалауға бекіту, жұмыстарды жасау кезіндегі атқарылған жұмыстардың деңгейі бойынша еңбек шығындарының қол жеткізілген көлемін бағалау, техникалық және ұйымдық сипаттағы шаралар кешенін жүргізудің нәтижесінде еңбек шығындарын азайтудың экономикалық негіздемесін тексеруді жүргізу сияқты көптеген міндеттерді шешеді. Осы арқылы нақты өндіріс қызметі мен жұмыс көлемін орындаудың есебі шығады. Жолдасының қызметінде қажырлы ісімен танылуына қашан да қасында жүріп, сүйенішіне айналған зайыбы Айша апа көп үлес қосты, сонымен қатар Компания-мыздың өсіп-өркендеуіне білім-білігін, күш-жігерін өндіріске жұмсады.

«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дейді халқымыз. Қос мұнайшының ұл-қыздары да осы мамандықты таңдаған. Ата-аналарының жолын қуып, мұнайшы болғанын мақтан етеді. Бүгінде олар Жетібай кенорнының білікті мамандарына айналды. Үлкен ұлы Қуанғали өндірістік-технологиялық бөлімнің бастығы болса, кейінгі ұлдары Аманғали мен Сұлтанғали мұнай және газ өндіру операторлары болып еңбек етеді.

- Біз мұнайшылардың отбасында өстік, - дейді ағайындылар, сондықтан да біз үшін мамандық таңдау алдын-ала белгіленген нәрсе болды. Бала кезімізден ата-анамыздың жұмыс туралы әңгімелерін тыңдап өстік, ол кездері балабақша жоқ, жұмысқа да бірге еріп баратын уақыттар болды. Сондықтан мұнайдың иісін иіскеп, мұнай мұнараларының жұмыс істеу әдістерін бойымызға сіңіріп өстік. Мұнайшы мамандығы қиын болса да, өте қызықты. Жұмыс бір минутқа да, аязда да, ыстықта да тоқтамайды. Барлық осы қиындықтарға төтеп беру үшін мамандыққа сай техникалық біліммнен өзге сіз күшті мінезге және күшті рухқа ие болуыңыз керек. Ең бастысы - өз жұмысыңызды жақсы көру керек дейді ол. Жалпы, Жақсығатовтар династиясының осы саладағы  еңбек өтілі биыл 60 жылға жуық-тады. Қызы Сандуғаш та ата жолынан алыс кете қоймады – ол Қытай Халық Республикасы, Пекин қаласында «Маңғыстаумұнайгаз» демеушілігімен осы салада білім алып, кейін Анкараның технология университетін бітірді. Қазір осы университеттің Кипрдегі филиалында ұстаздық етіп жүр.

Жақсығатов Мұратбай аға биыл 76 жасқа аяқ басты. Әлі тың.

- «Біз қиын уақытта жұмыс жасадық. Маман тапшылығы болды. Мұнай саласын ілгерілету үшін бар күш-жігерімізді салдық. Күндіз-түні еңбек етуге тура келді. Үй бетін көрмей, жұмыс басында түнедік. Қазір шүкір ғой. Ірі мұнай кешені толассыз жұмыс жасап тұр. Жергілікті халық та бұл саланы меңгерді. Техника жаңарып, ұдайы даму үстінде» дейді сала ардагері. Тіршілік атаулы күн шуағынан, жер-судан нәр алып күн кешетіні секілді, кейіпкеріміз оқып-білуден рухани азық алады. Жылдар бойы «Жұлдыз», «Иман», «Ислам және өркениет» газет-журналдарын жаздырып алып оқиды, теледидардан елдегі, облыстағы, жаңалықтарды ұдайы бақылап отырады. Көп оқыған адам көп біледі, кез келген ортада өзін жақсы, еркін сезінеді, түрлі-түрлі тақырып төңірегіндегі сөзге араласып, пікірін білдіре алады деген ұстаныммен немерелеріне «Балдырған» журналын міндетті жаздырып алып береді, бұл жағдайдың өмірлік үрдіс болып қалыптасқанын қалайды.

- Мұнайшылар білімді болу керек. Сауатсыз инженер болғаннан, сауатты оператор болған артық.Мұнайшы деген уақытпен санаспайтын мамандық. Жалпы табиғи байлықпен жұмыс жасайтын адам, ол балықшы ма, ол мұнайшы ма, кенші ма бәрібір - ол сауатты болу керек. Мұнайдың болашағы туралы қазір әртүрлі сәуегейлік пікірлер өте көп. Менің ойымша мұнайдың қоры өте көп, біздің техникамыздың күші жетіп, алып жүргені - 7 мың метр ғана. Бензин, газ болмаса мұнайдың басқа пайдасы жоқ деген теория дұрыс емес. Макс Планктың айтып кеткен «Вселенной управляет разум» деген сөзі бар. Сондықтан ғаламда басы артық нәрсе жоқ деп тұжырымдаған Мұратбай Жақсығатұлы - қарапайым, құр мақтаннан өзін алыс ұстайтын азамат. Расында, еңбекпен өсіп, ­ көктеп-көгерген әулеттің өнегелі ісі – көпке үлгі. Бүгінде Мұратбай ата мен Айша анамыз – немерелерінің қызығына бөленіп, бақытына кенеліп отырған  жандар.

Жақсығатовтар әулетінің Елбасының «Жалпы еңбек қоғамын құру» идеясын жүзеге асыру мақсатында өткізілетін еңбек әулеттері мен өндіріс жұмысшылары арасындағы республикалық додада да топ жарарына сенім мол. Осындай еңбекші әулеттердің арқасында компанияда ұрпақтар сабақтастығы сақталып, жинақталған бай тәжірибе атадан балаға мұра болып қалатыны, өскелең ұрпақтың бойында еңбек-сүйгіштік қасиет, өз мамандығына деген мақтаныш сезімі қалыптасатыны сөзсіз.


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту