Мұнай өнеркәсібі сан түрлі мамандықтың басын біріктірген алып кешен. Оның ішінде әсіресе геология саласын айрықша атауға болады. Жер нәрін іздеп, жаңа кен көздерін ашып, мұнай қорын ұлғайтуда геологтардың еңбегі ерен. Міне, осы маңызды салада еңбек етіп жүрген Төребек Әмірхан Төребекұлы жас та болса ауыр жұмыстың жүгін арқалаған «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасындағы №4 мұнай және газ өндіру цехы бастыңының геология жөніндегі орынбасары.
Әмірхан Төребекұлы Маңғыстаудың төл перзенті. Ол 1985 жылы Маңғыстау ауданы, Шетпе кентінде дүниеге келді. Әкесі Төребек Смағұлұлы Маңғыстау ауданының депутаты, бірнеше мәрте мемлекеттік марапаттарға ие болып, құрметке бөленген инженер-құрылысшы болған азамат еді. Осыдан он жеті жыл бұрын өмірден озған әке орынын ойсыратпай балалары бір-бір шаңырақ көтерді. Анасын алақанында аялап отырған кенже ұл Әмірхан бала кезден мұнайшы болуды армандады, соның ішінде геолог мамандығын игеру. Арманы адастырмай Шетпе кентінен орта мектепті бітірісімен 2003 жылы Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы мемлекеттік университетке оқуға түседі. «Инженер-геолог» мамандығын игеріп жүрген балаң жігіт 2005 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасында жүктеуші болып алғаш еңбек жолын бастайды. Еңбек пен білімді қатар алып жүрген мақсаты айқын, жігері жалынды жасты өндірістегі ауыртпалық мұқалтпай, қайта шыңдай түсті. Еңбек жолын жүктеуші қызметінен бастап мұнай және газ операторы, қатардағы техник-геолог, геолог, бүгінде №4 мұнай және газ өндіру цехы бастығының геология жөніндегі орынбасары лауазымына көтерілді. Кәсібі өзіне ұнайтын Әмірхан арайлап атқан әр күніне риза. Жұмыстастарымен бір үйдің балаларындай тату.
«Біздің көздеген мақсатымыз бір - Компанияның дамуы, елдің өркендеуі, жердің гүлденуі. Геологиялық жұмыстың өзіндік ерекшеліктері бар. Мұнай қорын анықтап, өндіріс даласын зерттеу де осы мамандық иелерінің міндеті. Мереке қарсаңында «қара алтын» өндірісінде, оның ішінде барлау-геологиялық қызметтердің жолында жүрген барлық әріптестерімді құттықтаймын. Еңбектері еселене берсін», – деп тілек білдірді. Бүгінде төрт бала тәрбиелеп отырған әріптесіміз табысты еңбектің бүкіл жақсылық атаулының бастауы екенін біледі.
Ел мәртебесін асқақтатар геологиялық зерттеулер ісі әлі де жалғасары сөзсіз, оған 2020 жылы «Үздік геолог» атанған Әмірхандай жастар қашанда дайын! |